Медицина • 03 Наурыз, 2022

Кесел жұқтырғаны үшін кемсітпейік

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресми мәліметтер бойынша, елімізде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 80 пайыздан астамы өз ауруының сырына қанық. Әу баста әлемнің әр шалғайында бұл тек теріс жүріске барғандардың ауруы деген түсінік қалыптасқандықтан, әлі күнге дейін қоғамға осы көзқарастан арылу қиынға соғып тұр. Сондықтан АИТВ ахуалды адамдар өз басындағы, отбасындағы жағдайды елден жасыруға мәжбүр.

Кесел жұқтырғаны үшін кемсітпейік

Осы мәселені реттеу үшін жыл сайын 1 наурызда Біріккен Ұлттар ұйымының бастамасымен Нөлдік кемсітушілік күні атап өтіледі. Биыл БҰҰ «Зиян келтіретін заң­дарды жою. Мүмкіндіктерді ке­ңей­тетін заңдар қабылдау» деген ұранмен әрекет етуге көшті.

АИТВ-ға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері Конституцияда және Халық ден­сау­лығы туралы Кодексте және ҚР Денсаулық сақтау жүйесінде заңнамалық деңгейде бекітілген.

Қазір ЮНЭЙДС 95-95-95 стра­тегиясы біздің елімізде де жұ­мыс істеп жатыр. Ол АИТВ инфек­циясының алдын алуды, тестілеу, емдеу мен күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таң­да АИТВ-мен өмір сүретін адам­дар­дың 81 пайызы өздерінің мәрте­бесін біледі, олардың 79 пайызы антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдайды, осының арқа­сында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 86 пайызында вирус залалы басылған.

Еліміздің барлық өңірінде ауру­дың алдын алудың жаңа түрі – жанасуға дейінгі түрі енгізіліп жатыр. ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған Жа­һандық қордың қаржылық көме­гінің арқасында ЖИТС өңірлік орталықтарының 15 зертханасы автоматтандырылған ПТР жаб­ды­ғын алды. Жыл сайын негізгі топтардың өкілдері (инъекциялық есірткіні қолданатын адамдар, интимдік қызмет көрсететіндер, бір жынысты қатынасқа баратындар) және жүкті әйелдер АИТВ-ға көбірек тестіленуде. АИТВ-мен ауыра­тын әйелдердің 98%-ы сау бала табады. АРТ да қолжетімді болып қалды, ол нау­қас­тарға диагноздан кейін бір­ден тағайындалады және тегін бері­леді. Денсаулық сақтау­ды да­мы­тудың 2020-2025 жыл­дар­ға ар­налған мемлекеттік бағдар­лама­сы осы аралықта АРТ-мен қамту­ды 71%-ға жет­кізуді көздесе, қазірдің өзінде бұл 79% құрайды.

– Алайда қоғамда АИТВ-ға байланысты алалаушылық пен кемсітушілік деңгейі жоғары бол­маса, бұл нәтижелер мұнан да жоғары, салмақты болуы мүм­кін еді. Бүгінде кемсітушілікті түбегейлі жоюға баса назар аудару қажет. Бұл АИТВ инфекциясы эпидемиясының өсу қарқынын едәуір қысқартуға ықпал етеді, – дейді ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғы­лыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.

Кемсітушілік нөлі күні қар­саңында ЮНЕСКО қолдауымен Mass Media Team мен ЮНЭЙДС-Қазақстан дискординантты жұп­тың махаббат тарихы туралы plus қысқа метражды көркем фильмін түсірді (біреуінде АИТВ – оң, екіншісі – АИТВ-теріс). Фильм жас фотограф Аян мен оның махаббаты Микидің қарым-қатынасы туралы, олар айналасындағылармен көзқарастары қабыспайтынына қарамастан отбасын құруды армандайды. Әрбір адам бақытқа лайық деген романтикалық трагикомедия. Бейнебаян – «АИТВ – қалыпты өмір сүруге кедергі емес, ал сезім – таптаурын түсініктерге қарағанда әлдеқайда күштірек» дегенді насихаттайды.

 

АЛМАТЫ