Бизнес • 10 Наурыз, 2022

755 кәсіпкердің өтініші мақұлданды

135 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасының салдарынан елдегі шағын және орта бизнес өкілдері миллиардтаған шығынға ұшырады. Оның ішінде Алматыдағы жағдай белгілі, 1 413 кәсіпкер зардап шегіп, шығындары 34,3 млрд теңгеден асып түсті. Содан бері Үкімет алдында ел экономикасын тұрақтандыру міндеті күн тәртібінен түс­кен емес. Әсіресе, Алма­ты­дағы жағдайдың күр­де­лі болғанына қарамас­тан, қазірдің өзінде өті­ніш­тердің жартысы қаралып, 10 наурызға дейін ШОБ өтінімдерінің 90%-ын қанағат­тандыру жоспарланып отыр.

755 кәсіпкердің өтініші мақұлданды

Алматы қалалық кәсіпкерлер па­ла­та­сының директоры Айтуар Қош­мамбетов осы мәселеге орай кезекті рет БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, істің қазіргі жай-жапсары туралы баяндады. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін залал көлемін есептеу үшін Алматыға 50 прокурор мен 80 тергеуші жіберілген. Бүгін­ге дейін жалпы шығыны 2 млрд теңге­ден асатын 755 кәсіпкердің өтініші мақұлданды. Өтемақының жартысынан көбі мемлекеттік бюджеттен қар­жы­лан­­дырылған. Естеріңізге сала кетейік, жеңіл­детілген тәсіл бойынша берілетін өтем­ақы көлемі 3 млн теңгеден 10 млн-ға дейін артқан еді. Бұған қоса өтініш­терді қарау 1 айдан 2 аптаға дейін қысқарған.

– Жеңілдетілген өтемақы бойынша біздің тарапымыздан алты түрлі ұсы­ныс жасалып, бекітілді. Тағы бір ұсы­ныс­ты Мемлекет басшысы бекітті. Кә­сіпкерлердің 10 млн теңгеге дейінгі кез келген шығыны жеңілдетілген жүйе­мен қарастырылады. Зардап шеккен шағын және орта бизнеспен айналыса­тын кәсіпкерлер шығынын жылдық са­лық көлемі немесе сот сараптамасы ар­қы­­лы дәлелдей алады, – дейді Алматы қа­ла­сы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

А.Қошмамбетов шығынды өтеу рәсімі барысында растайтын құжаттары жоқ көптеген кәсіпкерге байланысты мәселе туындағанын айтады.

– Қазір бізде тауардың бар екенін растайтын ұрланған құжаттармен туын­даған жағдайды шешуде қандай да бір ұсыныстар жоқ. Біз бұл мәселені кәсіби аудиторлар, бухгалтерлер, заңгерлер мен тергеу органдарының қатысуымен зерттеп жатырмыз және Үкіметке ұсы­ныстар енгізуге дайынбыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер шығын сомасын екі тәсілмен растай алады. Яғни салық органдарында бар айналымдардан есептеу немесе сот сараптамасын жүргізу арқылы, – деді А.Қошмамбетов.

Өтінім берген кезде келтірілген залалға байланысты кәсіпкер жеңілде­тіл­­ген тетік бойынша, яғни сот сараптамасын жүргізбестен өтеудің бір немесе бірнеше санатын (жылжымайтын, жылжымалы мүлік, тауарлық-материалдық құндылықтар) таңдауға тиіс.

Өтем сомасын есептеу рәсімімен ке­ліспеген жағдайда өтініш беруші қыл­мыстық іс жүргізу кодексі шеңбе­рінде сот сараптамасының қорытын­ды­ла­рын қоса бере отырып жүгінуге құқылы.

Сондай-ақ спикер зардап шеккен бизнесті орналастыру үшін алаңдар бөлінгенін жеткізді. Мысалы, «Байзақ» бизнес-орталығы 10 кеңсе орнын, Fifty four коворкинг-орталығы 50 жұмыс орнын, «Qaynar Bulaq – Алматының қайнау көзі» коворкинг-орталығы 15 жұмыс орнын ұсынған.

Бұған қоса «Наркостоп» жобасының еріктілері мен «Света вокруг Света» оқу орталығы зардап шеккен екі орын мен қала әкімдігін тазалауды ұйым­дастырған. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауым­дас­тығы да қарап қалмай, зардап шеккен­дерге корпустық жиһаз дайын­дау­ға көмек көрсетті. Сол сияқты Сәу­лет­шілер, дизайнерлер және құры­лыс индустриясының өзге де кәсіби қатысушылары қауымдастығының мү­­ше­­лері екі кәсіпкерге арналған жұм­сақ жиһаз дайындауға тегін қызмет көрсетті.

Өз кезегінде «КӨМЕК-Астана» ЖШС медициналық мекеме қызмет­керлеріне өзіндік құнынан төмен баға­мен 1 583 костюм дайындауға көмек­тесті. Тағы бір «Ар Шона» кәсіп­ор­ны терезелерді қалпына келтіру үшін қаражат бөлді. Алматылық биз­­нес­мендердің бірі екі кәсіпкерге 500 мың теңге көмек көрсетті. Осындай оң­ды оқиғалар Алматының іскерлік ор­та­сының қалпына келетініне септесіп жатыр.

Қорыта айтқанда, қаңтардағы оқиға­лар кезінде зардап шеккен бизнеске қар­жы­лай қолдаудың жалпы сомасы 2 029 313 422 теңгені құрады. 23 қаңтар мен 23 ақпан аралығында алматылық кәсіп­керлер Infokazakstan.kz сайтын пайдалана отырып, 1 752 өтінім берсе, кей­бі­реу­лер өтініштерін бірнеше рет жол­да­ған. Сондықтан сайтта қазіргі уақытта өті­нім­дердің жалпы саны – 1 752. Ақпарат қоңы­­рау шалып, нақтыланғаннан кейін жал­пы сомасы 34 316 437 000 теңге­ге 1 413 кәсіпкердің зардап шеккені анықталды.

– Қазіргі уақытта комиссия жалпы сомасы 2 029 313 422 теңгеге 755 өтінімді қарады, онда мемлекеттік бюджеттен 1 274 398 461 теңге сомаға 379 өтінім қаржыландырылды. Қалғандары «Жаңа Алатау» және «Күш бірлікте» қорларымен қаржыландырылады, – дейді А.Қошмамбетов.

Мақұлданған өтінімдер арасында негізінен зергерлік бұйымдар, ұялы телефондар, киім-кешек саудасына қатысты өтінімдер басым (310), одан кейін 36 бизнес-орталығы мен 26 қо­ғамдық тамақтану нысанының шығын­дары өтеледі.

Осылайша, Президенттің шұғыл көмек көрсету жөніндегі тапсырмасы аясында бизнеске шығынның барлық санаты үшін 10 млн теңгеге дейінгі төлем сомасымен жеңілдетілген есеп бойынша шығынды өтеуді жүзеге асыру, сондай-ақ «жабдық» санаты үшін оңайлатылған тетікті қолдану және адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеудің орнын толтыру ұсынылды. Бұл шаралар өтінімдерді қарау мерзімін бір айдан екі аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