Спорт • 10 Наурыз, 2022

Ақ жол, Артем!

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең үздік бес промоушеннің бірі – Ресейдің АСА лигасы алдағы айларда жеңіл салмақта күш сынасып жүрген ең мықты сегіз спортшының басын қосып, жақсы бір жарыстың жалауын желбіретуді көздеп отыр. Сол дүбірлі додада біздің Артем Резников та өнер көрсетеді.

Ақ жол, Артем!

Артем Резников – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тумасы. Жасы 30-да. Бозбала шағында еркін кү­реске мықтап ден қойған ол бір­қатар жарыста жүлде алды. Содан кейін «Соңғы император» атанған даңқты спортшы Федор Емельяненкоға еліктеп, аралас жекпе-жекпен айналыс­ты. Бұл ретте де Артем елеулі табыстарға қол жеткізді. 10 жылдан астам уақыт ішінде 28 кездесу өткізіп, 22 рет жеңіске жетті. 17 қарсыласын есінен тандырды. 70 кило салмақта күш сынасып жүрген жерлесіміз алғашқы то­ғыз жекпе-жегінде жеңіске жетсе, оныншы мәрте октагонға шық­қанда ресейлік Георгий Ки­чигинге ұпай санымен есе жі­берді. Одан кейін ол тағы бес бәсекені өз пайдасына шешті.

А.Резниковтің спорттық ғұмы­рында құлдырау кезеңі де бол­ды. 2016-2017 жылдары ол қатарынан бес кездесу­де жеңілістің кермек дәмін тат­ты. Бірақ бұл жағдай жерлесі­міздің жігерін жасытқан жоқ. Керісінше, әр сәтсіздіктен сабақ алған Шығыстың шымыр жігіті одан кейінгі сегіз бәсекеде өзінің үстемдігін паш етті. Яғни 2017 жылдың қараша айынан бері ол ешкімнен жеңілген жоқ. Рез­никовтен таяқ жегендер ара­сында ресейлік Михаил Бала­кирев, Хасан Халиев, Хамзат Аушев, Юсуф Раисов және тағы басқа танымал спортшылар бар. Қазіргі кезде отандасымыз АСА рейтингінде үшінші орынды иеленуде. Қазіргі кезде көптеген жанкүйер Артемнің жеңіл сал­мақтың үздігі Абдул-Әзиз Аб­дулвахабовпен чемпиондық белбеу үшін өтетін бәсекесін тағатсыздана күтуде.

Аталған жарысқа қатысатын сегіз спортшының әзірге алтауы­ның ғана есімі белгілі. Солардың қатарында Артем Резниковтен бөлек, америкалық Луис Пенья, бразилиялық Хакран Диас, ресейлік Али Багов, Эдуард Вартанян және Юсуф Раисов сынды спортшылар бар. Бұл жігіттердің барлығы да «кіммен болса да айқасуға даярмыз» деп жұлқынып тұр.

28 жастағы Луис Антонио Пенья Италияның Неаполь қала­­сында дүниеге келген. Кейін­нен Америкаға қоныс ауда­рып, АҚШ-тың азаматтығын алды. Лақап аты – «Ашулы» («Violent»). Барлығы 14 мәрте жек­пе-жекке шыққан ол 10 рет жеңіс тойын тойлады. Соңғы тоғыз кездесуін Пенья UFC-де өт­кізді. Луис – «қылқындыру» әді­сін орындаудың хас шебері.

Хакран Диастың жасы – 37-де. Ол Рио-де-Жанейро қаласында туып-өсті. Джиу-джитсуды же­тік меңгеріп, қара белбеу иегері атанған бразилиялық осы спорт түрінен үздіксіз өтіп тұратын жарыстарға сонау 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2012-2017 жылдар аралығында Диас та UFC-де өнер көрсетті. Барлығы 34 рет октагонға шыққан Оң­түстік Америка оғланының 26 рет мерейі үстем болды. Сол бәсе­келерінің тең жартысын ол мерзімінен бұрын аяқтады.

31 жастағы Али Багов – Қабарда-Балқардың тумасы. Ол – джиу-джитсудан әлем чемпионы, грэпплингтен дүние­жүзілік әскерилер ойында­рының жеңімпазы. Аралас жекпе-жекпен 2009 жылдан бері айналысып жүрген Али 42 мәрте айқас алаңына шығып, 31 рет көздеген мақсатына қол жеткізді. Сегіз сайысты айқын басымдықпен аяқтады. Осыдан 12 жыл бұрын Багов жас жұлдыз Хабиб Нурма­гомедовпен шеберлік байқасып, одан ұпай санымен ұтылды.

30 жастағы Эдуард Вартанян Ереванда туды. Ертеректе ол ата-анасымен бірге Мәскеудің іргесіндегі Видное қаласына кө­шіп барды. Ол самбодан Әлем ку­богының иегері атанса, тай-бокстан Ресей чемпионатын­да топ жарды. Октагонға 26 мәрте шыққан Вартанян 22 рет үстемдік танытты. Сол бәсекелердің тең жартысында қарсыластарын есінен тандырды.

Юсуф Раисовтың есімі біздің жанкүйерлерге жақсы таныс. Чешенстанда соғыс басталған кезде болашақ спортшының әке-шешесі Ресейдің Саратов облы­сына қоныс аударды. Сол жерде Юсуп дүние есігін ашты. Жауынгерлік самбоны жақсы меңгерген ол 2014 жылы аралас жекпе-жектен өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. Содан бері 20 рет айқас алаңына шығып, соның тек екеуінде ғана ұтылды. 11 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. «Борз» («Қасқыр») деген бүркеншік есімді иемденген 26 жастағы спортшының жолы қазақстандықтармен екі мәрте қиысты. Осыдан сегіз жыл бұрын астанада ол Жұмакелді Жалғасұлын жеңсе, 2020 жыл­дың күзінде Мәскеуде Артем Резниковқа есе жіберді. Кезінде Юсуп жартылай орта салмақта аталған лиганың чемпиондық белбеуін иеленді.

Алдағы АСА турнирінде сегіз саңлақ үстіміздегі жылдың соңына дейін бір-бірімен ай­қасып, солардың арасында кімнің мықты екені анықталады. Бас жүлдені олжалаған спортшы 200 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Өзге жігіттер де құралақан қалмайды. Олар да өзде­рінің жеткен межелеріне сәйкес ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал осы жарыстың жалпы жүлде қоры 800 мың долларды құрап отыр.