Туризм • 03 Наурыз, 2022

Kids go free: Ішкі туризмге серпін бере ме?

287 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылдан бастап ішкі туризмді дамыту мақсатында Қазақстанда Kids go free (балалар тегін ұшады) бағдарламасы іске қосылды. Ен­ді еліміздің 10 өңіріне саяхат жасағысы келген әрбір қазақ­стан­дықтың екі жастан он төрт жасқа дейінгі балалары сапар барысында тегін ұшады. Бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты – қазақстандықтарды елдің туристік бағыттарында отбасымен дема­луын ынталандыру. Туроператорлар қазірдің өзінде осы бағдарлама арқылы халыққа сапалы әрі бағасы қолжетімді туристік жолдамалар ұсынып отыр.

Kids go free: Ішкі туризмге серпін бере ме?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәдениет және спорт министрлігінің болжамы бойынша мұндай жеңілдік демалыстың шығынын 30 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал аталған ведомствоның вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, «Кидс гоу фри» турпакетін Қазақстанда тіркелген ресми туроператорлардан сатып алуға болатынын айтады.

«Әуе билеттері неге субсидияланады? Себебі қазақстандықтарға балаларымен еліміздің басқа да өңірлеріне саяхат жасап, жас жеткіншектерге көрікті жерлерімізді көрсетуі мақ­сатында мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Елімізде көрсе көз тоя­­тындай әсем жер­леріміз жетерлік. Сонымен қатар Қазақстанда 13 ұлттық саябақ бар. Ел тұрғындарының басым бөлігі өз өңір­лерінен тыс жерлерге шығып көрмеген. Енді осы бағдарламаның игілігін пайдаланып, басқа да өңірлерге еркін саяхат жасап, әсем жерлерімізді тамашалай алады», деді Ержан Еркінбаев.

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төраға­­сы Дастан Рыспеков бір саяхатқа кете­тін шығынның болжамды есебін шығарып берді.

«Егер сіз туроператорды тартпай, өз бетіңізше ұшатын болсаңыз, сәйкесінше сізге балалар билетінің құны субсидия­ланбайды. Ал туроператордың қыз­метіне жүгінетін болсаңыз, бұл жағ­дайда ваучердің құны 20-30 пайызға арзан болады. Мысалы, бір отбасы Нұр-Сұлтаннан Алакөлге үш баласымен бір аптаға саяхат жасайды делік. Жатын орын мен ұшақ бағасын қоса есептегенде ол отбасының шығыны шамамен 350-400 мың теңге болуы мүмкін. Бұл соманың 100 мың теңгесі балалар үшін барып-қайту билеттеріне кетеді. Енді жоғарыдағы 350 мыңнан 100 мың теңгені алсақ, бұл демалыстың құны 250 мың теңгені құрайды. Сондықтан сіз отандық туроператордың ұйымдастырылған демалысын пайдаланатын болсаңыз, жаңа бағдарламаның мүмкіндігімен аз қаражатқа саяхаттап келесіз», деп сендірді Дастан Рыспеков.

Қай бағыттарға тегін ұшуға болады?

Тегін әуе билеттері әзірге турис­тік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масында айқындалған басым туристік аймақтар­дың (БТА) топ-10 бағыты бойынша ғана қолжетімді. Оларға мына аймақ­тар кіреді: Алакөл көлі, Алматы өңірі­нің тау кластері, Щучье-Бурабай, Баян­ауыл Имантау-Шалқар курортты ай­мақ­тары, Балқаш көлі, Түркістан облысы, Маңғыстау жағажай демалыс аймақтары, Нұр-Сұлтан қаласында MICE-туризмді дамыту (корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге байланысты іскерлік туризм және Байқоңыр ғарыш айлағы.

Тегін билеттер мен балалар санына шектеу жоқ. Дегенмен сапарға шығу алдында мынадай бірнеше жайтты ескерген жөн. Мәселен, Kids go free қосылған туристік өнімді сатып ала отырып, балалар туристік орындардың аумағында кемінде бес күн және төрт түн тұруға міндетті. Егер сіз бірден бірнеше жерге баруды жоспарласаңыз, онда кем дегенде екі күн және бір түн сол орында болуыңыз керек. Тұру уақытының жалпы саны бес күннен және төрт түннен кем болмауы қажет. Бұл жағдайда ба­ла­лар­ға арналған тегін әуе билеттері бірін­ші локациядағы әуежайға дейін және соңғы локациядағы әуежайдан ұсы­нылады. Яғни сіз бір емес бірнеше рет ұшуды көздесеңіз, ең алғашқы және соңғы рейстің билеті ғана тегін болады. Екі мекенжайдың арасындағы билеттер мен көлік шығындарын өз қалтаңыздан төлейсіз.

Сондықтан әр жерде кемінде бес күн және төрт түн тұру арқылы туристік қызметтерді сатып алған тиімді. Осы шарттар бойынша балаларға арналған тегін билеттер барлық жердегі әуежай арасында ұсынылатын болады.

