Қоғам • 08 Наурыз, 2022

Мейірім мерекесі

500 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл он екі айдың басы, мезгіл біткеннің жаңасы, маусым біткеннің дарасы көктемнің алғашқы мерекесі аналарға арналады. Көктем туа әлем жаңарады, алты ай қыс ақ кебіннің астында қалған тіршілік қайта жанданады, жыл келеді жер бетіне, жылдың келгенін дүниеге жар етуге әуелі адам келуі керек қой. Анасыз адам келе ме өмірге?! Анасыз өмір бастала ма? Анасыз тіршілік жаңара ма? Сіз бен бізді, ұл мен қызды Тәңірі ананың құрсағына салып сақтаған, бауырына салып өсірген, аялы алақанына салып мейірімге бөлеген. Ана бойынан, ана жүрегінен өнген мейірім мен махаббатқа қарсы тұрар күш жоқ жер бетінде. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің жаны осы тұстан көрінетін сияқты. Демек, алты ай қыстың тоңы жібіп, көбесі сөгілерде туатын 8 наурыз – әйелдер мерекесінен сүйкімді мейрам жоқ.

Мейірім мерекесі

Әлемдік жаңару белгісінің бәрі осы күннен басталады. Ескі танымда ақпан туа үт түседі дейтін. Содан кейін барып құт түсетіні айтылатын. Үт дегеніңіз қыстың соңғы айының ортан белінен былай терезеден түсетін күн сәулесінде жүзетін тозаң тәрізді ұшқын. Тәңірінің көктен түсірген осындай ымдауынан кейін келетін атаулы күн – аналар мерекесі. Басқа атаулы күн жоқ. Содан кейін барып 13-нен 14-не қараған күні ес­кіше наурыз туып, амал кіреді. Әйелдің тө­бесі көрінбей әлемде мейірім мен шуақ та жоқ деген сөз. Сондықтан дәл осы күннің тарихын тергеп, жөнін басқа жақ­тан іздеудің өзі ақылға сыя қоймаса керек.

Әйел-аналарға қатысты аңыз әңгі­мелер көп ел аузында. Олардың қай-қай­сы болсын халықтардың мыңжылдық өмір тәжірибесінен туындаған өлмес мұралары. Сондай ұлы аңыздардың бір парасы біздің қазақ аналары мен қыздарына байланысты өрбиді. Әрідегі ұлы аналарымыздың кемеңгерлігі мен ерлігін айтпағанда, берідегі қазақ қыздарының ерлігінің өзі неге тұрады?!

«Ерліктің қос қанаты деп білемін, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деген әнді бала күнімізден жаттап өстік. Ұрыс даласына өздері сұранып аттанған екеуі де оқуды енді бітірген 16-17-дегі қыз. Мәншүк тіптен жас, әкесі Ахмет – Алашордашы, ұлт азаттығы жолында тер төккен қайраткер. Жап-жас, бала Мәншүк әкесіне нақақтан жабылған «халық жауы» деген жаланы ақтап алу үшін соғысқа аттанған. Жазықсыз атылып кеткен атасының кінәсіз екенін біле тұра мұндай ерлікке қазақ қызы ұрпағының жүзі жарқын болсын деп барған. Заманы солай болғанда, басқа амалы да жоқ еді. Өзімен қатар, өзінен кейінгі ұрпақты ақтау мақсатында майданға аттанған қазақ қызы осылай ертеңін ойлап туған. Одан беріде 1986 жылғы қазақ қыздарының қайсарлығы мен ержүрек істері халық жадында жыл өткен сайын жаңғырып, уақытпен бірге жасай берері сөзсіз. Ол ерлік пен қайсарлықтың оты күні бүгінге сөнген жоқ, сөнбесі де анық. Сонау сақ, түркі дәуірінен, Қазақ хандығы уақытынан бүгінге жалғасқан батырлық пен ержүректіктің негізінде тек пен тамыр тұр десек, соның бәрін сақтап, ұрпақ бойына дарытқан аналарымыздың асыл қасиеті емей не? «Алып анадан, ат биеден туады» дейді қазақ.

Қазақ қызы, қазақ әйелі аялы жар, отбасында отанасындай қастерлі ана, түзде елінің қорғаны ержүректің өзі. Аналар туралы аңыздың бір шеті осындай ойға жетелегенде, еске бірден атақты Байғозы баһадүрдің қызы, Ақжолтай Ағыбай батырдың шешесі Қойсана анамыз түсер еді. Көп айтылып, көп жазылған, көкейден өшпейтін әңгіме. Қойсана анамыздың Ағыбайға жүкті кезі екен. Жаугершілік заманы, алашапқын арасында еркек атаулы елде жоқ, әйел, бала-шаға көшіп келе жатады. Тұтқиылдан алты қарақшы бейбіт көшке тиіп келіп береді. Сонда жалғыз Қойсана анамыз ұрыс қылып, бақанмен алтауын ұрып түсіреді. Жау бірін-бірі сүйеп, әйелдің аяғы ауырын білген соң: «қоя­йық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі арыс­танның күші ғой», деп жүріп кетіпті деседі.

Сонау замандардан аңыз болып көшкен қазақ әйелінің бойындағы осы ерлік пен қайсарлық әлі өшпегенін көреміз. Ол өшкіндеп әлсіресе бүгінде қазақ ұлты да болмаушы еді. Тәңірі жаратқан ұлтты сақтаушы, ұрпақты жалғастырушы аналар мерекесі құтты болсын!