Руханият • 07 Наурыз, 2022

Байдың қызы

988 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлқисса, сіздерге бір байдың қызы туралы айтсам деймін. Ол бұла өске­німен, жасынан өнерге, ғылымға аңсары ауған, оңы мен солын ерте таныған, тіпті қаршадайынан Еуропа мәдениетімен сусындаған, есейе келе туған елінің өнеріне ерекше үлес қосқан қарлығаштардың бірі болды.

Байдың қызы

Бұл күндері оның есімі қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, кәсіби жүргізуші, педагог, Қазақ КСР халық әртісі ретінде өнер тарихының бетіне жазылып қалды. Ол – Қазақстанда ең алғаш эстрада студиясын ашып, «Гүлдер» ансамблін құрып, талай өнер қыранын самғатқан, Қазақ циркінің негізін қалаған Гүлжиһан Ғалиева еді.

Гүлжиһан ашқан өнер студиясы

Гүлжиһанның өнер үшін соққан жүрегі оның атымтай жомарт әкесінің тәрбиесінен болса керек. Оның әкесі Қали Ордабайұлының бес жүз мыңнан астам қойы болғанын Жетісу өңірі бұл күндері аңыз қылып айтады. Біздің кейіпкері­міз Қали байдың еркелетіп өсірген жал­ғыз қызы еді. Саналы бай «Жалғыз қызым қатарынан қалмасын» деді ме екен, оны тәрбиелеп, оқыту үшін оған сонау Германиядан арнайы үй мұғалі­мін алдырғаны көкірегі ояу әкенің ғана қолынан келетін іс.

Қазіргі Алматы қаласында дүниеге келген Гүлжиһан 1934 жылы Ленинградқа сапар шегеді, бұл жерге ол заң ғылымын оқуға барған болатын, бірақ 1936 жылы ол Мәскеудегі Өнер институты жанынан ашылған қазақ жастарына арналған үш­жылдық әртістер даярлайтын студияға ауыстырылады. Кешегі кер заманның солақай саясатының әсері Гүлжиһанды да айналып өтпепті. Оның әкесі Қали Ордабайұлы мен ағасы Рамазан Қалиұлы «халық жауы» атанып, отбасынан ажырап қала береді, «халық жауының» баласы оқудан шығарылатыны да сөзсіз. Оны қудалау кезінде құтқарып қалған Тұрар Рысқұлов болатын. Бұл туралы Гүлжиһан Ғалиева Бағдад Жандосайға өз аузымен айтып берген естелігінде былай баяндайды: «Декан өз үйінде жеті күн ұстады. Сосын өз қызындай киіндіріп, Мәс­кеуге қазақ елшілігіне мына әдріс­пен барасың, Мәскеудегі Қазақстанның тө­тенше өкілі деп сұра. Елшілікті тапқанға дейін тамағың мен қалада жүріп-тұруың үшін деп ақша берді. Мәскеуге бардым. Елшілікті таптым. Екі күн бойы кіре алмадым. 273 болып тіркелдім. Үзіліс мезгілі бітіп, екі-үш минуттан кейін залдағы қа­был­дау есігінен үстінде қазақы зер шапаны бар ірі кісі шықты да, бірінші отырған адамнан ең соңында тұрған маған дейін көзбен шолып өтті. Бәрі «Консул осы» десті. Жеті-сегіз минуттан кейін үстінде қара костюмі бар консул әлгі есіктен қайта шықты. Ол отырғандардың бір сызығын бойлай келіп, саусағымен әлдекімді ша­қырды. Әркім мен бе дегендей кеуде­сін нұқиды. Консул басын шайқады. «Сені шақырады», деді алдыңғы жағымда тұрғандар маған қа­рап. Ол маған тамақ беріп, қайта жұ­мысына кірісті. Сосын қайта келгенде, «Рамазан ағамды ұстап, мені институттан шығарып жіберді деп жылап ем», «жылама, бәрін білем», деді. «Ал уақыт тығыз, сені Алматыға кетті деп хабарлаған екен. Мен сені Алматыға емес, өзінің туған жері Сартауқұм болы­сына кетірілді», деп хабарладым. «Енді сенің фамилияң Қалиева емес, Ғалиева болады. Ал атың Гүлжахан емес, Гүлжиһан. Сені көз көр­мейтін, құлақ естімейтін оқу орнына жі­берем, сағат төртте машинамен бір адам келіп, алып барып орналастырады. Ол Мәскеудегі ГИТИС институты жанынан ашылған Қазақстандағы қазақ ­жастарын өнерге дайындайтын студия» деді. Сосын ол «мен Тұрар Рысқұловпын ғой дегенде қалай шыңғырып жібергенімді білмей қалдым».

