Тарих • 09 Наурыз, 2022

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жайлы жазбаларды оқығанда

7978 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 100 жыл толған қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова жайлы мәлімет іздеп отырып, апамызға Батыр атағы 1944 жылы 1 нау­рыз күні берілгенін көріп, бұл оқиға туралы баспасөз беттерінде не жазылды екен деген үмітпен ең әуелі «Социалистік Қазақстан» газетінің тігіндісін ақтар­дым. Үміт алдамады. Га­з­еттің 1944 жылғы 5 нау­рыз күнгі санына үлкен сержант М.Ж.Мәметоваға Кеңестер Одағының Ба­ты­ры атағын беру туралы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Указы және батыр қыздың май­дан­дағы фотосы қоса жарияланыпты.

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жайлы жазбаларды оқығанда

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қысқасы, осыдан 78 жыл бұрын дәл бүгінгідей наурыз айының  алғашқы аптасында Батыр атағын алған апамыздың құрметіне газет «Қазақ халқы батыр қыздарын мәңгі мақтан етеді» деген атпен айқарма бет мақалалар топтамасын және батыр қыздың майданға аттанар алдында құрбысы Фазила Жанаевамен бірге түскен фотосын жария­лапты. Фотобейненің астына «Фазила да құрбысы Мәншүк сияқты майдан даласында жүр» деген анықтама бар (Болашақта Ф.Жанаева жайлы да іздену қажет деген ой түйдік).

Газет бетіндегі естеліктердің ішінде ең соқталысы – Мәншүктің анасы Әмина Мәметованың «Менің сүйіктім» деген тақырыппен жазылған құнды мақаласы. Осы орайда Мәншүктің анасы Әмина жайлы айтар болсақ, бұл кісі – Кіші Орда билеушісі Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы Сүлеймен қажының қызы. Бұл кісі – 1924-1928 жылдары Саратов университетінің педагогика факультетін бітіріп, қазақ ағарту саласына үлес қосқан мұғалім адам. Кейін Орал және Семей облыстық оқу ағарту саласында қызмет атқарған. Әминаның жолдасы Алаш арысы Ахмет Мәметов 1938 жылы 11 қараша күні жазықсыз атылып кетеді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бұл отбасының батыр қызға қатысы жайлы төмендегі жазбада баяндалады.

Мәншүктің анасы Әмина Мәметова­ның естелігі:

– 1922 жылы Жасқұс деген жердің арғы жақ шетінде шеркес руының бір топ ауылы отырды. Соның ішінде Жеңсікәлінің үйі ерекше көзге түсетін. Жеңсікәлі де әйелі Толша да еш уақыт кісіге налығанын көрмедім. Жеңсікәлі етік тігеді. Толша ауқатты ағайындардың малын сауысады. 1922 жылы бұларда үймелі-сүймелі екі ұлы ғана бар еді. Әйелінің аяғы ауыр болатын. Кешікпей қыз туды. Жеңсікәлінің Досан деген ағайыны болатын. Ол әдемі ұзын бойлы келген ақ сақалы толқындап кеудесін жапқан айбарлы, көпті көрген сол кездерде 70 жас шамасында еді.

 – Жеңсікәлі-ау сенің ана балаларың Қойтоғытта туып еді, мына балаң киелі жерде туды. Аты Мәнсия болсын, – деп отырған жұрт алдында батасын берді.

Кедей болса да Жеңсікәлінің үйіне барсаң адамның кеткісі келмейтін. Жазда оқудан қайтқанда, ол үйде мен де көп болатын едім. Мен келіні бола тұрсам да балаларының бірінен кем көрмейтін. 1928 жылы мен оқуды бітіріп, Семей қаласына кететін болдым. Әуелі елге келдім. Мәнсия әп-әдемі қызғалдақтай кішкене қыз болып өсіпті. Жасы алтыға шыққан. Жасы келіп қалған Жеңсікәлі:

– Екі бала сабаққа кеткенде үңірейген үйдің мынау бір қыз бала шамшырағы болды, міне, күнібойғысы осы, – деп Мәнсияның барлық мінезіне сүйсініп, қуыршақ секілді әп-әдемі қызын ойнап жүрген жерінен көтеріп алып маған көрсетті. Мәнсияны менің де жақсы көретінімді олар білетін.

 – Осы қыз саған лайық, сен алып кет Әмина, – деп Жәңсікәлі баланы жерге қойды. Толша да:

 – Өлсе сұраусыз, ажалды болса қайда өлмейді. Рас алып кетші қарағым, ең болмаса қасыңда жүрсін, – деді.

Мен сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені екеуі де Мәнсияны ұлдарынан артық жақсы көретін. Ертең жүреміз деген түні:

 – Апаң алып кетемін дейді, барасың ба, Мәнсия? – деді Толша. «Барам» деді бала. Сол күні Мәнсияны алып Саратовқа кеттім.

Мәнсия өте сүйкімді бала болды. Жібектей созылған жұмсақ мінезі жағынан Толшаға тартса, намыскер, біреудің жөнсіз бойтеңелдігін көтермеу жақтары әкесіне ұқсаған.

Мәншүк – менің Мәнсияға сүйіп қойған атым. Ол атын Мәншүк өзі де жақсы көрді. Мектепке барғанда «Мәнсия» деп жаздырған едім. Өзі кітап қағаздарына «Мәншүк» деп жаза берді. Сонымен Мәншүк аталып кетті.

1929 жылы жазда ата-анасын сағынған болар деп елге алып келдім. Мәншүк менен қалмады. Содан кейін екеуіміз айырылған жоқпыз.

Мәншүк кішкене кезінен алыптар туралы ертектер, Қобыланды, Бекет, Исатай туралы, Құртқа, Ақжүніс туралы жырларды талай тыңдаған болатын. Әсіресе менің шешем ертекті көп айтушы еді. Мәншүктің анау-мынау кісілер істей алмайтын үлкен істерге ұмтылатын әдеті болды. Еліне, халқына қызмет етем деген адам білімді, бірсөзді, табанды болу керек деген сөздер кішкенесінен оның құлағына сіңген.

Мәншүк жас еді. Оның өлімі – маған үлкен күйініш. Жұбататын бірақ нәрсе бар. Ол – Мәншүктің ерлік көрсетіп, елі алдындағы міндетін ерлерше атқарып, қазақ халқының адал баласы екенін айқын көрсеткені.

Мәншүкте бауырмалдық, достық, туысқандық, жолдастық сезімі бала кезінен байқалатын. Семейде бірінші класта оқып жүрген кезде, қытайдың Хон-Пен деген баласын ересек қытайлар ұрып-соғып жүрген жерінен оның мектебі айырып алады. Баланы уақытша оқушылардың бірінің үйіне қою керек десе, Мәншүк оны үйге алып келіпті. Мен жұмыстан келсем, Хон-Пенді жетелеп губерниялық атқару комитетінің председателіне апарып (үйіміз қатар тұратын): «Сіз үлкенсіз, күшіңіз көп. Хон-Пенді жәбірлеген қытайды тұтқынға алыңыз» деп арыз айтып отыр... Хон-Пен бір айдан кейін детдомға берілді. Мәншүк демалыс сайын оған тамақ, ойыншық апарып тұрды.

Мәншүк көп сөйлемейтін. Мен оны өнебойы айналып, толғанып қоймайтын едім. Бірақ еркелейтін кезі болатын. Ондай кездерде мейірі қанарлықтай жылы сөздермен айналып, еркелеткенде көңілі өсіп қалатын.

Мәншүгімді мен өте жақсы көретін едім. Ол да солай еді. Мен оны қолдан келгенше жақсы тәрбиелеуге тырыстым. Бұл еңбегім далаға кетпеді. Сүйікті қызымның еліне еткен еңбегін, оның жарқыраған жап-жас бейнесін алдағы күндерді де көз алдымнан кетірмес үшін Мәншүк сияқты жаңа адамдар тәрбиелеуге қалған өмірімді сарп етемін.

1

Суретте: Мәншүктің ата-анасы Ахмет пен Әмина. 1935 жыл.

*  *  *

Газетке келесі естелікті «Қазақ қызы» деген атпен әдебиетші-ғалым Қажым Жұмалиев жазыпты:

– Бүгінгі қазақ қыздарының шын бейнесі – Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметова. Ол Батыс Қазақстанның қазіргі Орда ауданында туды. Батыр қызды мен 1932 жылы Оралда тәрбиелеп өсірген, оқытқан анасы Әмина Мәметованың үйінде көрдім. Онда ол тұлымшағын салмаған бала еді. Дөңгелек жүзді, тойған қозыдай монтиған, кіп-кішкене қараторы қыз қазақтың болашақ батыры екені мінезінен аңғарылып тұратын. Екінші рет Мәншүкті 1942 жылы дәл майданға аттанардың алдында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің алдында көрдім. Бір қарағанда, ол ұяң тәрізді көрінсе де оның от шашқан өткір қара көзі бойға біткен өрлік пен ерлігін аңғартқандай еді. Таныса келе ол Мәншүк бұдан 10 жыл бұрын Оралда көрген кішкене қызым болып шықты.

 – Қарындасым, баяғыда кіп-кішкене едің, тіпті өсіп кетіпсің ғой, – дедім.

 – Жас өсіп, жарлы байымай ма, ағай – деп Мәншүк менің сөзімді сыпайы сынап өтті. Мен оның сөзге тартымды жаттыққанын ұқтым да:

 – Шешең әдебиетші еді, ұтып сөйлеуге шеберліктен құр емес екенсің, – деп әзілді аяқтап, қал-жайын сұрадым. Ол өзінің физкультурница екенін айтты. «1941 жылы Москваға физкультурниктер парадына барғалы жатқанымда соғыс болып, жүре алмай қалып едім, енді немістермен майданда кездеспекпін», деді.

 – Шақыртты ма?

 – Жоқ, өзім сұранып, арыз бердім, – деді. Мәншүк бұл жолы да бірінші көргендегідей сыпайы-сынықтықтың, саналы, ақылдылықтың сүйкімділігінен басқа әсер қалдырған жоқ. Қазақ қыздарының осы тәрізді табиғи қасиеттері елінің ескіден келе жатқан дәстүрі екендігін бар әлемге танытып, қиын кезде өшпес даңқ, өлмес атақ етіп, тарих бетіне қалдырған. Бір айқаста бір өзі 70 немісті өлтірген, бүгінгі қазақ қызы Мәншүк Мәметова болды.

Күндер өтер. Сұрапыл соғыс та бітер. Жау өзінің қанына өзі тұншығар. Оқ тес­кен жараның орны бітіп, ел кемеліне келіп, кер торысын мінер. Қазіргі ауыр күн, ауыр тұрмыстар ұмытылар. Бірақ сенің атың ұмытылмас қазақтың ер қызы Мәншүк батыр. 

г

*  *  *

Келесі естелікті майдан тілшісі үлкен (аға) лейтенант Жекен Жұмаханов «Жас батыр» деген тақырыппен жазыпты:

– Біздің ішімізде Абдрахман дейтін биік келген түлкі мұрт аққұба жігіт бар еді. Оны елдегілер «Сұлу мұрт Абдрахман» деседі екен. Енді оны қызметіне қарай солдаттар «броня бұзушы Абдрахман» десетін болған. Оның өнерден құр емес екенін ыспаттайтын бір айғақ арқасындағы азық-түлік қабының аузынан домбыраның мойны көрініп тұратын.

 – Қазір қалаға кіреміз, осы жерде қазақ қызының атына қойылған көше бар, оны білесіңдер ме? – деді Абрахман.

 – Ол қандай қыз, кім болды екен? – дестік.

 – Ол қыз, қызым-ақ еді, – деді Абдрахман. – Бұл қызбен Алматыдан бірге аттанып, майданға келдік. Өзі көп оқыған екен. Оны штабқа писарь етіп алды. Мен болсам пулеметшімін. Бес ай өткенде әлгі қызға қайта кездестім... Ол да мен сияқты пулеметші болғысы келеді екен. Ақыры пулеметші болды. Бір күні атыс ойыны болды. Гвардия капитаны Соколов деген командиріміз бар еді. Сол кісінің берген 9 оғын пулеметші қыз 600 метр жерде тұрған нысанаға түгел тигізді.

– Сен мергенсің, – деді Соколов. – Ұрысқа дайындал!

– Иә, мен – дайынмын, – деді қыз.

Ұрысқа кірерден бір күн бұрын ол партия ұйымына арыз берді. Дәл шабуылға шығатын күні қыз пулеметтің қасында тұр екен. Қорқу деген ойында жоқ. Ол маған: «Әнші аға, баяғы әніңізді ұмыттыңыз ба, айтып жіберіңізші, деді. Бұл кезде ол аға сержант. Оның айтқанын орындамасқа болмады. Әндете жөнелдім...».

Мен дәл осы ұрыста байланысшы болып істедім. Әңгіме былай: қыздың пулемет расчеты биіктің қалтарыс бетіне орнықты. Лейтенант Теміровтің командасы бойынша қыз пулеметтің тұтқасын ұстай жауға оқ жаудырды. Немістер екі бүйірден қысты. Расчетындағылар қатарынан қыз жалғыз қалды. Бірақ пулеметі тоқтаған жоқ. Ақыры төбеге біз де келдік. Сонда біз қыздың пулеметі жайратқан жауды көрдік. Санағанда 70-тен асқан немістің солдаты мен офицерінің өлігін таптық. Қыз пулеметін құшақтап үнсіз жатыр. Оны тірі шығар деп ойладым. Жоқ ол көзін мәңгі жұмған екен. Оның салалы саусақтарын пулеметтен босатып алдым. Ол маған: «Әнші аға, Еңліктің жермен қоштасуын айтшы» деп жатқан тәрізденді. Абдрахман осы жерге келгенде көңілі босап, сұлу мұртын ширата берді...

*  *  *

Газет бетіндегі естеліктер жоға­рыдағы үш жазбамен шектелмейді. Батыр апамыз жайлы тағы бір авторы белгісіз «Ұлы Отанның батыр қызы» атты шағын мақалада: «Мәншүк 1938 жылы Алматы қаласында Сталин атындағы № 28 үлгілі мектептің 7 класын бітірді. 1940 жылы жұмысшы факультетін бітіріп, дәрігерлік институтқа түсті. Оқи жүріп Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңсесінде қызмет атқарды...» делінсе, Хамит атты автордың «Саратовқа сапар» атты жазбасында, алты жасар Мәншүктің 1928 жылы анасы Әминамен бірге Саратовқа қалай келгені жайлы тебіреніспен баяндалған екен.