Қоғам • 07 Наурыз, 2022

Жүз жасаған әжелер

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жүз жасаған қариялары­мыз­­дың, шүкір делік, ортамы­зда жүргені қуантады. Бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қан­шама оқиғаларға куә болған қариялардың өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы әкімдігі алдағы уақытта жүз жа­саған қарттардың өмір жолы, жеткен жетістіктері туралы деректер жинап, аудан архи­він жасамақ. Сол арқылы да өскелең ұрпақты өткен тарихы­мызбен жан-жақты таныс­тырмақ.

Жүз жасаған әжелер

 

Халықаралық әйелдер күніне ар­налған мерекелік іс-шаралар­дың басы аудандарда ғасыр жасаған әже­лерді, көпбалалы аналарды құт­тықтаумен басталды. Мысалы, Ор­да­басы ауданының әкімі Бағлан Ба­тыр­шаев 106 жасқа келген тыл ең­бек­кері Шамбек Рахманованы, 100 жастан асқан тыл ардагерлері Хлауда Кенелдіқызы, Кенже Өткелбаеваны, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың қызы Нағима Жүндібаеваны атаулы мерекемен құттықтады. Иықтарына орамал жауып, мерекелік гүл шоқтарын сыйлады.

Темірлан ауылындағы кенже қызы Алтынның қолында тұратын Шамбек әже 1916 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Бүгінде 15 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана немере, шөбере, шөпшек, неменесін қосқанда 150-ден астам ұрпақтың қазыналы ақылшысы. Ал Ұялжар ауылында тұратын Хлауда әже ел басына күн туған қиын кезеңде ер-азаматтармен қатар кетпен шауып, шиеттей бала-шағасын асыраған екен. «Хлауда анамыз жас кезінде өте еңбекқор болып, айналасына, әсіресе үлкендерге көмектесуді әдетке айналдырыпты. Міне, сол ауылдың аузы дуалы қарттарының «Жүз жаса, бақытты бол!» деген ақ батасының арқасында бүгінде жүзден асып, өсіп-өнген әулетке айналды», дейді әженің ұлы, Бөржар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Данай Ережеп.

Қарияларға деген құрмет, оларға деген қамқорлық тек мерекеде ғана емес, үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Бұл орайда аудан әкімі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиевке ауылдық округтердегі жүзден асқан қарттарға үнемі медициналық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын тапсырды. Ауылдық округ әкімдеріне қарттардың отбасылық жағдайын жиі қадағалап, қолдау көрсетуді жүктеді.

Жүз жасаған әжелерге Арыс қа­ласында да құрмет көрсетілді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова 1922 жылдың 8 наурызында дүниеге келген Бибайша Тостанбекқызын үйіне барып, құттықтады.

Бибайша әже 2 ұл, 2 қызынан – 17 немере, 59 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған жан. Жүзге келген ке­йуананың кенже ұлы – Қалдарбек Наматуллаұлының өзі келер жылы зейнетке шығады екен. Ал әже бүгінгі таңда үлкен ұлы – Рахматтулланың қолында тұрады. Оның жасы – 73-те. Бибайша әженің зайыбы – Наматул­ла қария ғасыр ауысқан шақта, яғни 2000 жылдары бақиға аттаныпты. Еңбек жолын жұмысшы болып бас­тап, іскерлігі бағаланып депутаттыққа сайланған оның көп жылғы еңбегі бағаланып, түрлі награда, медальдармен марапатталған.

Ал 90 жасқа толған Назгүл Әсілова – 11 баланы дүниеге әкелген батыр ана. Аяулы ана бүгінде 6 ұл, 5 қызынан – 52 немере, 58 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр. Айта кетелік, бүгінде Арыс қаласында 2 513 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 568 болса, «Күміс алқа» иегерлері – 1 769, 176 ана «Батыр ана» медалі мен І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері.

Мереке қарсаңында Бәйдібек ­ауда­нында көпбалалы 25 ана алтын мен күмістен алқа тақты. Аудан әкі­мі Ержігіт Шәріпбеков алтын құрсақ­ты аналарды қабылдап, құттықтау лебізін білдірді. Ел демографиясы­на үлес қосып отырған ақ жаулықты ­25 ананың 7-еуі – «Алтын алқа», 18-і – «Күміс алқа» иегері атанды. Жалпы, Бәйдібек ауданында 500-ге жуық «Алтын алқа» иегері және 1300-ге жуық «Күміс алқа» иеленген аналар тұрады. Сонымен қатар 200-ден аса «Батыр ана» мен 300-ге жуық І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар бар.

 

Түркістан облысы