Президент • 04 Наурыз, 2022

Мемлекет басшысы ANTIKOR төрағасын қабылдады

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы атқарған жұмысының нәтижелері мен қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істердің тексерілу барысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы ANTIKOR төрағасын қабылдады

Олжас Бектенов ұсынған деректерге сәйкес 2 айдың ішінде 240 адамның, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді. Олардың қатарында 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.

Кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «тазалығын» қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы баяндалды.

Мемлекет басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы мәлімет берілді. Салалық ведомство жетекшесінің айтуынша, ақпан айында Парламент Мәжілісі негізсіз байығаны үшін жауапкершілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Осылайша, квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметтерінің жұмысына, сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың дербес жауапкершілігі институтын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта «follow the money» қағидаты бойынша қаржылық тергеуді дамытуға, пара беру жөнінде уәделесуге және пара ұсынуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізуге және сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы пысықталып жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.