Басқосуда мектепке дейінгі сапалы және орта білім алу, медициналық қызмет, жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге қол жеткізу, көпбалалы отбасылармен және ерекше күтімге мұқтаж балалармен жұмыс істейтін ҮЕҰ арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырудың тиімділігі мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар қазіргі көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бірыңғай жәрдемақыға ауыстыру мәселесіне жеке тоқталды. Қала әкімі көпбалалы аналардың ұсыныстарын екшелеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен талқылауға уәде берді.
Кездесуде көтерілген өткір мәселенің бірі балаларды әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, ыстық тамақпен қамтамасыз ету мен оның құнарлылығын арттыру болды. Бұл ұсынысқа Е.Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Балалар жылы» аясында әкімдік қажетті жұмыс жүргізгенін, ресурстар тапқанын, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Алматыдағы мемлекеттік мектептердің барлық бастауыш сынып оқушылары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
«Балалардың сапалы тамақтануын ұйымдастыру үшін Білім басқармасы теңгерімді және әртүрлі рационды құру мәселесін пысықтады. Қаржыландыру мәселесі жергілікті бюджетті нақтылау шеңберінде мәслихатта қаралады», деді Е.Досаев.
Мектептерде оқушы орындарының жетіспеушілігі және балабақшаларға кезек тақырыбы ерекше пікірталас тудырды. Бүгінде қала мектептерінде 19 611 орын, балабақшаларда 41 080 орын жетіспейді. Бала туудың жоғары болуына және халықтың мегаполиске белсенді көшуіне байланысты жыл сайынғы өсім тиісінше 15 мың және 8 мың баланы құрайды.
«Алматыда мектептер мен балабақшаларды салуға бос жерлер мүлдем жетіспейді, ал құрылыс қарқыны тек жыл сайынғы өсімді жабуға мүмкіндік береді», деп атап өтті қала басшысы.
Алматы қаласының әкімі биыл мектептерде 15 461 орынға, балабақшаларда 39 520 орынға дейін орын жетіспеушілігі азаятынын айтып отыр. Таяу уақытта әкімдік осы мәселелерді шешуді жеделдету үшін қосымша шаралар әзірлеп, ұсынатын болды.
Кездесу барысында ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу, мүгедектікті ерте анықтау мәселелері мен соның салдарынан балаларды одан әрі әлеуметтендірудің мүмкін еместігі, тиімсіздігі сөз болды.
«Балабақшалар мен мектептерде балаларды оңалту, емдеу, инклюзивті қолдау – бұл әкімдіктің әлеуметтік блок басқармалары жұмысының негізгі міндеті. Балаларды инклюзивті дамытудың қазіргі бағдарламасы қайта қаралатындықтан, осы жұмысқа қаланың мүдделі қоғамдық қорлары мен ҮЕҰ-ларды белсенді қатысуға шақырамын», деді мегаполис басшысы.
АЛМАТЫ