Бизнес • 10 Наурыз, 2022

Кәсіпкерлік дамымаса, ауыл түзелмейді

415 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр Ақтөбе облысының 15 елді мекені көгілдір отынмен қамтылса, биыл сәуірден бастап 500-ге дейінгі тұрғыны бар он шақты ауылға құбыр тарту жұмыстары басталмақ.

Кәсіпкерлік дамымаса, ауыл түзелмейді

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Оның қатарында Темір ауданының Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Алтықарасу және Еңбекші ауылдары бар. Сондай-ақ биыл осы ауданның Саркөл, Шығырлы, Қалмаққырған, Еңбекші елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу құбыры жүргізілмек. Бұл туралы аудан әкімі Саламат Аманбаевтың Шұбарқұдық кентінде өткен тұрғындармен кездесуінде айтылды.

25 елді мекені, 40 мыңға жуық тұр­ғы­ны бар Темір ауданының шешіл­ме­ген мәселелерінің қатарында мұнай кеніштерінен шығып жатқан ілеспе газдың ауаға таралуы, топырақтың мұ­най қалдықтарымен ластануы тұр. Бұ­зыл­ған ауа, бүлінген табиғат тұр­ғын­дар денсаулығына көп жылдан бері зиянды әсерін тигізіп келеді. Бүгінде Темір ауданында 846 мүгедек тіркелсе, Кеңқияқ ауылында мүгедек болып туыл­ған сәбилер саны көбейіп барады. Айта кету керек, Ақтөбе облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Осы аудан екпе алудан облыста ең төменгі орында тұр. Екпеге қарсы тұратындардың қай ауданда басым екені коронавирусқа вакциналау басталғанда бірден байқалды. Пандемия ауыл-аудан дәрігерлеріне көп салмақ түсірсе, солардың қатарында екі жылдан бері демалыссыз жұмыс істеген Темір ауданының дәрігерлері де бар. Осы ауданда былтыр жеті адам коронавирустан, екі адам пневмониядан қайтыс болды.

Пандемиядағы шектеулерге қарамас­тан өткен жылы да ауданда әлеу­меттік нысандар құрылысы мен ин­женерлік желілер жүргізу жұмыстары тоқтаған жоқ. Аудан әкімі Саламат Аманбаевтың айуынша, былтыр Шұбарши ауылында 320 орындық мектеп-интернат, дене­шынықтыру-сауықтыру кешені салы­нып, төрт ауыл мектебі мен бір бала­бақ­шаға күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді.

Ауылдың көркі – жас маман десек те, осы кезге дейін елге келген жастарды әлеуметтік қолдау тетіктері жүйеленген емес. Соның бір мысалы, биылғы оқу жылында Еңбекші мектебіне жұмысқа келген екі мұғалім ауылдан бос үй таппай, біреудің үйінен бөлме жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Бұл туралы ауыл тұрғыны Алмасбек Боранқұлов былай дейді: «Баспана болмаған соң ауылда жас маман тұрақтамайды. Адам саны тұрақты, әлеуметтік нысандары бар ауылдарда коммуналдық үйлер салынса, жастар орнығар еді. Біз мектепте бала саны азайып қалмауы үшін 4-5 баласы бар ағайындарды жан-жақтан көшіріп әкеліп, қорасына мал салып, қаржылай көмек бердік. Себебі мектеп жабылса, ауыл жоғалады».

Сарытоғайдың тұрғыны Есбол Мәулімнияздың айтуынша, соңғы екі жылда көшіп келушілердің арқасында ауыл тұрғындары 24 адамға көбейген. Биыл да көрші ауылдардан он үй көшіп келмек болып, осы ауылдың жігіттеріне үй тұрғызып беруге тапсырыс берген. Ертеректе көшіп кеткен үш отбасы да биылғы жазда қайтып көшіп келмекші екен. Осыдан көрініп тұрғандай, елді ме­кен­дерге газ жүргізіліп, су тартылса көшіп келуге ықыласты жұрттың қара­сы көбейеді. Темір ауданында матема­ти­ка, биология пәндері мұғалімдері же­тіс­пейтінін, керісінше балабақша тәрбие­шілері мен бастауыш мектеп мұғалім­де­рінің саны көп екендігін де айта кету керек.

