Пікір • 04 Наурыз, 2022

Партия өзгерсе, қоғам да өзгереді

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде осынау саяси ұйымның атауын Amanat деп өзгертуді қолдады.

Партия өзгерсе, қоғам да өзгереді

«Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мəдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тəуелсіздіктің мəңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің жəне жалпыұлттық тұтастық­тың, кең-байтақ Отанымыз­дың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партия­мызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын», деді Мемлекет басшысы.

Саяси партияның өзгеруі – қоғамда болып жатқан өзгерістердің бір бөлігі. Прези­дент партияның атауы өзгеруі­мен қатар, оның ішкі құндылық­тары да назарға алыну керек екенін, ішкі функционалдық жүйесі де қайтадан қаралуы керек екенін жеткізді. Себебі партиялық жүйе расымен де, мемлекеттік басқару жүйесін қайталап келеді. Яғни партия өзінің негізгі қызметінен ауыт­қып кетті деуге болады. Аны­ғын­да саяси партияның негізгі қыз­меті қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір, ашық алаң болу еді. Сол себепті бұл өзгерістер ең алдымен, саяси пар­тияның негізгі қызметіне қайтып келуіне, екіншіден, жаңа заманға сай тәсілдерді қолдана бастау­ға ба­ғытталуға тиіс. Талқылана­тын мәсе­лелер әлеуметтік желі­лер­де, ашық алаңдарда емес, инс­титуционалды мемлекетте бар институттар арқылы жүзеге асуы керек. Сондықтан баса назарды Президент Парла­мент пен мәслихаттарға аударды. Бұлар тек формалды ресурс емес, адамдардың негізгі мақ­саттарына, құндылықтарына жұ­мыс істеуге тиіс. Ендеше бұл тек формалды өзгерістер емес, сапаны жақсартуға бағытталған қадамдар.

«Партия аппаратының жұ­мысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желі­лік кестелер, есеп беру жəне қағаз жүзіндегі іс-шаралар сай­лаушылармен тікелей жұ­мыс істеуді екінші орынға сыр­ғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мəжбүр болды. Сон­дық­тан орталық аппараттың филиал­дармен жəне бастауыш пар­тиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл əдістерін толығы­мен қай­та қарау қажет. Бюрокра­тия мен қағазбастылықтан үзіл­ді-кесілді бас тарту керек», деді Президент. Осылайша, пар­тияның кадрлық жұ­мыс мәсе­лесіне де баса назар аударыл­ды. Шын мәнісінде, сая­си пар­тиялық жұмыс – қоғам­дық жұмыс, қоғаммен, адамдармен, әртүрлі әлеуметтік топтармен істейтін қызмет. Себебі бұл қызмет өндіріс не болмаса шикі­­зат айналасындағы жұмыс емес. Қоғамдық жұмыс дегеніңіз адам­нан, қызметкерден өзгеше қа­сиет­терді талап етеді.

Мәселен, ондай қызметкерге жоғары коммуникация, білім, әртүрлі әлеуметтік топпен сөйлесуге қабілет қажет. Ойын ашық жеткізуі, адамдардың сана-сезіміне, құндылықтарына сай істейтін әрекеттері болуы керек. Партияның құндылықтары мен бағдарламасын елге жеткізе білуге және керісінше, қоғамның мұқтажын партияның ресурсы арқылы шешуге тырысу­ға, соған ұмтылуға тиіс. Сол себепті партияға кадр іріктеу кезінде осындай мәселелерге барынша мән берген жөн. Президент айтып өткендей, сонда ғана функционер емес, көзі жанып тұрған жалынды азаматтар жұмысқа нақты кіріседі.

Партия қоғамның бір инс­титуты ретінде, оның ішінде партиялық әлеуметтік лифттер болуы керек. Адамдар партия­ға біреудің мұқтаждығынан келмейді. Әрбір азамат менің ой-пікірім осы партиямен үндесе­ді, осы партия арқылы өзімнің па­йымымды жеткізе аламын деген кезде ғана саналы түрде саяси институтқа қосылады. Сол себепті қазіргі өзгерістер­ден үлкен үміт күтеміз. Қоғам­да бетбұрыс басталды. Бұдан былай әлеуметтік топтардың наразылығы алаңдарда емес, саяси институттарда айтылады деген үміттеміз. Бізде ондай институт бар. Тек жүйелі қолдана алмай отырмыз. Ендігі мәселе соны бір жүйеге келтіру болып отыр. Жаңа тәсілдер­ге, тың қадамдарға барған жөн. Орталық аппарат пен филиал­дың арасындағы қарым-қатынас өзгеруге тиіс.

 

Айгүл СӘДУАҚАСОВА,

әлеуметтанушы