Қоғам • 04 Наурыз, 2022

Балаларға базарлық

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрын­да «Әгугәй мен Игигәй» музыкалық ертегісінің премьерасы өткен еді. Биылғы «Балалар жылы» аясында ұсынылған қойылым режиссері әрі инсценировка авторы – Нұржан Тұтов.

Балаларға базарлық

 

Айта кетейік, бұл режиссердің дебюттік қойылымы. «Қасқыр мен егінші», «Алдар көсенің айласы», «Күй құдіреті» атты танымдық ертегілер дәстүрлі әндермен әрленіп, Әгугәй мен Игигәй кейіпкерлері арқылы бір желіде баяндалған.

Италиян театрларының эле­менттері астасқан қойылым актер образдары, костюмдер стилі, көше театрын бейнелейтін арбалардың безендірілуімен ерекшеленді. Ансамбльдің сүйемелдеуі спектакль көркемдігін арттырып, балаларға арналған туындының тың бағытын аңғартады. Режиссер ойдан шығарылған кейіпкерлерге Әгугәй мен Игигәй есімдерін таңдау арқылы халық әндеріне басымдық бергендей.

Үш ертегіні бір арба арқылы көрсете білген қойылымның алғаш­қысы – «Қасқыр мен егін­ші». Жақсылыққа жамандықпен жауап беруге болмайтынын айтатын бұл ертегіде түлкі образы балаларға көңіл күй сыйлап, тәрбиелік жағынан да жақсы әсер қалдырды. Ал сахнаға ха­лық ертегілерінен танымал әрі көп­шіліктің сүйікті кейіпкері – Алдар көсе шыққанда кішкентай көрерменнің қуанышы ерекше болды.

Сондай-ақ «Күй құдіреті» аңыз ертегісі – Ақ бөкен бейне­сімен есте қалып, образ жасауда костюмер мен хореографтың ең­бек­тері анық көрінді. Яғни жануар­ды бейнелеуде бірлескен жұ­мыс сахналық сұлулықты бере алған.

Айта кетейік, әні мен биі, ойын-сауығы ұштасқан қойы­лым­ды еңбектеген баладан бас­тап тамашалай алады. Театр репер­туарындағы бұл жаңалық бүлдір­шіндерге тәрбиелік мәні мен маз­мұны жағынан олжа болмақ.