Темір ауданының жылдық бюджеті – 8 млрд 400 млн теңге. Былтыр төрт ауыл­дық округтің әкімі сайланды. Ауыл­дық округтерді дамыту бағдар­ла­ма­сына сәйкес ендігі жерде жер, мүлік, көлік са­лықтары сол елді мекеннің босаға­сын­да қалады. Жергілікті салық­тардан түс­кен қаражатты қайда жұмсауды ауыл әкімі мен қоғамдастық мүшелері ше­ше­­ді. Ақтөбе облысының шағын елді ­ме­кен­де­рінде жиналатын салық түсім­де­рі соншалықты көп болмаса да, ауыл бюд­жетін қалыптастырудың төте жолы деу­ге болады. Егер де кәсіпкерлік пен мал шаруашылығы дамымаса, өңдеуші ұсақ кәсіпорындар құрылмаса, салықтан түсетін аз ғана қаржымен ауылдың алға өр­лемейтіні шындық. Оның үстіне, ауыл экономикасын қағаз жүзінде тір­кел­­гендер емес, бірнеше адамды жұ­мыс­пен қамтитын, тұрақты салық тү­сім­дері бар шаруашылықтар ғана дамыта алады. Бұл жағынан алғанда мал шаруашылығын, егіс-көкөністі дамытуға арналған мем­ле­кеттік бағдарламалар арқылы өңі­р­дің азық-түлік қоржыны қан­ша­лық­ты деңгейде жергілікті өніммен толықты деген сұраққа жауап жоқ.

Ауыл кәсіпкерлерінің алдынан шыға­тын кедергілер де жойылар емес. Ең бірінші тосқауыл – жылжымайтын мү­лікті тәуелсіз бағалаушылардың тұр­ғын үйлерді өте арзанға бағалауы. Мәселен, аудан орталығындағы кірпіштен са­лын­ған 100 шаршы метр тұрғын үйді тәуелсіз бағалаушылар 4-5 млн теңгеден асырмағандықтан, банктер де беретін несие сомасын азайтып тастайды. Расын­да банктер мен микроқаржы ұйым­­­дары жылжымайтын мүлікті тәуел­сіз ба­ға­лаушылармен тығыз байланыс­та. Соңғы құрылымның жұмысына аудан­дық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Есенбол Жолдығарин да наразы. Мәсе­лен, былтыр Atameken Aktobe микро­қаржы ұйымы Темір ауданынан ұсы­ныл­ған он жобаның жетеуін ғана мақұл­даса, мұнымен бір кезде «Ауыл шаруа­шы­лы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ мамандары мал шаруашылығына несие беру бағдарламасына ұсынылған 57 жобаға қолдау білдіріпті. Осыдан көрініп тұрғандай, бір қаладағы екі қаржы ұйымы екі түрлі жұмыс істейді. Біреуі тез, құжаттарды қарау мерзімін 14 күннен асырмайды, екіншісі кәсіпкерді жарты жыл күттіріп отыр. Соның бір мысалы, Шұбарқұдық тұрғыны Ира Алдашева үйін кепілдікке қойып, Atameken Aktobe микроқаржы ұйымынан несие алуға жеті ай бұрын құжат тапсырған. Жауап жоқ. Алайда осы сипаттағы кедергілерге қарамастан, Темір ауданында 2 439 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Бір жылдың ішінде кә­сіп­­керлік нысандары 139 бірлікке көбей­­ген. Әсіресе тұрғындар саны көп Шұ­бар­құдықта көптеген дүкен, көлік жөн­­­дейтін орталық, дәмханалар, қыз­мет көр­сету орталықтары бар. Алайда Темір ауданында өрт көп, әсіресе аудан орта­лы­ғында жаз бойы тұрғын үйлер, дү­­кендер, жұрттың қорада жинаған шөбі өртенді. Жаңа жылдың алдында ғана азық-түлік дүкені өртеніп кеткен Гүлсім Сүлейменова қаскөйлердің қасақана өртегеніне сенімді. Өйткені 26 желтоқсанның түнінде бір жігіттің дү­кенге бұзып кіріп, қолына пакет ұс­тап шыққаны, бірер минуттан соң дү­кен­нің іші өртенгені көше бойындағы бей­не­камераға түсіп қалған. Осы дүкен кәсіпкердің банктен алған несиесі үшін кепілдікте тұр.

