Қоғам • 06 Наурыз, 2022

Саяси реформа қажыр-қайратты қажет етеді

974 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің әлеуетін жақсартып, халықтың қалтасын қалыңдату жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Осылайша, «Жаңа Қазақстанды» құру идеясын ортаға тастады. Қазіргі таңда экономикалық өзгерістер легі басталып кетті. Бұйыртса, наурыздың орта шенінде Президент саяси реформалар пакетін таныстырмақ.

 

Саяси реформа  қажыр-қайратты қажет етеді

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», деген еді Қ.Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін өткен Мәжілістің отырысында.

Жаңа Қазақстанның бағдарламалық бағыты іспетті болған осы сөзінде Мемлекет басшысы бірқатар салада жасалуға тиіс өзгерістерге тоқталды. Мәселен, Президент құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер ен­гізуге шақырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, олқы­лығы салдарынан елде әлеуметтік тең­сіздік қалыптасты. Жеке атқарушы органдар күрделі жағдай мен азамат­тардың қажеттіліктерінен хабарсыз. Билік құрылымдарының өкілдері халықтың өміріне, олардың ұмтылыс­тары мен қажеттіліктеріне қатысты қате көзқарас қалыптасқанын да атап өтті.

«Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проб­лемасы шешілген жоқ. Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр», деген еді Президент.

Осылайша, қоғамдағы күрделі мәселелерді нақты көрсете отырып, Үкімет­ке Қазақстан даму банкінің қыз­метін қайта құруды тапсырды. Өңірлер­де шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлуге екпін берді. «Са­мұрық-Қазына» қоры қызметін сынға алды. Жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатпағанына тоқталды.

Сонымен қатар қоғамда сынның астына қалған утильдік алым туралы әңгіме қозғап, оған жауапты «Оператор РОП» ЖШС мекемесінің оны жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша тапсырма берді. Соның нәтижесінде бүгінде аталған орталықтың қызметі тоқтатылып, утильдік алым көлемі екі есеге азайды.

Президент бюджетке қосымша кірістер әкелу үшін кедендік бақылауды күшейтуді тапсырды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қытаймен ара­дағы кедендегі былықтардан хабардар екенін жеткізген-ді. Бұл – кейінгі кезде жиі айтылып жүрген мәселе. Қытайдың кеден органдарымен салыстыр­малы статистикадағы сәйкессіздік мил­лиардтаған долларға жеткені жөнінде талай мәрте бұқаралық ақпарат құралдары жазған еді.

Айтпақшы, бұған дейін де елімізде талай мәрте ауқымды жобалар жария­ланған. Бірақ іс жүзінде олардың бәрі өз деңгейінде жүзеге асқан жоқ. Мем­лекет басшысы мұның басты себебі ре­тінде бюрократияны атап көрсетті. Реформалардың сапасыз орындалуы­ның негізгі себептерінің бірі осыған байланысты.

Жалпы, елімізде саяси салада аз шаруа істелген жоқ. Президент саяси реформалардың төрт пакетін ұсынды. Соларды жүзеге асыру аясында 10-нан
астам заң қабылданды. Митингтер туралы шын мәнісінде жаңа заңнама іске қосылды. Партия құру үшін тіркеу кедергілері мен олардың Парламентке өту межесі төмендетілді. Әйелдер мен жастардың Мәжіліс пен мәслихаттарда өкілдік ету аясы кеңейді. Парламенттік оппозиция институты енгізілді, сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» деген баған пайда болды.

Ел тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Адам құқығын қорғау саласында салмақты ілгерілеулер болды. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 130 және 174-баптары декриминалдандырылды және ізгілендірілді. Еліміз Азаматтық және саяси құқықтар
туралы Халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл институты жүйелі нығайтыла бас­тады. Өлім жазасы толығымен алынып тасталды.

Қалай дегенмен «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елімізге үлкен сабақ болды. Тәуелсіздік алғалы отыз жылда жіберген кемшіліктерімізді саралап, дұрыс қадам жасайтын сәт туды. Елді демократиялық дамудың даңғыл жолына түсіретін саяси-әлеуметтік реформа қабылдай­-
тын кезең келді. Осындайда қоғам арасында өзгеріс неге жылдам жүзеге аспайды деген сауал туындап жатқаны жасырын емес. Бұл бір жағынан түсінікті де. Кез келген адам мәселесінің бүгін-ертең шешілгенін қалайды. Алайда мұны жүзеге асыру оңай шаруа емес.

