Сұхбат • 07 Наурыз, 2022

Лейло Бекназар-Ханинга: Әйелдің күші – әдемілігінде

1341 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Ол – кейде күн, кейде – дауыл, кейде – ана, кейде – қыз, кейде – қатын, кейде – батыр. Құдай-ау, осынша бейнеде кезек-кезек алмасып өмір сүру үшін де Төзім, Талант, Шеберлік керек шығар!» деп тамсаныпты актрисаның сахнадағы шеберлігіне тәнті болған жазушы-драматург Роза Мұқанова.

Лейло Бекназар-Ханинга: Әйелдің күші – әдемілігінде

 

Шынымен де сахнаға шықса от болып жанып, мұз болып қатып мың құбылатын өнер иесінің әр ізденісі – жаңалық. Сахна мен экранда небір арулар мен аналар бейнесінің сәтті галереясын тудырған әртістің өмірдегі болмысы да сондай көркем. Ол – аяулы ана, ардақты жан, ең бастысы жақсы адам. Хадиша Бөкеевадай аңыз адамның ұстаздық тәлімін көріп, мәртебелі Мәмбетовтің мектебінен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Лейло Бекназар-Ханинганың қыздың қос бұрымындай егіз өрілген өмір һәм өнер жолы осы бір өнегесімен өрнекті. Өнері ғана емес, өмірі де сұлу жанмен сырласып қайтқан едік.

– Мен әр спектакль алдын­да қатты қобалжимын. Сах­наға бірінші және соңғы рет шыққандай сезінемін. Жүре­гімнің дүрсілін естимін. Мен спектакльден кейін оңаша қал­ғанды жақсы көремін. Өз-өзіме есеп беріп, қойылымға талдау жасаған ұнайды. Сондай сәтте далаға шығып, жұлдызды аспан астында оңаша серуен құруға жаным құштар. Себебі табиғаттан артық сенің жаныңды ұғатын тылсым жоқ. Мен еркіндікті сүйемін. Сұлулыққа ғашықпын. Осы әдемі әлем менің жаныма шексіз шабыт сыйлайды.

– Есіміңіз ерекше. Таза қа­зақы отбасында өмірге келген арудың Лейло атануының сы­ры неде?

– Оның анау айтқандай үлкен бір тарихы жоқ. Нағашы ағам, яғни анамның бауыры Қисан ағамның үйінде жиі болатынмын. Тіпті сол үйде өстім десе де болады. Мен туғанда ағам мен жеңгем есімімді Ләйлә немесе Әйгерім қоямыз дескен көрінеді. Сөйтіп, ойлана келе Ләйләға тоқталыпты. Бірақ метірке алуға барғанда байқаусызда «Лейло» болып жазылып кетіпті. Сол күннен бастап пешенеме осы есім бұйырды. Ал фамилиямдағы Бекназар – өз атамның аты, Ха­нинга – жұбайымның тегі. Осы­­лайша, Лейло Бекназар-Ханин­га атандық. Маған кезінде қойылмай қалған Әйгерім деген әдемі есім де далада қалған жоқ. Тұңғыш қызымыз өмірге келгенде оған Әйгерім деп ат қойдық.

– Өнер текпен келеді немесе еңбек арқылы қонады деп жатамыз. Бұл сіздің жағдайда қалай?

