Қоғам • 08 Наурыз, 2022

Тентектерді тезге салған тергеуші

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте қыл­мыс­кер­лерді тергейтін Мәншүкті бұл жолы біз сұрақ­тың астына ал­дық. Жиырма жылға жуық уа­қыт құқық қор­ғау саласында табысты еңбек етіп жүрген тергеуші ару тентектерді тезге салып, тұр­ғындардың ал­ғы­сын арқалап жүр.

Тентектерді тезге салған тергеуші

Құқық қорғау саласында қыз-келіншектердің еңбек етуі таңсық емес. Десе де, көбі оларды балалар мен жасөспірімдерге қатысты ұсақ тәртіп бұзушылықтарды реттеумен айналысады деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс пайым емес. Мәселен, Екібастұз қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры, ер адамдарға тән ержүректілік, батылдық сияқ­ты қасиеттерді бойына жи­ған Мәншүк Дисупова кәнігі, қан­ды­қол қылмыскерлермен бет­пе-бет отырып, оларды тергейді.

– Бала кезден адамдарға жақ­сы­лық жасағанды ұнататын едім. Құқық қорғау саласында қызмет етуді таңдауым да содан шығар. Әлі күнге дейін қыл­мысты ашқаным үшін айтылатын алғыстардан рахат аламын. Одан сайын жігерлене түсемін. Кейбір қылмыстар бір тәу­ліктің ішінде ашылады, кейде ұзақ уақытқа созылып кетеді. Әр істі соңына дейін жеткізбей байыз таппаймын. Жұбайым да құқық қорғау саласында жұ­мыс істейді. Үйде жүргенде жеке бастың мәселелері жайына қалады. Екеуміз қылмысты ашу жолдарын талқылап жүреміз. Мұны мамандығымызға деген адалдықтың көрінісі ме деп ойлаймын кейде. Жалпы, соңғы уақытта Екібастұз қаласындағы кри­миногендік ахуал тұрақты. Қыл­мыстардың азаюына бейне­бақылау камераларының көптеп орнатылуы, шаһар көшелерінде патрульдік шаралардың күшей­тіл­уі оң әсер етуде. Ал қыл­мыстың жедел ашылуына цифрландыру жобаларының көмегі зор. Қазір бұрынғыдай қағаздармен бас қатырмаймыз, әр іс базаға түсіп, оны бір уақытта полиция, прокуратура және сот мамандары көре алады. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Міндетімізді мінсіз атқару – парызымыз! – дейді Мәншүк.

Тергеушілердің логикалық ойлау қабілетінің жоғары бо­­­луы қылмыстың жедел ашылуы­на әсер ететіні сөзсіз. Мәншүк бұл саладағы алғашқы «азы­ғын» Ресей ІІМ Омбы ака­демиясында 5 жыл білім ал­ған уақытта жинай бас­тап­ты. Академия қабырғасында көбі­не практикалық білімге ба­сымдық беріліп, қылмысты ашу жол­да­рының қыр-сыры үй­ре­тілген. Сол азық әлі күнге дейін кәдеге жарап, тәжірибесі то­лыс­қан Мәншүк бүгінде бар біл­ге­нін ізін басқан жастарға үй­ре­туде.

– Соңғы уақытта біреудің аты­на несие ресімдеу сияқты интернет алаяқтық белең алып барады. Жуықта Екібастұз қаласына қарасты бір кентте тұратын келіншектің жағымсыз әрекеті әшкере болды. Ол әлеуметтік желілерде парақша ашып, онда сұлу әрі бай қыздың кейпіне еніп, ер адамдармен «махаббат дастанын» құрған. Кейін сенімге кіріп, оларға несие алып беруін өтініп, ақшаны алғаннан кейін хабарсыз кеткен. Осы сияқты оқиғалар көп. Біз Ұлттық банк басшылығына шағын қаржы ұйымдарының жұмысын реттеу керек екенін талай жаздық. Себебі алаяқтар бір ғана жеке куәлік арқы­лы танымайтын адамның атына бірнеше несие ресімдеп, тұрғындарды тығырыққа тіреуде. Қылмыстардың барлығы жедел ашылады деу қиын. Кейбір жағдайда шекараның ар жағын­дағы алаяқтарға тап боламыз. Не десек те, интернет алаяқтықты азайтудың жолдарын қарастыру қажет. Қылмысты ашудан бұрын алдын алу шараларын қолға алған абзал, – дейді кейіпкеріміз.

Мәншүкті облыстағы әріптес­те­рі мерген ретінде таниды. Жыл сайын тәртіп сақшылары арасында ұйымдастырылатын пистолет­пен нысананы көздеу жарысында тергеуші ару бас жүлдені бермей келеді. Өзге де марапаттары жетерлік. «Басты марапат – ха­лықтың алғысы», дейді ол. Алғыс­қа бөлене бер, қазақтың батыр қызы Мәншүктің ізбасары!

 

Павлодар облысы