Алматыға қайтқан соң ол Қазақ дра­ма театрында, киностудияда, Жам­был атындағы филармонияда қызмет істейді. Сол кездегі Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев­тың қолдауымен еліміздегі тұңғыш эстрада студиясын ашады. Осы студияда Қазақстанның халық әртістері Ғ.Құрманғалиев, Ж.Елебеков, З.Қой­шыбаева, Л.Кесоглу, Л.Төлешова, В.Қар­мысова сияқты мамандар қызмет етті. Ал Ж.Кәрменов, Н.Есқалиева, Қ.Бай­босынов, С.Қабиғожина, А.Нұрма­ғам­бетова сияқты өнер қайраткерлері осы студияның түлектері болды. Гүл­жиһан іргетасын қалаған бұл студия қа­зір Жүсіпбек Елебеков атындағы Респуб­ли­калық эстрада-цирк колледжі деп аталады.

 

Цирк пен «Гүлдер» ансамблін қаз тұрғызған

Өнердің қай-қайсына да жай қара­маған Гүлжиһан Ғалиқызы қазіргі Қазақ мемлекеттік циркінің де іргетасын қа­лауға атсалысады. Бұл туралы Алматы Мем­лекеттік архивінде сақталған мате­риал­дарды ақтардық, ресми деректе «1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркі – кәсіби ұлттық өнер ұжымы сол кездегі Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың қолдауымен және Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева­ның жетекшілігімен ұйымдастырылды», делінген. Бір қызығы, осы мемлекеттік циркке Гүлжиһан асыл тұқымды аттарды Ресейдегі «Владимировский» жылқы фермасына барып алып қайтады. Сол кездің өзінде қазақ өнері ешкімнен кем болмаса екен деген үлкен мұраттың, ізгі ойдың жетегінде жүрген Гүлжиһанның асыл арманының бірі – Қазақ мемлекет­тік циркі жыл сайын дамып, ұлттық бояуы басым «Жылқышылар», «Жер жәннаты», «Ат ойыны», «Атамекен» сияқты цирктік бағдарламаларды дайындаған. Ал оның тағы бір елеулі еңбегі «Гүлдер» ансамблін құруы еді. Қазақ өнері мен мәдениетін­де алтын әріппен жазылған эстрада­лық ансамбль тек елімізге ғана емес, шетелдерге де танылған өнер ұжымы. Осы өнер ордасын ұйымдастырып, атын әлемге танытқан қазақ қызы Гүлжиһан ән әлемінде Роза Рымбаева, Нағима Есқа­лиева, Қапаш Құлышева, Қаламқас Рахимова, Мақпал Жүнісова сияқты өнер жұлдыздарын биікке самғатты, олардың жолын ашты.

Гүлжиһанның отбасы тәрбиесі ға­на емес, ортасы да өзіне сай, ерекше бол­ғаны туралы деректер көп. Со­ның бірі оның бала кезінен бастап Дін­мұхамед Қонаев, Шара Жиенқұлова сияқ­ты ұлт қай­рат­керлерімен бірге өскені туралы. Бұл жөнінде Гүлжиһан Ғали­қызы­ның келіні, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова былай дейді: «Мен ол кісімен ұзақ жыл бірге өмір сүрдім. Мамам 1982 жылы өмірден өткен кезде де қасында болдым... Мен оның оты­рыстарда айтқан сөздеріне ден қоя­тын едім. Сонда ұққаным, әкесі Ғали Орда­бай өте бай болған. Ол қаракөл елті­рісін сатқан, ал орыстың көпесі Пугасов Алматыда сәнді түбіт пен ма­мық саудалаумен айналысты. Олар осы өңірдегі ең дәулетті адамдар санатында болыпты. Дінмұхамед Қонаевтың отбасымен, Шара Жиенқұловамен жақсы араласып тұрды. Себебі олардың әкелері – Ахмет пен Баймолда және енемнің әкесі Қали үшеуі сауда-саттық саласында қазіргі тілмен айтқанда «партнер» болған».

Ордабай тұқымы, қазақ өнерінің жанашыры, халық әртісі Гүлжиһан Ғали­қызының өмір жолы сан қырлы болғаны шындық. Өмір оған бәрін берді және оны қанаттандырды. Дәулет пен ақылға бай әке, оқыған, зиялы аға-бауыр, жақсы достар, өзін сыйлайтын орта-ұжым, еңбегін елейтін ұрпақ берді. Кешегі Қали бай Алматыдағы үлкен мешіт, Ми­нистрлер үйінің салынуын, тіпті Гор­кий атындағы саябақтың, Бауман орма­нының ағаштарын да осы Қали бай­дың қаржысы демепті. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ сөзінің Гүлжиһан сынды өнер қайраткерлеріне қарата айтылғаны даусыз. Оның әкесі даланың атымтайы болса, оның өзі қазақ өнерінің атымтайы, жанашыры бола білді. Ендігі жерде Гүлжиһан есімінің ұмытылуы мүмкін емес. Гүлжиһан Ғалиқызы туралы сақталған архив материалдары бұл күндері Алматы қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр, материалдарында ол туралы фотосуреттер мен оның өзі туралы құжаттар бар. Осы мақаланы жазуға құнды материалдар ұсынған аталған архив мекемесінің бас сарапшысы Ләйлә Қасымқызына алғысымыз шексіз.