– Мен негізі Алматының қы­зымын, сол жерде туып-өстім. Әкем ерте қайтыс болып кетті де, анам бес баласымен жесір қалды. Иә, менің нағашы жағым өнер қонған адамдар. Қазақ КСР халық әртісі Камал Қармысов, Матан Мұратәлиевтер анамның жақын туыстары. Сол кісілер Алматыға қарасты Жамбыл ауданында тұратын төркінін уақытша тұрақ еткен анамды Алматыға көшіріп әкеліп, театрға жұмысқа орналастырады. Соның арқасында мен де театр әлемімен ерте таныстым. Екі жасымнан бастап әкем театрдың қойылымдарын тамашалап, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Торғын Та­сы­бекова, Гүлжан Әспетова бас­­та­ған әртістердің ойынына тамсанып бой жеттім. Тіпті ол кісілердің қай спектакльге қан­дай костюм киіп шығатынына дейін жатқа білетінмін. Театрға деген ең алғашқы махаббатым сол кезден басталса керек. Кейін Алматыдағы санаулы қазақ мек­тептерінің бірі №4 мектеп-интернатына қабылданғанда өнерге деген іңкәрлігім мен махаббатым айрықша ашылды десем де болады. Сыныптас құрбыларымды маңайыма топтастырып алып, театрдан көріп келгендерімді интернаттағы 47-ші бөлмеде қайта қойып шығатынмын. Біздің шабыт әдетте ұйқыға бұйрық берілетін түнгі сағат 9-дан кейін басталатын. Тәрбиешілер төсегімізге жатқызып, бізден көз ала бере, бөлме ішіндегі «театры­мыз» басталатын. Төсек жап­­қыштарынан түрлі үлгідегі киім жасап алып, спектакль ой­найтынбыз. Театрдан көріп келген М.Әуезовтің «Қарагөзін» өзім бастан-аяқ қайта жазып шығып, қойылым қойғаным әлі есімде. Осындай қабілетімді сырттай бақылап, бағаласа керек, бірде мұғалім мектепішілік кеште Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Баты­ры атанған қайсар қыз Зоя Космодемьянскаяның рөлін ойнайсың деп тапсырма берді. Ал бұл кейіпкерді ойнайтын адам жыламауы керек. Сонда парталас құрбым мені мықтылыққа сынап көрмек болып, қаламсабының ұшын қолыма әдейі батыратын. Мен болсам, жаным көзіме көрініп, қолым қанша ауырып бара жатса да, міз бақпай отыра беретінмін. Осы әрекетім арқылы өзімше батыр қыздың бейнесіне біртабан жақындайтындай сезі­нетінмін. Қазір ойлап қарас­ам, өзіме өзім таңғаламын. Сол кез­де мен небәрі 7-сыныпта оқи­ды екенмін. Өнер жолындағы ал­ғашқы ізденісім бәлкім осы кезден басталған шығар...

– Сіз туралы КСРО ха­лық әртісі, аңыз актриса, ұста­зыңыз Хадиша Бөкеева: «Ме­нің шәкіртім Ләйлә – тентек. Ерке. Бірақ батыр да. Сах­надағы жұмыстарына мен көңіл қоямын. Қабылдаймын. Ри­замын. Ләйлә трагедияны да істеп береді. Комедияны да қатырады. Тентек, жынды десе – олардан да тайсалмайды. Рөлден кетпейді ешқашан. Ләйлә – дарынды. Ол «не болса да мен істей аламын» деп өзін-өзі сендірген актриса. Сенеді. Және істейді. Ал ол – үлкен қасиет. Мәселен, менде ондай қасиет жоқ» деп жазыпты. Түсіне білген адамға бұл – теңдессіз баға. Ұстаз бер­ген баға мен артқан осы сенім­нің жауапкершілігі сіз үшін қаншалықты ауыр болды?

– Бұл тұрғыдан мен өзімді бақытты актрисамын десем әб­ден болады. Өйткені Хадиша Бөкеевадай аңыз актрисаның ең соңғы, яғни кенже шәкірті атану бақытына ие болдым. Кемеңгер тұлғаның кемелденген шағындағы даналық дәрістерін тыңдау нығметі бұйырды. Тіп­ті ұстазым өмірден өткенде мар­құм Әшірбек Сығай: «Ләйлә, сен сүйегіне түсесің. Сен – ең кенжесісің! Түсесің!», деді. Мен түстім. Сөйтіп, ұлы ұстазымды ақтық сапарына аттандырдым. Біле білген адамға бұл да үлкен жауапкершілік. Сол секілді өмірде екінші анамдай боп кеткен Бикен Римованың да менің жас өміріме шашқан сәулесі мен сіңірген тағылымы мол. Ол кісі мені «ақылды тентек» деп ерекше еркелететін. Бикен апамнан да өмір мен өнер өнегесін көп көрдім. Алматыдан астанаға қоныс аударып бара жатқанда Бикен апам: «Ләйлә, алтыным! Енді менің қанша жасым қалды дейсің... Мәңгі өмір сүрер адам жоқ қой... Бір күні мен де кетемін... Сонда басыма келіп жоқтау айтатын өзіңсің ғой» деді. Бірақ мен бара алмадым... Сол жүрегімде қалды...

Одан кейін әрине, менің өмі­рімде, өнердегі жолымда ерекше орны бар тұлға – ол Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Режиссердің әрбір қойылымы әртіс үшін нағыз шеберлік мектебі болатын: ойнап жүріп ой түйетінбіз, кәсібилікке шыңдалатынбыз. Мәмбетовтің кезінде нағыз режиссерлік театр болды. Әр жұмысы арқылы ак­тердің бар мүмкіндігін ашуға, салмақты бейнелер тудыруына сара жол салып беретін. Ол жол әманда тек даналыққа бас­тайтын. Өкінішке қарай, қазір Әзекеңнің кезіндегідей масштабты қойылымдар жоқ. Сондықтан да Мәмбетов мектебі – мәңгілік!

– Шығармашылық жо­лыңызға зер салсақ, сіздің ұстаз бен режиссерден ғана емес, драматургтен де жолыңыз болған­дығын байқаймыз...

– Оныңыз рас, шүкір! Шы­ғармашылығымның тұсауын кес­кен Софы Сматаев пен Чапай Зұлқашевтің «Жұлдызым менің жоғары» қойылымынан бас­тап, күні кеше көрерменмен қауыш­қан сахнадағы өмірімнің 40 жылдығына орай драматург Роза Мұқанованың маған арнайы жазған «Бопай ханымға» дейінгі әрбір рөлім мен үшін қымбат. Соның ішінде, әсіресе Роза Мұқанова екеуміздің шы­ғармашылық тандемімізге ерекше құрметпен қараймын. Өйткені өздеріңіз білетіндей, біздің байланыс Бопайдан бұрын, сонау М.Әуезов театрында қызмет ет­кен жылдардан басталады. Ре­жиссер Болат Атабаевтың ре­­­­жиссурасымен қойылған «Мәң­­­­гілік бала бейне» шын мә­­­нінде үлкен өнер туындысы болды. Кейінірек Розаның «Сар­асынан», «Фаризасынан» рөл­дер бұйырды. Соның ішінде сүйектісі, әрине – «Бопай ханым». Бопай бір ойнап қоя салатын рөл емес. Әр ойнаған сайын қырланып, жарқырай беретін бейненің бірі осы дер едім. Премьерада ойнағаным мен бүгінгі ойнап жүрген Бо­пайымның арасы жер мен көктей. Бүгінде, әсіресе жыл басындағы еліміз басынан кешкен трагедиядан кейін «Бопайдағы» мәселелер тіпті күрделене түс­кен­дей. Мүмкін өзім іштей то­лыс­қан шығармын. Драмадағы сөз астарына да басқаша үңіле бас­тадым ба, әйтеуір енді ойнайтын Бопайымның бұған дейінгілеріне ұқсамайтыны анық. Жалпы, мен кез келген рөлімді уақыт өткен сайын саралап, қайта сараптап отыратын актрисалардың қатарынанмын. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын қойылған спектакльдердегі кей рөлдерім үшін, ондағы кейіпкерімнің позициясы үшін ұялатын кездер де болады. Өйткені оның өзектілігі өтіп кетеді. Сондықтан да мен үшін ең соңғы шығарған рөлдерім ерекше қызық. Со­ның қызығы басылғанша ізде­ні­сімді де тоқтатпаймын. Әр қойылым сайын дамытып оты­рамын. Осы жағына келген­де театр – теңдессіз, шексіз шы­ғар­машылық, ізденіс әлемі. Ал кинода олай емес, бір жасаған бейнең камераға таспаланып, мәң­гілікке қалады. Оны кейін ар­тық-кемін екшеп, өзгерте алмайсың.

– Кино деп қалдыңыз. Бұл саладағы еңбегіңіз де елеу­лі. Әсіресе соңғы кезде көрер­мен­нің көзайымына айналып үл­герген «Келінжан» телехи­кая­сындағы Күлімхан апа бей­несі сізді халықпен тіпті етене жақын етіп жібергендей... Қа­лада туып, тас жолда өскен актрисадан әулеттің тірегі, ауыл­­дың әз анасы атанған Кү­л­ім­­хан әже бейнесі қалай туды?

