«... Жақындап ажал тұрса да, жаныңа қылыш ұрса да, қалжырап, көңілі қарайып, қара бір көзін жұмса да, өмірге тоймас адамзат!» демей ме Бұқар жырау бабамыз.
Адам өмірінен қымбат не бар? Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаңтар қасіретінен» кейін бірнеше мәрте сұхбат беріп, ашық түрде барлық жағдайды саралап, шұғыл арада жүзеге асырылуға тиіс барлық шараны айқындап, белгілеп берді. Зобалаңды сын-сынақтан өткен халық Президентке сенеді.
Біздің болашағымыздың, елдің елдігінің бүгінгі таңдағы жалғыз кепілі – ел Президенті. Ол осы мақсат-мүдделерді ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру бағыттарын алға тартты. Сол жаңару мен жаңғыруды байтағымыз толық сезінгенде ғана байрағымыздың түзу желбірейтінін бұқараға сезіндіре алды.
Саяси ұйымның атауын Amanat партиясы деп өзгерткен құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі маманмен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі», дей келіп, жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік беру жайын айтты. Өте құптарлық ұсыныс.
Осы жерде білімді саяси менеджерлердің қарапайым адамдардың жан-жүрегіне үңіле алатын, олармен дидарласуға мүмкіндік табатын қасиеттеріне де үңілу керек. Галстук байлап, шіреніп қатып қалған шенеуніктің күні өткенін анық сезіндік. «Жаңа Қазақстанға» жаңаша мінез, жаңаша болмыс қалыптастыру маңызды.
Мен қаламгер ретінде еліміздің түкпір-түкпірін, алыс ауылдарды көбірек аралаймын. Қоғамдық формациялардың алмасуы сол ауылдардың да жан-дүниесін, болмыс-табиғатын қатты өзгертіп жіберді. «Жаңа Қазақстанда» қанағат, рақым, ізгілік, мейірім секілді ұлтты сақтап тұратын ұлы ұғымдар алға шығуы керек. Жастардың бойына елін, Отанын сүйетін патриоттық қасиеттерді сіңіру кезек күттірмейтін міндет болуға тиіс. Ағалар алқасын, ақсақалдар институтын жандандыру – ұлт болып ұйысудың алғышарты.
Қазақта «Есі кірген ескісін іздейді» деген нақыл бар. «Мың өліп, мың тірілген» біздің халықтың көш-керуенін ақ жаулықты аналардың ақ тілегі, ақсақалды қариялардың ақ батасы түзу жолға салып отырған.
Мемлекеттің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығымызды, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ұстаным еткен «Жаңа Қазақстан» идеясына да, Amanat-тың алда атқарар ауқымды жұмыстарына да сәттілік деймін.
Жарқын күндердің жылнамасын бірге жазуға жазсын.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері