Біз Есімсейіт атаммен көрші тұрдық. Бала күнімде сол кісінің қасынан шықпай әңгімесін тыңдауға құштар болдым. Әңгімені жүйелеп, сабақтап айтатын. Ауыл арасындағы дау-жанжал бола қалса, оны байыппен шешіп беретін. Тіпті ол кісімен совхоз басшылары да санасатын. Бір ақсақал осылай үн-түнсіз бір ауылды ақылымен басқарып отырды. Тоқсаныншы жылдардың басында Есімсейіт атам өмірден озды. Оның жолын Талқанбай атам ұстап қалды. Ол кісі де соғысқа қатысқан, салиқалы қарт еді. Кейінірек, Талқанбай ақсақал дүниеден озғасын ауылдың құты қаша бастады. Жөн білетін, сөз ұстайтындардың қатары азайды. Бүгінде осы қариялардың көзін көрген Егінбай әкем ғана бар. Ал ол өмірден озса…
Халқымыз ежелден жасы үлкен қарияны төрге шығарып, ерекше сыйлаған. Көпті көрген, айтары мол, саналы ақсақалдың сөзін екі етпеген. Елдің бірлігін солар сақтап отырды. Ешкім де олардың алдын кесіп өтпеді. Осындай ғасырлар бойы сақталған бай дәстүріміз бар-ды. Оның барлық киесі осы текті аталарымыздың бойында болды.
Бүгінде ақсақалдық жасқа кешегі кеңестік кезең тәрбиесімен өскен ағаларымыз да келді. Әрине, олардың ішінде «алдыңғы толқынның» асыл қасиетін алып қалған текті азаматтар бар. Бірақ олардың қатары сирек. Осындайда өзім көзіммен көрген аталарымды сағынам. Бұрын алпыстан асқан кісі шал саналатын. Ол дастарқанның төріне шығып, бас ұстап, бата беретін. Ескі әңгіме, шежіре шертетін. Өзіміз ауылға барғанда байқаймыз, алпыстағы ағалармыз шежіре шертпек түгіл «қария» десек, ептеп қомпаңдап қалады.Қазір алпысты қойып, жетпіске жеткен «көкелеріміз» де қартайғысы келмейді. Өткен жолы бір тойда жетпістегі ақсақал жиырмадағы қызбен билеп, жұртты таң қалдырды. Ақыры, тойдың соңында үлкеніміз деген сол кісіден екі жасқа бата сұрағанда, оны айта алмай қара терге түсті.
Меніңше, пайғамбар жасына жеткен адамды қария деп айтуға болады. Қожа Ахмет Ясауидің өзі: «алпыс үшке келдім, енді былайғы өмірім күпірлік, пайғамбардан аспақ күнә» деп өзіне тоқтам жасап, ғұмырының ақырғы он жылын жер астындағы қылуетте өткізіпті. Данышпан бабамыздың осы сөзі де адамды философиялық ойға жетелейді.