– Оның рас, осы күнге дейін қаншама бейне жасадым. Бірақ Күлімхан апа халықтың аузында. Үлкен-кішінің көңілінен бірдей шыққан сәтті образдың бірі бол­ды десем, ешкім қар­сы болмас. Ал енді рөлге таң­да­луыма келсем, жобаның продюсері Гүлнұр Мамасарипова хабарласып, осы рөлде мені көре­тінін айтты. Оқиғасын да телефон арқылы қысқаша баян­дап берді. Сценарийді ұнатқа­ныммен, кейіпкерім екеуіміздің арамыздағы жас алшақтығын, өзімнің қалада өскендігімді айтып рөлден бас тарттым. Гүлнұрдың бұған дейін түсірген «Ана жүрегі» сериалында да басты рөлді сомдаған едім, со­дан болар продюсер менің кел­тірген қарсылықтарымның қисынсыз екенін айтып, ақыры көндірді. Ал шындығына келгенде «Келінжандағы» Күлімхан апа бейнесіне қарағанда, «Ана жүрегіндегі» мен сомдаған Райгүл Ахметқызының табиғаты маған әлдеқайда жақынырақ болатын. Өйткені мен осы жасыма дейін өмірі кемпірдің бейнесін ойнап көрмеппін. Алайда балуанға оң мен сол бірдей болу керек емес пе? Актер адамға да дәл солай! Рөлді алған соң: «Мен ауылдың ұрысқақ кемпірін ойнамаймын» деп бірден кесіп айттым. Өйткені қазір кемпірді ойнайтындар көп. Бірақ ауылдың дана, алысты болжайтын кемеңгер, ақылды апаларының бейнесі экранда аз жасалады. Сөйтіп, бір сәт балалық шағыма саяхат жасап, есіме ауылды түсірдім. Жазғы демалыста ауылға қарай сапарлайтын әдемі сәттер көз алдымнан өтті. Анамның өмір бойы ауылда тұрған сіңлісі бар еді. Ойыма бірден сол кісі оралды. Апамның ақылдылығы, ақырын сөйлеп, дана шешім шығаратындығы, жүріс-тұрысы, көзқарасы, күліп қойып «тұқымың өскір» деп жүре беретіндігі, таяғына сүйеніп ауылдың сыртында малды күтіп тұратын сәті, бетіне қарсы күн түскенде бір көзін сығырайтып алысқа ойлана көз тігетіні – міне осының барлығы мені бала күндеріме жетелеп апарды. Күлімхан апа – қазақ апаларының, қазақ аналарының, қазақ ене­лерінің жақсы жиынтығы деп ойлаймын. Себебі ондай апалар өмірде шынымен көп қой. Менің де өмірімде ондай жандар көп кездескен. Сондықтан да мен ұрысқақ кемпірдің мінезін ысырып қойдым да, ақылды, сабырлы, дана, ойлы Күлімхан апаны шығаруға тырыстым. Жүрісім де, сөйлеу мәнерім де бір-ақ сәтте өзгеріп шыға келді. Шынымды айтсам, менің образға кіріп кеткенім соншалық, түсірілім біткен соң да байпағым мен галошымды шешпей қойдым ғой.

– Өмір мен өнер егіз десек, сол жолда өкінішіңіз немесе «әттеген-айыңыз» бар ма?

– Өмір болған соң өкінішсіз бола ма?! Әйтсе де, адам жақсы сәттерге, бақытты күндеріне шү­кіршілік ете білуі керек. Аллаға шүкір, ана, жар, әже, жалпы, адам ретінде мен өмірде бақытты жанмын. Жаратқанның қалауымен үш перзент сүйдім, солардан өрбіген немерелерім «әже» деп еркелейді. Жаныма да жақсы адамдар топтасқан, «Ләйлә» деп алақандарына салып аялайды. Бұдан артық қандай бақыт керек?! Жалпы, бақыт ұғымының ауқымы өте кең ғой. Мен дүниеге келгенім үшін бақыттымын. Мен әкем мен анамның кездескені үшін бақыттымын. Мен әйел болып дүниеге келгенім үшін, ана болғаным үшін бақыттымын. Артист болу кәсібі пешенеме бұйырғаны үшін бақыттымын. Мына таза ауаны жұтып, қазақ болып өмірге келіп, азат елде еш уайымсыз өнер тудырып жүргенім үшін бақыттымын. Тек Алла осыны көп көрмесін. Жалпы, адамның әр сәті бақыт қой. Бақыт біткен күні өмір де бітеді. Солай! Ал енді өнердегі «әттеген-айларға» келсем, оны өкініш деуге келер ме екен?.. Бірақ үнемі ойымда тұрады. Қазақтың біртуар режиссері марқұм Болат Атабаев кезінде «Қаралы сұлуды» маған арнап қоймақ болды. Сахналық нұсқасын Роза Мұқанова да­йындап берді. Бірақ сол кезде театр директоры болып тұр­ған Тұңғышбай ағамыз ол рөлде мені емес, басқа актриса­ны көретінін айтты. Оған келіс­пеген режиссер «Қаралы сұ­луды» М.Әуезов театр­ына емес, Ғ.Мүсірепов театрына қойды. Дайындығын көруге барғанымда: «Бұл – сенің рөлің еді ғой, Ләйлә!» деп айтқаны әлі есімде. Сол секілді Әзірбайжан Мәмбетов те Қарагөзге мені лайық көріп іздегенде, Қырғыз­станда түсірілімде жүріп, оның үстіне жүктілігім бар, қойылымға қатыса алмай қалып едім. «Бұйыр­­маған болар» деймін қа­зір өзіме. Әйтсе де, көңілде тұ­ра­ды. Адам болғаннан кейін арман таусылмайды ғой. Актриса ретінде сахнада Ұлпан бейнесін тудырғым келеді. Бүгінде мен қызығатын рөлдердің бірі – осы.

