Суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылығына шабыт сыйлаған әйел туралы тақырыптық көрме жадыраған көңіл хошынан туған оптимистік мұратқа негізделген әрі шабытты шығармалардың өзегіндегі сүйіспеншілік пен махаббатты тануға шақырады. Тамара Волкованың «Сәукеле киген қыз», «Көктем», «Кешкі Алматы», Тілек Чуденовтің «Әйел құдіреті», Перизат Есназарованың «Дала Мадоннасы», Зейнелхан Мұхаметжанның «Әуен-2», Әділхан Жарқынбековтің «Жастық», Рауан Сүлейменовтің «Наурыз-думан» атты туындылары бояу түсімен ерекшеленіп, сурет өнерінің түрлі стилінде орындалса да, әйелге деген махаббат, сұлулыққа іңкәрлік олардың бәріне ортақ идея қызметін атқарады.
Гобелен, графика, акварель, қолданбалы өнер түріндегі кескіндемелердегі әртүрлі жастағы, әр әлеуметтік топтағы әйел жанарында тұнған махаббат пен бақыт шуағы, ой тұңғиығы оның кеңістіктің жұмбақ бір бөлшегі екеніне, оны шешудің мүмкін емесін тұспалдап тұрғандай. Әдемі әйелдерді топтастырған көрмені аралап жүрген адам іштей өзіне: «ең әдемісі қайсы?» деп жасырын сауал қойғанын аңдамайды және оған: «жүректе өмір сүріп жүргені емес пе?» деп жылдам жауап қатып, шебер қылқалам иесін шабыттандырған шығарма алдына қайыра келіп, тереңірек үңіліп, өз ішіндегі парасат пәлсапасымен үндестіре, қайта зер салады.
АЛМАТЫ