– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған еді. Бұл ретте біздің институт әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу арқылы аталған тұжырымдаманың жүзеге асуына барынша үлес қосып отыр. Мұндай зерттеулер бірнеше жыл қатарынан қолға алынып келеді. Биыл біз зерттеу нәтижесін таныстыру мақсатында «Қоғам келбеті» жобасын қолға алдық. Бүгінгі іс-шара – сол ауқымды жобаның бастамасы деп біліңіздер, – деді аталған институт директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.
Бұл әлеуметтанулық зерттеулер ақпанның 7-18 күндері аралығында өтіп, оған бас-аяғы 6 800 респондент қатысты. 18 жастан асқан әрбір қазақстандық азаматтың зерттеуге қатысу мүмкіндігін арттыру мақсатында зерттеу әдістемесі бойынша көп сатылы стратификациялық іріктеме түрі қолданылды. Институттың әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова осылай деп отыр.
– Үй шаруашылығындағы әрбір респондент квота бойынша жасы, жынысы және ұлты бойынша іріктелді. Сауалдама face-to-face (бетпе-бет) сұхбат форматында жүргізілді. Зерттеу барысында еліміздің 17 өңіріндегі 185 қалалық және ауылдық елді мекеннің тұрғындары қатысты. Іріктеме өңірлердегі халық санына қарай пропорционалды есептелді. Респонденттердің әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына назар аударатын болсақ, іріктеме көлемінде Қазақстаның ересек тұрғындарының негізгі параметрлері сақталғанына көз жеткізуге болады. Осылайша, 6 800 респонденттің 60,4%-ы қала тұрғындары болса, қалған 39,6%-ы – ауыл азаматтары. Соның 55,4%-ы – әйелдер, ал 44,6%-ы – ер заматтар. Ұлттық құрамы бойынша іріктеме жалпы республикалық көрсеткіштерге сәйкес келеді, – деді бөлім басшысы.
Ж.Кәрімованың айтуынша, зерттеудің негізгі нәтижелеріне мән берген жөн. Мәселен, халықтың өз өмірі мен әртүрлі аспектіге қанағаттану деңгейін анықтау мақсатында респонденттерге бірқатар сұрақ қойылыпты.
– Зерттеу нәтижесінде респонденттердің 65,5%-ы тауарлар мен қызметтердің бағасына, 53,2%-ы өз елді мекенінің экологиялық ахуалына, 51,7%-ы жол сапасына, 45,6%-ы медициналық қызмет көрсету сапасына және 44,7%-ы кіріс деңгейіне қанағаттанбайтыны анықталды. Кейінгі 9 ай көлеміндегі өзгерістерге зер салатын болсақ, барлық позиция бойынша қанағаттанбаушылық артқанын байқап отырмыз. Осылайша, 2021 жылғы маусым айымен салыстырғанда баға деңгейімен қанағаттанбау көрсеткіші 4,4%-ға, медициналық қызмет сапасымен қанағаттанбаушылық 7,5%-ға, экологиялық ахуалға көңіл толмаушылық 13,1%-ға артты, – деді Ж.Кәрімова.
Өңірлердегі нәтижеге көз жүгіртсек, әсіресе Батыс Қазақстан облысында 86,6% респондент тарапынан, Ақмола облысында 81,8% респонденттен, Атырау облысында 78,9% респондент тарапынан азық-түлік бағалары мен қызмет бағаларына алаңдаушылық байқалады. Экологиялық ахуалға көңілі толмайтын респонденттердің салмақты үлесі 4 өңірде тіркеліп отыр: Нұр-Сұлтан қаласында – 66,6%, Алматы қаласында – 58,9%, Павлодар облысында – 68% және Қарағанды облысында – 66,4%.
– Респонденттердің жартысынан көбісі, яғни 60,9%-ы мемлекет халық үніне құлақ асады деп отыр. Сонымен қатар сауалдамаға қатысқан азаматтардың 33%-ы керісінше, мемлекет өз азаматтарының үніне құлақ аспайды, бүгінде бұл қағидат Қазақстанның кейбір аймақтарында толыққанды жұмыс істемейді деген пікірде. Алайда 2021 жылғы маусым айындағы деректермен салыстыратын болсақ, мұндай көзқарастағы респонденттердің үлесі азайды. Оң бағаны көбінесе ауыл тұрғындары, табысы жоғары азаматтар беріп отыр. Қала тұрғындары, табысы төмен және орташа төмен табысы бар азаматтар бұл қағидаттың жұмыс істеуін теріс бағалауда, – деді А.Жолдыбалина.