– Жалпы, рөлге қалай ізде­несіз?

– Образ жасау – кандидаттық диссертация қорғау, образ жасау – толғақ. Әрбір рөл ізденіс және еңбек арқылы келеді. Мен образға енемін. Бірақ сонымен бірге сахнадағы кейіпкерім мен шынайы өмірдегі болмысымның арасындағы шекараны бөліп аламын. Өйткені рөлге енемін деп өзімді, тағдырымды театрға айналдырып жіберуге хақым жоқ. Театр – жұмыс, ал өмір – өзіме ғана тиесілі кеңістік. Әйтсе де, актриса болған соң көрерменді сендіруге, барынша шынайы образға енуге міндеттімін. Мә­селен, менің еншіме Катарина немесе Елена Андреевна түссе, мен олардың ең бірінші образын көремін. Оның қалай отыратынын, жүріс тұрысын дегендей. Содан кейін ол ғасырдың, сол заманның барлық дағдысы мен өмір сүру қалыбын, этикетін зерттеуге міндеттімін. Ол үшін архивті, тарихты қопарамын. Студенттерімнен де соны талап етемін. Өйткені әртіс адамға білім өте қажет. Таяз болсаң сахна сені «сатып» жібереді, білімсіздігің бірден көрініп қала­ды. Мысалы, неге Чехов шығармашылығында комедия деген сөз менмұндалап тұр? Ал біз неге трагедияны ойнаймыз?! Егер тереңнен үңіліп мұқият қараса, сөзі мен сөйлемінің астарына Чехов қаншама жұмбақ жасырып кеткен?! Соның ше­шімін табу – актердің білімі мен білігіне байланысты. Осы жолда іздену қажет. Сондықтан да жақсы әртіс болу үшін оқу, оқу және оқу керек. Сахнада бейне жасауды кандидаттық диссертация қорғауға теңеп отырғаным бекер емес. Қазір елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаз болып, актерлік шеберханамда өзім де шәкірт тәрбиелеп жатқандықтан, түрлі көңіл түсірерлік жайттарға көп кезігемін. Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымызда осы ізденіс жағы кемшін. Әлемдік классиканы айтпағанда, М.Әуе­зов пен Ғ.Мүсіреповтің шығар­машылығын шатастыратындар көп. Шекспирдің атын естігені болмаса, шығармаларына толық­тай бойламағандары да кездесіп қалады ара-тұра. Ал сол жастар театрдың ертеңі емес пе? Соны ойласам қорқамын.

– Досыңыз көп пе?

– Өмірде көп, театрда жоқ. Театрда «единомышленниктер» болуы мүмкін, бірақ оны доспен шатастыруға болмайды. Театрда дос болмайды, таланттың жолы – дара. Талантсыздар ғана дос бола алады.

– Сахнаға 40 жыл қалтқысыз қызмет еткен Лейлоның сыны кетпеген сұлулығының сыры неде?

– Ең әуелі жан әлемімді кір­летпегенімде болар. Көңілі таза, айналасына мейірім төгіп, махаббатпен қарай алатын адамға қарттық келмейтін көрінеді. Жүрегіне де әжім түспейді дейді білетіндер. Сондықтан да барынша таза жүруге, айналама тек жақсылық жасауға ұмтыламын. Одан кейін әрине, сыртқы күтім. Өзіме актриса ретінде талапты қатты қоямын. Бұл тұрғыдан өзімді аямаймын. Өйткені әйелдің күші – сұлулығында. Ал актриса үшін оның жауапкершілігі екі-үш есе артық. Сахнадан сені сұлу қалпында көріп тамсанған көрерменнің шынайы өмірде жүздесіп қалғанда да көңілі қалмауы керек. Өйткені сахна сұлулықты сүйеді, ал әлемді сұлулық құтқарады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»