Әз Наурызды үлкен-кіші жарыса күтетіні ақиқат. Арқаның аязы бәсеңсіп, күн жылуы да сезіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірі Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқанда, елордалық балалар да мейрамнан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, Астана қаласындағы №57 «Салтанат» балабақшасының балақайлары әз Наурызды ән-биімен, тақпақтарымен қарсы алды. Үш ай бойы Жер-ананы тоңдырған қар мен суық ызғардың кету мен жер аяғының кеңуін, оған қоса Ұзынсарыны күткен, ойын-думанды аңсаған балалардың қуанышында шек жоқ.
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке, – деп бірі тақпақтатса, екіншілері көріністер қойды. Қырықтың бірі Қыдыр ата келіп, балаларға бата берді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген тәмсіл бар. Тектілігі тереңде жатқан еліміздің бала тәрбиесіне баса назар аударғаны белгілі. Әрдайым ұрпағының рухани бай азамат боп өсуіне көңіл бөлген халқымыз баласының дене бітімінің дұрыс қалыптасу мен ақыл-ойының жетілуі үшін ұлттық ойындарды ойнатуды жөн көрген. Қазіргі күні де қала баласы өз тамырынан алшақтап кетпесі үшін балабақшадан бастап халықтық педагогиканы бойларына сіңіріп өсіруде. Оның дәлелі, балақандардың өздері ойнаған, көрсеткен арқан тартысы, қыз қуу ойындары. Бұл салт-дәстүр баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулудың көрінісі.
Басы барлық ырыстың,
Басы барлық ұлы істің,
Құтты болсын, Наурыз тойы –
Ұлы күні ұлыстың!
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».