Қазақстан • 09 Наурыз, 2022

«Өлім бардың малын шашады...»

734 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру міндетін алға қойып: «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі таңда да өзекті болып отыр», деген болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлтымыздың бойындағы кеселді кемшіліктердің ішінде ең алдымен ысырапшылдық пен даңғазалыққа назар аударуы бекер емес. Себебі торқалы той-томалақ өткізуді айтпағанда, топырақты өлім жөнелтудің өзі де әлі күнге көп жерде бәз баяғыша, аста-төк ысырапшылдықпен, жалған намысқа басқан даңғойлықпен атқарылып жүр.

Шынтуайтында, жақынынан айырылып, қара жамылып отырған отбасы туыс-туғандары, құда-жекжаттары, ауылдастары, қызметтес жолдастары, көрші-қолаңы, яғни кемінде жүзден аса адам жиналатын асқа әдетте жылқы сояды. Мұндайда көмек қолын созатын бақуатты ағайын табыла қойса, жақсы. Әйтпесе, қарызданып-қауғалануға тура келеді. Қазекемнің «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөзі осындайда айтылса керек.

Ал Қамбар ата түлігінің бағасы былтырғы қысқы соғым сою науқаны кезінде бұрнағы жылғымен салыстырғанда әртүрлі себеппен екі есеге дейін қымбаттап, 800 мың – 1 миллион теңгеге дейін шарықтағанын ескерсек, қазір кісі жөнелту қарапайым адамдарға бұрынғыдан да қиынға соғып, қиналтып отырғаны күмәнсіз.

Осы орайда кей өңірде дүниеден озған адамды ақтық сапарға аттандыру кезінде қаралы үйге салмақ түсірмейтін көне де игі дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келе жат­қанын айтқан жөн. Мәселен, Ақмола об­лысының Зеренді ауданына қарасты бір­қатар қазақ ауылында кісі қайтқан үйге алыс-жақыннан көңіл айтуға келетін адам­дарды көршілері өзара бөлісіп алып, үй­леріне шақырып, қонақ қылады. «Көрші ақы­сы – Тәңір ақысы» дегендей, олар ата-баба­ларынан мирас болған сауапты істен ел ба­сындағы нелер қиын кезеңдерде де бас тартпаған. 

Осыны ескерген Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі, жергілікті мешіт және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі бұдан бес жылдай бұрын қалалы жерде де қымбат адамынан айырылған азалы отбасыға қосымша ауырт­пашылық түсірмеу мәселесін ақылда­са келіп, кісі жерлеу рәсімінен кейін беріле­тін ас мәзірін шектеу жөнінде шешім қабылдапты.

«Марқұм болған кісіні о дүниеге аттан­дыруға жиналған қауымға дастарқанға тек май, бауырсақ, нан және аздап кәмпит қойып, шай беру жеткілікті деп шештік», дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Шияп Әлиев. Бұл ел ішін­дегі мейманасы асқан бай-бағландарды айт­пағанда, айлығы шайлығына әрең жетіп жүрген ағайындардың көңілінен шыққан бас­тама болғаны даусыз. Тек соған қалың ел болып қолдау білдірсек, қанекей.

Жуырда бұқаралық коммуникация құралдары Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Садыр Жапаров жаназада мал союға тыйым салған Жарлыққа қол қой­ғанын хабарлады. Себебі көршілес елдегі байлар жақынын соңғы сапарға шығарып салу үшін бес-алты ірі қарасын союға дейін барады екен. Ал олардан қалғысы келмеген кедейлер жалғыз малын пышаққа салып, онсыз да оңай емес жағдайларын тіпті қиындата түсетін көрінеді.

«2019 жылы ұлым қайтыс болғанда ас беруге мал союдан бас тарттым. Көңіл айтуға келген 10 мың адамның ешқайсысы «мал соймадың» деп кінәлаған жоқ», деп жазыпты бауырлас елдің басшысы әлеуметтік желіде.

Иә, бізге де осы өзекті мәселені көп бо­л­ып кеңесіп, бір ұйғарымға келу керек шы­ғар. Қазіргі қауіп-қатері азаймай, жер-жа­һан­ды алаңдатып тұрған алмағайып заман­да ысырапшылдықты тыймасақ, халық­тың жағдайы тіпті қиындай түсері анық.

Соңғы жаңалықтар

Әуезов және түркі әлемі

Руханият • Кеше

Идеология

Руханият • Кеше

Мейірім мен қатыгездік

Руханият • Кеше

Ескі мен жаңа арасы

Руханият • Кеше

Би падишасы

Руханият • Кеше

Сапа қайтсе жақсарады?

Қазақстан • Кеше

Қайырымдылықтың үлгісі

Қазақстан • Кеше

Сақ дәуірінің тасы

Таным • Кеше

Ұқсас жаңалықтар