«Қаскөйді тезірек табу керек. Биз­не­сімді жүргізу үшін бірер жыл бұ­рын несие алғанмын. Кепілге қойған ғимарат өртенді. Енді оның орнына бір жыл ішінде басқа кепілге жылжымайтын мүлікті қоюым керек. Оны қайдан табамын? Тұтас өртенген ғимаратты қалпына келтіру оңай емес, дүкен іші жанып кетті», дейді Гүлсім. Осы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығына сұрақ қойғанымызда, ол өртенер алдында кәсіпкер айтқандай бейнетаспаға күдіктінің түсіп қалғаны, бірақ тергеудің әлі аяқталмағанын хабарлады.

Ауданда бірнеше спорт нысандары, денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Жаңа тұрғызылған нысандар облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының меншігіне беріле бастаған. Ауылдан талантты спортшыларды тәрбиелеп, чемпиондар қатарына қосу үшін жақсы жаттықтырушыларды жұмысқа тартып, қаржыландыру жағын ретке келтірген жөн. Темір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, волейбол, футбол, шахмат секцияларында 1 058 бала жаттығады. Алайда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы балалардың жарыстарға қатысуына қаржыны жеткіліксіз қарастырған. Өткен жылы осы мақсатқа басқармадан 2,5 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыны 1 058 балаға бөлген кезде әр оқушыға 2 360 теңгеден ғана келеді де, оқушының жол билетіне, дайындығына, спорттық киімдер алуына, тамақтануына жетпейді. Сол себепті де аз қамтылған отбасылардың спортқа құштар балғындары жарыстардан шеттеп қала береді. Жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан балалардың спортты тастап кетуіне де негізінен осы жағдай себепші дейді мектеп директоры Руслан Кенжеғалиев. Дегенмен, спортшы бала­лар­дың арасынан үздіктер шығып жатады. Мәселен, 15 жастағы Серік Сәбит еркін күрестен Қазақстан біріншілігінде 3-орын алса, екі жасөспірім өткен жылы Алматыдағы республикалық спорт мектеп-интернатына оқуға қабыл­дан­ды. Спортқа бейімділігі бар балалар қаржыландырудың аздығынан шеттеп қалып жатқандықтан, осы мек­теп­тердің қаржыландыру жүйесін қайта қарау қажет. Өкініштісі, үлкен спорт­қа шығуға таланты болса да, ақшасы жоқ ауыл балаларына тиесілі қар­жыны қаладағы пайдасыз спорт клубтары ұятсыздықпен ұрлауды жал­ғас­тырып келеді. Соның ішінде пайдасыз футбол клубтары мен теннис орта­лықтары бар. Мемлекет қаржысы дәстүрлі спорт түрлерін, бұқаралық спортты дамытуға, ауыл балаларының жа­рыс­тарға қатысуына жұмсалсын деген ұсыныс жанашырлықтың көрінісі.

Темір ауданы тұрғындары осындай өзекті мәселелерді көтерді. Назар аударарлық жайт, соңғы уақытта ауыл тұрғындарының белсенділігі артып келеді. Олар аудан-қала әкімдерінің жұрт­шылықпен кездесуінде нақты сұрақ­тарды қойып қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп жүргеніне куә болып жүрміз. Бұл билік пен қоғам арасындағы байланыстың басқа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады.