Қоғам • 08 Наурыз, 2022

Бала тәрбиешісі болу – бақыт

776 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде жыл сайын балабақшалар мен мектептердің саны артуда. Басты мақсат – саналы ұрпақ қалыптастыру. Бұл ретте еліміздегі балабақшаларда қызмет атқарып жүрген тәрбиешілердің еңбегі орасан. Тараз қаласындағы №30 «Назерке» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Айнұр Қожамқұлова – егемен еліміздің ертеңгі буынын тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты маман.

Бала тәрбиешісі болу – бақыт

Ол мектепке дейінгі жас­тағы барлық баланың ақыл-ой тәрбиесіне баса мән беріп, оның өзіндік әдістемесін жасап, бүгінде тәжірибеге енгізіп отыр. Өзі де саналы түрде бала тәрбиешісі болуды таңдап, мамандығына адалдық танытып келеді. Ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын бірінші жолға қойған маман он екі жылдан бері бір салада еңбек етуде. Еліміздің әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Ай­мауытов және өзге де тарихи тұлғалардың бала тәрбиесі туралы өзекті ойларын негізгі темірқазық етіп алып, жүйелі жұмыс жүргізуде.

Жоғары санатты тәрбиеші өз сөзінде ақыл-ойдың дамуы баланың жасы мен тәжі­ри­бесінің молаюына бай­ла­ныс­ты екенін де атап өтті. Оның айтуынша, түрлі тәр­бие­лік құралдардың әсері­не бай­ланысты баланың ойлау әре­кетінде пайда болатын сан және сапалық өзгерістердің жиынтығы да ақыл-ойдың дамуына әсер етеді.

Сонымен қатар Айнұр Бекболатқызы сенсорлық тәрбие туралы да өз ойын айтты. Бұл бағыттағы бірқатар тәжірибесімен бөлісті.

«Бұл – түйсік пен қабыл­даудың дұрыс бағытта дамуы. Баланың сенсорлық процес­терінің дамуына мүмкіндік тудыратын іс-әрекеттің тиімді түрі – көркем сурет салу, саз­балшықтан және ермексаздан түрлі мүсіндер жасау, салынған суреттерді, өрнек­т­ерді қиып, желімдеу әрекет­тері, бірлескен дидак­ти­калық ойындар. Бұл педаго­ги­ка­лық басшылықпен ұйымдас­ты­рылған іс-әрекет болып есептеледі. Ақыл-ой тәр­биесі айналадағы тіршілік құбы­лыс­тары жайлы балаға дұрыс түсі­нік қалыптастыруға және та­нымдық-психикалық про­цес­терді дамытуға баса мән береді», дейді тәрбиеші өз сөзінде.

А.Қожамқұлованың бұл салада жеткен жетістік­тері де аз емес. Center of Excellen­ce NIS Nazarbayev Intellectual Schools бойынша «Қа­шық­тан оқуды үйре­немін» тақырыбы аясында 40 сағат көлемін растайтын сертификатпен марапат­тал­ған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Күз мезгі­лінің қызықты оқиғалар қа­малы» ІІ республикалық бай­қауында «Сурет салу» номинациясы бойынша жүлдегер дайындағаны үшін І дәрежелі диплом алған. Бұдан өзге де байқауларда бала тәрбиесі туралы әдістемесімен топ жарып, жүлдегер атанып жүрген Айнұр Бекболатқызының «Құлпынай» кіші тобындағы шәкірттері де биік белестерден көрінуде. Мәселен, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласын­да өткен ІІІ Республика­­лық «Қыс тынысы» байқауын­да «Сурет салу» аталымы бойынша Мирас Жолды­хан 1-орын­ды жеңіп алса, «Менің сүйікті балабақ­шам» атты балалардың онлайн шығар­машылық байқауында «Мен болашақ ғалыммын» номинациясы бойынша Нұрсая Тулеева І дәрежелі дипломмен марапатталған. Қазіргі кезде де көптеген шәкірт тәрбиелеп келеді.

Балалардың ақыл-ой тәр­биесін қалыптастыруды бірін­ші орынға қойып, сол тұрғыда талмай еңбек етіп келе жатқан білікті маман әрдайым өз білгенін жас тәрбиешілерге үйре­туден жалықпайды. Бала тәрбиешісі болуды бақыт деп білген Айнұр Бекбо­лат­қызы еңбек етпей, биік нәти­желерге жету мүмкін емес екенін, мұның түп негізі жауап­кер­шілікте жатқанын айтады.

«Тәрбиеші деген жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы негіздерін қалыптас­тыра алатын адамгершілігі жоғары, мәдениет пен ғылым жетістіктерін дұрыс бағалай алатын, әдебиет пен өнердің, техниканың даму жағдайын білетін және оны балалар­ға түсіндіре алатын адам болуы керек. Тәрбиешінің бо­йында болатын ақылдылық, мәдениеттілік, кәсіби шебер­лік, тәртіптілік пен балаларға деген сүйіспеншілік тәрбие­ленушілерге әрдайым үлгі болуы керек деп ойлаймын», дейді А.Қожамқұлова.

 

Жамбыл облысы