 

Бағдарлама туысқан аралауға арналмаған

Балаларға арналған тегін әуе билет­тері Kids go free опциясы қосылған отандық туристік өнімдер аясында ғана қолжетімді болады. Бұл ретте бағдар­ламаның талаптары бойынша бір ересек адаммен (ата-ана немесе баланың заңды өкілі) екі баладан артық ұша алмайды. Яғни бір ересек адам екі баламен ұшады. Үшінші бала үшін тағы бір ересек билет алу керек. Бағдарлама бір баласы бар отбасы үшін де, көпбалалы отбасылар үшін де қолжетімді.

Сіз қонақүйлерде, отельдерде, лагерьлерде, туристік базаларда, демалыс үйлерінде, пансионаттарда тұра аласыз. Ал туысқандарға немесе достарға бару үшін билет тегін болмайды.

Турпакеттер ішкі туризм саласын­дағы туроператорлар мен турагенттер арқылы неге беріледі? Өйткені тұратын жердің бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде жасалады. Сондықтан тұру шарттары, тамақтану және басқа опция­лар туристердің қалауына және тур­оператор таңдаған орналасу мүмкін­діктеріне байланысты.

 

Алғашқы туристік жолдама сатылды

Аталған бағдарламаға осы күннің өзінде 10 отандық туроператор қосылған. Оның бірі «Кидс гоу фри» бойынша алғашқы турын да сатып үлгеріпті. Бұл – Өскемен қаласының «Артур» туркомпаниясы. Компанияның директоры Айжан Омарбаева осы алғашқы турдың наурыз айына жоспарланғанын айтады. Туған әпкесі сенімхат негізінде бауырымен Наурыз мейрамын тойлау мақсатында бес күнге Түркістанға саяхаттайды. Турдың құрамына ұшу, тұру, міндетті пункттер, сондай-ақ күніне үш рет тамақтану, трансфер, экскурсиялық бағдарлама және гид кіреді.

«Бағдарлама жоспарланған көлемде жұмыс істейді деп үміттенемін, өйткені біз оны күтіп, оны әзірлеуге қатыстық. Бұл бағдарлама бойынша сұраныс бар, қоңыраулар өте көп. Алакөлге жазға өтінімдер бар», деді ол.

Бағдарламаға қосылған SkyWay туроператоры­ның директоры Әсем Қозыбағарова наурыз айында демалғы­сы келетіндердің қатары көп екенін айтты. «Біз Алматы мен Алматы об­лы­сы­ның, Түркістанның көрікті жер­ле­ріне, сондай-ақ жазда Каспий теңізі­нің жағасында жағажай демалысын ұсынамыз. Менің ойымша, Kids Go Free бағдарламасы жалпы ішкі туризмді дамыту үшін және отбасылардың туристік пакеттерге деген сұранысын арттыру үшін жақсы. Бұл процесте біз барлық қатысушыға жұмыс істеуге ыңғайлы болу, кедергілерді азайту және т.б. ере­желерді жетілдіре аламыз», дейді Ә.Қозыбағарова.

Ал Limon Travel туроператорының директоры Алмас Маратұлының пікі­рінше, Kids Go Free бағдарламасы турөнімнің жалпы чегін төмендетеді. Тиісінше, туроператорға турларды сату оңайырақ болады.

«Бағдарламаның шарттарын біз өзіміз, туроператорлар талқылау барысында өзгерттік. Мысалы, бастапқыда турист 4 түн, 5 күн тұратын тур сатып алуы керек деп жоспарланған болатын. Біз бір түнге дейін қысқартуға қол жеткіздік. Сұранысқа келетін болсақ, көптеген адам бұл жай ғана Қазақстан бойынша балаларға арналған тегін әуе билеті деп ойлады. Бірақ біз клиенттерге әуе билетін ғана емес, туристік өнімді де, міндетті түрде тұру, басқа да қызметтерді сатып алу керектігін түсін­діреміз», деді ол.

Туркомпаниялардың айтуынша, қазіргі таңда аталған бағдарлама бо­йынша жазғы маусымға, әсіресе Алакөлге сұраныс көп түсуде. Сондай-ақ Батыс аймағынан жоғары сұраныс түсіп жатыр екен. Батыс өңірінің Алматы, Түркістан сияқты туристік аймақтардан алыс орналасқанын ескерсек, демалыс кезінде екі-үш күн теміржолмен жүргенше, мақсатты бағытына бір-екі сағаттың ішінде жету ыңғайлы екені айқын. Бұл ретте балалар әуе билеттері тегін болған жағдайда, «Кидс гоу фри» бағдарламасы бойынша турларға сұраныс тек жоғарылай түседі деп жос­парлауда туристік нарық өкілдері.

Kazakh Tourism ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, мұндай бағдарламаның мемлекет деңгейінде қолданылуы – әлемдік тәжірибеде бол­маған жағдай. Заң күшіне енген шара мерзімсіз қабылданған. Осы жылға бюджетте бағдарламамен кем дегенде 20 мың баланы қамту көзделсе, сұраныс артқан жағдайда, қосалқы қаражат тартылатыны ескерілген. Екі жыл бойы пандемиядан зардап шеккен туризм саласына ендігі кезде жаңадан дем берілді десе болады. «Кидс гоу фри» арқылы, ел ішінде саяхаттаймын дейтін жанұяға 30%-ға дейін үнемдеу мүмкін болып отыр.