Бизнес • 09 Наурыз, 2022

Бизнесте әйелдердің үлесі артып келеді

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сарапшылардың болжамына сәйкес, әлемдік экономикадағы әйелдердің үлесі жыл сайын артып келеді. Дегенмен пандемия кезінде экономиканың көлеңкелі салаларында еңбек ететін әлемде миллиондаған әйелдің табысы төмендеп, кәсібінен айырылған. Осындай қиындықтарға қарамастан, нәзік жандылар ғаламдық қауіп-қатерлерді еңсере отырып, қоғамдық үдерістерден қалыс қалмай келеді.

Бизнесте әйелдердің үлесі артып келеді

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Алматыда «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдас­тыруы­мен өткен «Бизнестегі әйелдер» ІІІ форумында Парламент Мә­жілісінің депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия­ның, «Атамекен» ҰКП ІӘК төр­айымы Ләззат Рамазанова ай­мақ­тарда әйелдерді қолдайтын ре­сурстық орталықтарды көп­теп ашу қажеттігін алға тартты. Л.Ра­мазанованың айтуынша, ел тәуелсіздігінің, мәдениетінің алтын бесігі әрі қаржы орталығы ретінде Алматының бизнес ке­ңістігіне тың серпіліс қажет. Бүгінде халықаралық кеңістікте Қазақстан – гендерлік теңдік тұр­ғысынан айтарлықтай жетістік­терге жеткен ел. 2011 жылы негіз­гі рейтингте Қазақстан Орта­лық Азия және ТМД кеңісті­гінде көш­тің алды болды. Соң­ғы жылдары инвестициялық тартым­дылығы артқандықтан салада бәсекелестік күшейіп келеді.

Бүгінде республикада еңбекке жарамды әйелдердің саны 7 млн-нан асады, көрсеткіш ерлерге қарағанда 350 мыңға артық. То­лық жұмыс күнімен қамтылған әйелдердің үлесі 42,6 болса, өнеркәсіпте – 31,6, өндірістік емес секторда 50,5 пайызды құрайды.

Қазақстан Қаржыгерлер қауым­­дастығының төрайымы Елена Бахмутова басқару пози­ция­сында әйелдер белсенді­лігі жоғары екенін атап өтті. Ком­па­нияларда әйелдердің үлесі 30 пайыздан асса, серіктес әйелдер­дің үлесі 24 пайызды құрайды. Ал басшылардың 26 пайызы – нәзік жандылар. Әлемдік еңбек нарығына пандемияның әсері жоғары болғандығын да жоққа шығара алмаймыз. Салдары­нан экономиканың көлеңкелі салаларында еңбек ететін 700 млн-нан астам әйелдің 60 пайы­зы­ның табысы төмендеген. Азия-Тынық мұхиты аймағында ер­­лерге қарағанда (50 пайыз) әйелдердің жұмыс сағаты төмен­деген (35 пайыз). Ал Еуропа және Орталық Азияда өзін өзі қам­тыған әйелдердің 25 пайызы жұ­мысынан айырылған. Бүгінде еліміздегі өндірістік емес секторда да әйелдердің саны басым. Е.Бахмутова сондай-ақ же­ке­леген салаларда гендерлік айыр­машылық бар екенін атап өтті. Мысалы, қаржы саласында әйел­дердің орташа жалақысы ерлер­дің орташа жалақысының – 65, шығар­машылықта – 63, білім беру мен денсаулық сақтауда сәйке­сінше 102-93 пайызына тең. Ал­дағы уақытта аталған қызмет түр­лері дами түсетіндіктен, эко­но­миканы жедел қалыпқа келтіруде осы салаларға сұраныс артады.

Бүгінде Алматыда 224 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Оның 90 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік нысандары құрайды. Кәсіпкерлердің 45 пайызы – әйелдер. Олар көбінесе сауда, қызмет көрсету, наубайхана, сұлу­лық салондары, мейрам­хана, т.б. салаларда еңбек етеді. «Ата­мекен» ҰКП Алматы қала­сы филиалының директоры Айтуар Қошмамбетовтің айтуын­ша, палата тарапынан кәсіп­кер­­­лерді қолдауға байланысты жоба­лар жүзеге асуда. Оның ішін­де «Ең­бек» бағдарламасының ма­ңызы жо­ғары. Жеңілдетілген не­сие­лер де қарастырылған. Қала­да әйел­дер кәсіпкерлігін қолдау ор­та­лы­ғының жұмысы жолға қойылуда.

Екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты дамыту экономиканың дамуы мен әртараптануына сеп­ті­гін тигізеді. АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж бүгін­де Алматының Орталық Азия­дағы сауда және шығармашы­лық орталық ретінде дамып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, әйелдердің эконо­ми­каға белсенді қатысуы қоғам мен экономика жетістігі үшін аса қажет. Мұны осы сала­дағы зерт­теулер де айқын көр­­сетіп отыр. Бас консул кәсіп­керлікті эконо­ми­каның қозғау­шы күші дей келіп, өткен жылы Америкада 5,4 млн бизнес нысан ашылып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бір млн-ға артқа­нына тоқталды. 1974 жылы Амери­када 400 мың әйелдер биз­несі тіркелген болса, бүгінде оның саны 13 млн-нан асады. Яғни Америкадағы әйел­дер биз­несі­нің үлесі 31 па­йызды құрайды.

McKinsey жаһандық инсти­туты­ның мәліметі бойынша қа­зіргі кезде гендерлік теңдік әлем­дік ІЖӨ-ді 12 трлн долларға арт­тыруға мүмкіндік береді. Бү­гінгі таңда 37 қазақстандық кәсіп­орын мүмкіндіктерді кеңейту қағи­даттарына қол қойған. Көп­теген қазақстандық компанияларда әйелдер көшбасшылығына қар­сы­лық жоқ. «Қазақстан әйелдер құ­қық­тарын дамыту жөніндегі БҰҰ қағи­даттарын ілгерілетуде Орта­лық Азиядағы көшбасшы ел», деп атап өткен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының жетекшісі Мария Доценко жаһандық бастама бизнеске гендерлік теңдікті және әйел­­­дердің жұмыс орнында, биз­нес на­рығында және қоғам­да мүмкін­діктерін кеңейтуді қа­лай ілгерілету керектігі туралы нұс­қаулар беріп келетінін жеткізді.

 

АЛМАТЫ