Осы шағын қалашықта 1966 жылы тамыз айының 18-21 күндері «Алтай – 66» деген атпен кеңес-моңғол жастарының халықаралық фестивалі өткен еді. Бұл оқиға бүгінде елдің есінде қалмаса да, атақты әнші Эдита Пьеханың: «Расскажи ты мне, дружок, Что такое Манжерок, Может это островок, Может это городок» деп шырқайтын «Манжерок» әнін (музыкасы О.Фельцмандікі, сөзі Н.Олевтікі) жұрт ұмыта қоймаған болар.
Осы орайда, айтпағымыз аталған фестивальға қазақстандық жастар атынан Совет дейтін шопан қатысса, Моңғолия Республикасы атынан атақты желаяқ, қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет жазғы Олимпия ойындарына қатысқан Алданыш Рамазанқызы барған екен. Өздеріңіз мына бір фотода көріп отырғандай Манжерокта өткен дүбірлі тойға екі елдің атынан барған қос қазақ шұрқырай амандасып, ағалы-қарындастай қуана қауышыпты. Мұндағы екі адамның бірі – Совет ағамыз болса, екіншісі – Алданыш Рамазанқызы. Сол кездегі идеологиялық тәртіп бойынша спортшы қыз қазақстандық ағасына Моңғол елінің жалауын сыйлап жатыр. Ағасы да осал адам емес сияқты, өйткені омырауында Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызы және Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» қатарлы ордендер менмұндалайды.
Бұл фотоны осыдан 15 жыл бұрын елордаға ат басын бұрған Алданыш апамыз беріп тұрып: «Менің қасымда тұрған ағаның аты Совет, фамилиясын ұмыттым. Манжерокта ұйымдастырылған кеңес-моңғол жастарының фестивалі кезінде спорттық жарыстар өтті. Мен 200 және 400 метр қашықтықта бақ сынап, екі жарыста да орыс ағайындардың үкілеп қосқан ұзын сирақ, аршын төс қыздарынан озып келіп қос алтын медальды мойныма ілдім. Жеңіс тұғырынан түсіп келе жатқанымда «Қарындасым, қайырыла кет!» деген қазақша айтылған дауысты естіп, артыма бұрылып қарасам, осы Совет аға екен. Құттықтап маңдайымнан иіскеді. Қатты тебіренгені соншалық, көзінен шыққан бір тамшы жасын маған байқатпай сығып тастады. Расын айтсам, менің спорттағы жеңісіме дәл бұлай қуанған адам сирек. Ағалық рахымы мол, көңілі көлдей бұл адамды сұрастырсаңыз, аман болса менен сәлем айтсаңыз» деген еді.
Уақыт шіркін, тұрсын ба? Содан бері дөңгелеп көп жыл өтіпті. Алданыш апамның аманатындай бұл фотожәдігер біздің қорда көп жыл жатып қалды. Жуықта фотобейнені тауып алып, үстеліме қойдым да, интернеттен «Социалистік Еңбек Ері Советті» іздедім. Табылды. Бұрынғы Семей облысы Таскескен ауданы Қарақол ауылының тумасы екен. 1931 жылы дүние есігін ашыпты.
Осы орайда, аталған ауыл тумасы қазір Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қосшы кентінде тұратын Көкенай Кәкібаланов ақсақалға хабарласып мән-жайды түсіндіріп едім, мен іздеген кейіпкерді жақсы білетін екен: – Мен бұл адамды жақсы білемін, – деп әңгімесін бастаған Көкенай Назарұлының айтуына қарағанда, Совет ағаның фамилиясы – Жақсыбеков, әкесінің аты – Шпекбай. Бұл әулет ежелден малдың өріс-қонысын бес саусағындай білетін атақты шопандар. Совет ағамыздың әкесі Шпекбай Жақсыбекұлы 1947 жылы әр 100 саулықтан 130-дан төл алып, әр қойдан 5,9 кило жоғары сапалы жүн тапсырғаны үшін 1948 жылы 23 шілде күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алған екен. Ал әке жолын қуған баласы Совет Жақсыбеков ұзақ жыл Ә.Абжанов атындағы совхозда шопан болып істепті. 1964 жылы әр саулықтан 151, ал 1973 жылы әр саулықтан 153 қозы алып, әр қойдан 6 кило сапалы жүн қырқып, ауыл шаруашылығына мол табыс әкеліпті. Әр жылдары фермада зоотехник, аға шопан, комсомол-жастар бригадасының жетекшісі, оған қоса Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланыпты. 1966 жылы 22 наурыз күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен Совет ағамыз Социалистік Еңбек Ері атағын алып, есімі екі дүркін 1961 және 1942 жылдары Қазақ КСР-нің «Алтын құрмет кітабына» жазылыпты. Жарықтық 10 бала тәрбиелеп өсіріп, өзі 2014 жылы дүниеден өткен екен.
Расын айтқанда, бір әулеттен әкелі-балалы екі адамның бірдей Социалистік Еңбек Ері атануы өте сирек кездесетін құбылыс. Марқұмдардың алды жарық, иманы саламат болғай!
Ал фотода тұрған екінші тұлға моңғолиялық желаяқ Алданыш Рамазанқызы жайлы айтар болсақ, 1964 жылы Жапонияда өткен жазғы Олимпия ойындарына қатысқан алғашқы қазақ әйел заты. Қазір Ұлан-батыр қаласында тұрады.
Апамыздың өмір-тарихына үңілсек, бұл кісі 1945 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында дүниеге келіпті. Қырқынан шықпай жатып әке-шешесі Ұланбатыр қаласына қоныс аударған екен. Осында оқып, білім алған ол 1960 жылы 16 жасынан жеңіл атлетикамен айналысқан. Көп уақыт өтпей, нақтырақ айтқанда 1961 жылы Бүкілхалықтық спартакиадаға қатысып: 200 метрді 25,6 секундта жүгіріп өтіп жаңадан рекорд тоқтатыпты. Кешікпей желаяқ қыз 400 метрді 58,8 секунд, 800 метрді 2.20,7 секунд жүгіріп өтіп, күллі Моңғол елінің рекордтарын жаңартып тастайды. Бір таңданарлық жағдай апамыздың 800 метрге тоқтатқан рекорды әлі күні мұрты бұзылмай тұр. Ал Олимпиадаға қалай қатысқаны жайлы Алданыш Рамазанқызы:
– Токио Олимпиадасына қатысу үшін 1964 жылы 17 қыркүйек күні Ұлан-батырдан аттандық. Осы жылдың 10 қазан күні Олимпиаданың ашылу салтанаты болды. Қатысқан барлық спортшылардың санына сәйкес аспанға аппақ көгершіндер ұшырылды. Олимпиада алауын 1945 жылы Нагасаки, Хиросима қаласына атом бомбасы түскеннен кейін алғашқы болып дүниеге келген Сакка дейтін 19 жастағы азамат жақты. Мен дүбірлі додаға 400 және 800 метр қашықтыққа бақ сынау үшін дайындалып бардым, – дейді.
Ал апамыздың Олимпиадада қол жеткізген нәтижесіне тоқталар болсақ, әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа қатысқан 68 жүйріктен 20-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатысқан 75 спортшыдан 22-ші орынға ие болыпты. Әлемнің 80-ге тарта елінен келген ең таңдаулы желаяқ қыздар қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көрінудің өзі екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық. Оның сыртында, бұл кез Моңғол елінде жеңіл атлетика дамып кемелдене қоймаған шақ. Соған қарағанда, Токиодағы Олимпиадасында Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес екені анық.