Тарихқа назар аударсақ, кез келген реформаны сәтті жүзеге асыру үшін шыдамдылық пен қажыр-қайрат керек екеніне көз жеткіземіз. «Өркениеттер қақтығысы» атты еңбегімен танымал америкалық саясаттанушы Самюэль Хантингтон мемлекетте жасалатын реформаны жедел жүргізуге қарсы. Әлемдегі саясаттануды зерттеушілер әр сөзіне ден қоятын ғалымның бұлай пікір білдіруі бекер емес. Ақ үйде еңбек еткен, Гарвардта талай түлектің томағасын сыпырған  Хантингтон мырза талай жыл демократиялық елдерде де, автократиялық мемлекеттерде де кеңесші ретінде тер төкті. Бразилияның демократиялық жолға бағыт алуы да осы Самюэль Хантингтон есімімен тығыз байланысты. «Саяси реформа кезең-кезеңімен, «бір сәтте бір мәселе» аясында атқарылса ғана сәтті жүзеге асады», дейді ол. Сондықтан ғалым либеризацияның жедел емес, біртіндеп орындалғанын құп көреді.

Реформа туралы сөз қозғалғанда Францияның президенті Шарль де Голль еске түседі. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан тұралаған үш жолақты елді аяққа тұрғызып, «Бесінші республиканың» қанат жаюына мол үлес қосты. Голлизм идеясының негізін қалады. «Саясаттың ғаламаты» атанған оның басты ұстанымы – іргесі берік мемлекет болатын. Сондықтан халықтың үнін естіп, оған құрмет көрсетіп, талап-тілекті жүзеге асыру голлизм ұстанымының іргетасына айналды. Бір қызығы, Шарль де Голль реформаны жедел емес, сатылап жүргізгенді құп көрді. Соғыстан ыңыршағы шыққан Францияның дамуы үшін күрделі саяси өзгеріс қажет еді. Мұны жете түсінген Шарль де Голль әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда көптеген өзгеріс жасады. Соның нәтижесінде Франция әлемдік аренадағы орнын мықтап бекітті. Айта кетерлігі, де Голль өткенді ұмытпай, тарихтағы француз қайраткерлерінің кемшілігін айта отырып, оларды біржола мансұқтамай, тарихтағы орнына әділ баға беруге де атсалысты.

Мемлекеттің іргетасын нығайту жөнінен Нельсон Манделаға тең келетін ешкім жоқ. Нельсон Мандела елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, өмірінің жиырма жеті жылын түрмеде өткізді. Оңтүстік Африка тәуелсіздікке қол жеткізген соң, демократиялық жолмен ел президенттігіне сайланды. Бес жыл ел басқарды. Бүгінде Мандела бүкіл Африка ерекше қадірлейтін тұлғаға айналды.

Ел тізгінін қолына алғаннан кейін ол Апартеидке кінәлілерге қатаң шара қабылдауға қарсы болды. Мандела бұл ұстанымын заңның үстемдігіне байланысты түсіндіреді. Яғни кінәлілер заң аясында өз жазасын алуға тиіс. Сөйтіп, «Шындық және татулық жөніндегі комиссия» құрып, мәселені революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен шешуді таңдады. Жаңадан қабылданған конс­титуцияны мұқият зерделеді. Осы­дан-ақ Нельсон Манделаның саяси ре­формаларды қаншалықты мұқият жүргізгенін аңғаруға болады. Сондық­тан шығар, оның «саясатта табысты болу – халықты өз көзқарасыңа иландырып, оларға анық, сыпайы, сабырлы әрі ашық түрде түсіндіруді қажет етеді», деген сөзі бүгінде аңызға айналған.

Наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саяси реформалар пакетін жариялайды. Онда ел дамуына қажетті бағыттар айтылатыны анық. Осы орайда, әйгілі шотландиялық реформатор Сэмюэл Смайлстың «Саяси реформа қоғамды мазалайтын сан алуан зұлымдықты емдей алмайды. Ол үшін әлеуметтік реформа, ішкі реформа, жеке реформа қажет» деген сөзі еске түседі. Ендеше, Қазақстанның іргетасы нығайып, қабырғасы берік, шаңырағы шайқалмауы үшін шыдамдылық пен қажыр-қайрат керек.