Бұл игі істі облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. «Қар вахтасы» деп аталған акция аясында еріктілер жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлерінің үйіне барып, олардың аулаларын қардан тазартуға көмектесті.
Қарағанды облысы бойынша Волонтерлер фронт-кеңсесінің басшысы Мәдина Тұрсынбекова аталған акцияға облыстың 16 өңірі қатысқанын мәлім етті.
– Бүгінге дейін 79 іс-шара өткізіліп, оған 299 ерікті атсалысты. Ал 1 наурызда акция аяқталды және «Қар вахтасына» қатысқан ең белсенді волонтерлер марапатталды, – деп хабарлады ол.
Қарағанды медицина университетіндегі «Самұрық» Студенттік республикасының қоғамдық жұмыс министрі Айдос Жамалов жастардың бұл акцияға белсене қатысқанын жеткізді.
– Мысалы, біз төрт ерікті барып, Ханшайым есімді әжейдің қар басқан ауласын тазаладық. Жігіттер қар күресе, қыздар жағы үйдің ішін жинап, тамақ пісірді, – деді ол.
Қарағандылық ерікті жастар «Қар вахтасы» акциясына белсене қатысып, ізгі ниетті игі істердің бел ортасында болғандарын орынды мақтан етеді.
Қарағанды облысы