Қоғам • 02 Наурыз, 2022

Аудандардың дамуы неге ала-құла?

1128 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысы аумағының 224 мың шаршы шақырымды алып жатқанын қаншалықты мақтанышпен айтсақ, осы алып өңірде шешімін күткен мәселелердің де аз емес екенін ұмытпау керек. Өйткені қазір облыс құрамындағы 17 аудан мен 3 облыстық бағыныстағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай айырма бар.

Аудандардың дамуы неге ала-құла?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Рас, облыс орталығы Талды­қор­ған мен ойын-сауық астана­сы деген атауға ие Қапшағай қаласы және кеншілер мекені саналатын Текелі моноқаласының жағдайы тұтас аудандарға қарағанда тәуір. Бірақ ішкі аймақтар арасындағы диспропорцияны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, облыстың оң­түс­­тігіндегі аудандар мен шығы­сын­­­дағы өңірлерді салыстыру мүм­­кін емес. Әсіресе Алматы қа­ла­­сына жақын орналасқан аудан­дардағы елдің тұрмысы мен тір­шілігі қоңдылау болғанымен, бұл жақта әлеуметтік мәселе қор­да­ланған үстіне қордалана түсуде. Себебі қазір мегаполис маңын­да­ғы елді мекендерде урбанизация үдерісі тоқтаусыз жүріп жатыр. Ішкі миграцияның негізгі көзі де Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарына бағытталатынын өткен халық санағы көрсетіп берді. Статистикаға жүгінсек, былтыр облыстағы тұрғын саны 2 млн 105,2 мың адам болса, соның жартысына жуығы аталған 5 ауданның аумағында тұрады. Бұл жерде тұрақты тіркеуде тұратын адамдардың есепке алынғанын ескерсек, қала маңындағы жабайы көші-қонның нақты үлесін есептеп шығу қиынға соғады.

– Алматы қаласының маңын­да­ғы аудандар мен Талды­қорған өңірін салыстыруға кел­мей­ді. Бұл тұрғындардың күн­көріс деңгейінен де айқын байқалады. Бір ғана қара­па­йым мысал, Іле мен Ақсу аудан­дарының экономикалық жағ­да­йы жер мен көктей. Мұндай дис­про­­порцияны болдырмау керек. Ай­мақ­тар тең дамуға тиіс. Бұл үшін бар­лық ауданды қамтитын бірыңғай эко­­номикалық бағдарлама дайын­да­­луда, – деген болатын өз сөзінде облыс әкімі Қ.Бозымбаев.

Есесіне, Алматы іргесіне қоныс тепкен елдің әлеуметтік сұранысы артып келеді. Өйткені жан басы тоқтаусыз өсіп отырған елді мекен­дер­де баспана мәселесінен бас­тап мектеп, ауыз сумен қамту, та­­биғи газ тұтыну сияқты ішкі сұ­ра­ныс бар. Әрине, бұл жұмысты жергілікті билік атқаруға тиіс. Қазір облыста аудандардың дамуындағы ала-құлалықты жою үшін нақты бағдарлама әзірленіп жатыр.

– Жетісу өңіріндегі диспропорцияны қысқарту және халықтың та­бы­сын арттыру мақсатында да­му­дың басым бағыттары айқын­далып, Іс-қимыл жоспары да­йындалды. Аймақтың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жасақталған. Оған жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын, 19 мың жұмыс орнын құратын 289 жоба енгізілген. Аудандарды біркелкі дамыту үшін жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 94 жоба Талдықорған өңіріндегі жобалар пулына іріктеліп алынды, со­ның негізінде 6 200 жұмыс орны ашылып, кадрлар даярлау ұйым­дастырылады. 2025 жылға дейін­гі инвестициялық портфельде агро­өнеркәсіптік кешен, минерал­ды шикізаттар өндіру мен өң­деу, туризм, жол-көлік транзиті сияқты әлеуетті салалардың жоба­ла­ры бар. Облыстың инвести­ция­лық бағдарламаларын толық іске асырудың нәтижесінде, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 5 пайыздан кем болмайды және 35 мыңдай тұрақты жұмыс орны және шағын және орта бизнесте 75 мыңдай жұ­мыс орны ашылады деп кү­тілуде, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­ма­сының басшысы Жомарт Әмірханов.

Біз жуырда Қорғас кеденіндегі келең­сіздіктер туралы жазып оты­рып, ше­кара маңындағы шаруа түзел­се, сол маңайдағы аудан мен ауыл­дардың жағдайы оңа­ла­ды де­­генбіз. Яғни қазір кеден ма­ңын­да­ғы ауылдардың тұр­ғын­дары үшін қолайлы ахуал қалыптасып отыр­ға­ны анық. Оған Алматы облысы Панфилов ауданының шекара бойындағы ауыл тұрғындарының сөзі дәлел. Тұрғындар қазір «Қор­ғас» орталы­ғы мен «Нұр жо­лы» кеден бекеттері аумағында ша­ғын кәсіптерін дөңгелете баста­ған. Демек кеден қызметінің ашық та таза болуы елдегі сыбайлас жем­қор­лықтың жолын кесіп қана қой­май, адамдардың әл-қуатының жақ­саруына да тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Бұған осы аудандағы тұрғын үй құрылысының жандануы дәлел бола алады. Өйткені болашағына сенімді адам ғана шалғайдағы елді мекендерден баспана сатып алуға, тұрғын үйге сұранысты арттыруға тәуекел етпей ме? Дәл қазір осы көрініс Панфилов ауданында жүріп жатыр. Жақында ауданда жаңадан 280 пәтердің құрылысы бас­талды. Мәселен, Нұркент ауы­лындағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға 1 млрд 384,5 млн теңге қаржы бөлінсе, Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға және инже­нерлік-коммуникациялық желі­лерінің құрылысына 1 млрд 143,6 млн теңге бөлінді. Пәтерлер келер жылы пайдалануға берілсе, аудандағы үй кезегінде тұрған отба­сылардың баспана мәселесі кезегімен шешілмек. Биылдың өзінде наурыз және маусым ай­ларын­да Нұркент ауылынан 240 үйдің кілті тапсырылмақ.

– Биыл ауданда құрылыс саласына айтарлықтай қаржы бөлінді. Жаркент қаласы мен Нұркент ауыл­да­рында тұрғын үй құрылысын абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құ­рылысына, сондай-ақ жоба-сме­­талық құжаттама әзірлеуге 250 млн теңгеден астам қаржы қарас­ты­рылған. Бұл өз кезегінде баспана мәселесін шешуде ай­тар­лықтай септігін тигізеді, – дейді аудан­дағы құрылыс саласы­на жауапты маман Бауыржан Қашқынбаев.

 

Алматы облысы