Ал бір күндері Зәржан кеселге душар боп, Омбыда операция жасатып, кейін ол қағынып, сол асқынудан дүние салады. Майра жесір қалып, өзінің туған жері Керекудегі анасының қолына келіп тұрады. Жүрегінде мұң, алды-бұлдыр, арман-күңгірт...
Қанша дегенмен, өмірдің өз әуені, өз жолы бар. Ел думанының сәні үшін жаратылған Майра тағы бір жылт еткен үміт сәулесін көреді. Керекуде болып жататын сұхбатты отырыс, дулы жиындардың бірінде ол жаңасемейлік жігіт Әбілмәжінмен танысады. Әбілмәжін-орысша, қазақша жорғалаған жаны сергек, сері, балуан жігіт. Майра Әбілмәжінге бірден ден қояды. Көп ұзамай екеуі қосылады. Бұл – 1918 жыл. Академик Ахмет Жұбанов Майра өмірінің осы бір кезеңін «Замана бұлбұлдары» атты кітабында: «... Майра Керекуден шешесін көшіріп алып келіп, біржола Семейге орнығады. Әбілмәжінмен сүрген өмірі бұлтсыз ашық күндей көңілді өтіп жатады...»(253-254-беттер).
Дәл осы бір бақытты шағында Семей жұрты Майраның «Бақша» деген жаңа әнін шырқата бастайды. Бұл әннің әр сөзі Әбілмәжінге арналады. Майра бірінші шумағында:
Дос тұттым, болдым жақын,
тіліңе ердім,
Басқадан сені ерекше артық көрдім.
Кіршіксіз махаббаттың қойынында,
Өзің біл, жүрегімді хаққа бердім.
Мейілің суыққа үсір,
Мейілің суға түсір
Әйтеуір құдай дедім, қасыңа ердім,
Ой, ха-лай- лім! – деп өз тағдырына мың да бір шүкіршілік етіп, шаттанады, шалқиды.
Бірақ Майраның бұл алаңсыз, мәз күндері көпке бармайды. «Адам сөзіне аспандағы бұлт та азады екен ғой» деп Әбілмәжіннің ықылас, пейілінен салқындық сезеді. Майра өзі жайлы гулеген ел сөзіне күйеді. Сумаңдаған нақақ сөз Майрадай асыл жанның қадір-қасиетіне дақ түсіріп, Әбілмәжін одан суып, жатсынады. Майра оны ақылға келтірмек боп:
Әр істің ақырында сабыр жақсы,
Пайдасыз жиған малдан қадір жақсы.
Жігіт боп бір атыңды шығармасаң,
Жүргенше өйтіп тірі қабір жақсы,
– деп арлы жүрегі діріл қағады.
Семейде осы ән айтылған сайын Майраның ғазиз басын ана жігітке бір, мына жігітке бір теліген көп қаңқу сөз ақыры Әбілмәжін екеуін ажыратып тынды. Қызғаныш пәк махаббаттың түбіне жетеді. Осы кезде Майраның шешесі өледі. Академик Ахмет Жұбанов Майраның осы бір күйзелісті халін:.. «Сөйтіп, Керекуден үшеу болып келген Майра Әбілмәжіннен тірі айырылып, шешеден өлі айырылып, Керекуге жалғыз қайтады...» деп жазды. (253-254 беттер.)
Майраның үміті тағы сөнді. Арманы алдады. Дүние опасыз, оған енді бәрі суық, бәрі жат, бәрі сенімсіз. Ол – жалғыз. Тақсірет... торыққан Майраның ендігі әр сөзі:
Кереку күйіп кетсін қала болып,
Көргем жоқ өмір мұндай бала болып.
Ішкенім алты ай жаз қайғы шайы,
Байланды көкірекке нала болып,
– деген секілді у толы жүрегінен көз жасындай боп үзіліп түсе береді.
1963 жылдың июль айында осы жолдардың авторы Павлодар облысының Май ауданынан келген әйгілі әнші Байғабыл Жылқыбаевтан Қазақ радиосы концерттік студиясында жаздырған «Теміртас», «Бір мысқал» әндерінің шығу тарихын жазып алған-ды. Сол әңгіме үстінде Байғабыл ақсақал Майраға шәкірт боп, үйінде жатқанын, бірге ән салып жиын-тойларға барғанын айтып, әлгі әндермен бірге Майраның ешкім білмейтін «Толқын», «Бақша» әндерін де қоса жаздырғанын разылық сезіммен баян еткен-ді. Бұл әндер бүгінде радиодан әр кез беріліп тұрады.
Александр Викторович Затаевичтің «Қазақ халқының 500 ән, күйі» атты жинағында (1931) атақты ғалым, академик Қаныш Сәтбаев жиырма алты ән жаздырған. Солардың ішінде Майраның «Арғы жағы Ертістің» деген әні бар. Затаевичтің тілегімен Қаныш Сәтбаев сол әндерді еркін аударып, орысшалап берген. Затаевич болса, ол Майраның екі әнінің орысша аудармасын шатастырып, «Бақша» әнінің:
Привязалась,
стала тебе близкою и послушною.
Предпочитая другим твою
наружность.
Безупречны твой вид твоя речь,
А сущность и душу – поручаю богу!
Хоть морозь холодом,
Хоть бросай в воду.
Я все-таки пойду за тобой,
Будучи тебе тысячу раз благодарной,
За то, что обратил ты на меня внимание!
– деп келетін осы шумағын «Ертістің арғы жағы...» әнінің сөзі ретінде түсіндіреді. Әрине, бұл зерттеушінің жаңсақ кеткен жері.
«Бақша» әніне Затаевич: «...Бұл керемет, жаныңа тиетін, қайғыға толы мелодия» деп таңғалған өзінің Майра жөніндегі түсінік сөздерінде.
Ал академик Ахмет Жұбанов: «..Қалай дегенде де «Бақша» – әннің асылы. А.Затаевичше айтқанда, Майраның өзі қалдырып кеткен «Аза әні» деуге болады» деп түйін жасайды. (257-бет.)
Ару Майраның Әбілмәжінмен махаббатының ұмытылмас ауыр зары оның ең соңғы... иә, ең соңғы әні – «Арғы жағы Ертістің...» әнінде тереңдей түседі.
Илья ЖАҚАНОВ