Суретті түсірген Рақым ҚОЙЛЫБАЕВ
Жайық өзенінде қалыптасып отырған түйінді мәселе Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесулерінде үнемі талқыланып келеді. Президенттер деңгейіндегі талқылаулар былтырғы қыркүйекте Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХХVІІ форумында да талқыға түсті. Кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы желтоқсанда Мәскеуге барған сапарында да осы мәселеге ерекше назар аударды. Бұдан соң екі елдің Премьер-Министрлері 2021 жылғы желтоқсанда Мәскеу қаласында, тіпті жақында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында да Жайық трансшекаралық өзенінің бассейні бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне уағдаласты.
Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық өзендер бассейні бойынша ынтымақтастық отыз жыл бұрын басталғанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені 1992 жылғы 27 тамызда трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Ал 2010 жылғы 7 қыркүйекте екі ел Үкіметтері бұрынғы уағданы жаңа келісіммен қайта бекітті. Қазір екі елге ортақ бес трансшекаралық су бассейні бар. Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы, сондай-ақ Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қиғаш, үлкен және кіші өзендер бассейндері бойынша алты бірлескен жұмыс тобы бар. Комиссия отырысы жылына бір рет, жұмыс топтарының отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі.
Бірақ отыз жылдан бері трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану, қорғау жөнінде үкіметаралық комиссия болғанына қарамастан, соңғы бірнеше жылдан бері тіршілік нәріне айналған Жайық өзеніндегі су деңгейі күрт азайды. Тіпті суалуға бет алған сыңай байқалады. Трансшекаралық өзендегі су деңгейі соңғы 20 жылда екі есе азайған. Ал балықтың уылдырық шашатын қоныс ауданы 80%-ға, 958 гектардан 197-ге дейін қысқарды. Осылайша, Жайықтың бүгінгі ахуалы мемлекеттік мәселеге айналып отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың мәліметінше, Жайық өзені бассейніндегі су ағынының 80%-дан астамы Ресей Федерациясының аумағынан келеді. Қазір Жайық өзенінің жоғарғы бөлігінде, Ресей аумағында 315 су қоймасы бар. Оның ішінде үш су қоймасында 4 текше шақырым су жиналады. Өзеннің гидрологиялық ерекшелігіне тоқталсақ, өзеннің жылдық ағынының 70%-дан астамы су тасқыны кезеңінде қалыптасады. Осы себептен, бұл өзеннің экологиялық жағдайы үшін тасқын судың көлемі айрықша маңызға ие болып отыр.
– Жайық өзенінде 2018 жылдан бері судың азаю кезеңі басталды. 2001-2020 жылдар аралығында орташа ұзақ мерзімді ағынды су мөлшері 9,58 млрд текше метр болғанда ағын су орта есеппен 8,14 млрд текше метрді құрады. Ал 2019 жылы тарихи минимум – 3,5 млрд текше метрге, 2020 жылы – 4,3 млрд текше метрге, 2021 жылы 3,6 млрд текше метрге жетті. Судың азаюының себебі – климаттың өзгеруі мен антропогендік факторлар, – дейді С.Қожаниязов.
Мәселе екі елдің басшылары деңгейінде қозғалғанымен, Жайық өзенінің арнасы әзірге толар емес. Өзендегі су деңгейінің жыл сайын азайып бара жатқаны алаңдатады. Өйткені биыл да өзенде судың аз болуы ықтимал екеніне алдын ала гидрологиялық болжам жасалып отыр.
– Су аз болған кезеңде су тасқынының 85%-ы Ресей мен Қазақстан аумағындағы су қоймаларында ұсталып, антропогендік фактордың әсерін күшейтеді. Осыған байланысты 2020 жылғы қазанда Жайық өзенінің гидрологиялық режіміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы бірыңғай Жол картасына қол қойылды. Мақсат – Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту. Жол картасы 2021 жылдан бастап іске асырыла бастады. Бірлескен зерттеулердің негізгі мақсаты – су аз жылдары барынша ағынға жақын су тасқынын қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Ресей аумақтарында орналасқан су қоймаларының жұмыс режімін синхрондау бойынша ұсыныстар әзірлеу, – дейді С.Қожаниязов.
Министр орынбасарының айтуына қарағанда, тараптар 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасын бекітіпті. Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдіктері Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту, оның ішінде Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары шеңберінде нақты іс-шаралар қабылдаған. Мұндай іс-шараның қатарында су түбін тереңдету, жағалауды нығайту, жұмыс істеп тұрған су қоймаларын қайта жаңарту, жаңа су қоймаларын салу, каналдарды тазарту, өзен бассейніндегі су жинау алаңдарын ұлғайту, рұқсат етілмеген үйінділерді жою мен өзеннің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған сан алуан жұмыс бар.
– 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде 98 млрд теңгеден астам қаржыға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаржылық мүмкіндіктер мен жобалық-сметалық құжаттаманың дайын болуына байланысты бөлінетін қаржы көлемі қайта түзетілуі мүмкін. Мұндай іс-шаралар Ресей Федерациясының тарапынан да қолға алынды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары аясында Жайық өзенінің бір саласы – Ақтөбе облысының аумағындағы Елек өзенінің ағысын беретін Қарғалы мен Ақтөбе су қоймаларын қайта жаңарту басталды. Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасын, Камен топтық су құбырын қайта жаңарту, жаңадан екі су қоймасын салу, суару-суландыру жүйелерін тазарту мен күрделі жөндеу жоспарланды. Атырау облысында Жайық және Қиғаш өзендерінің гидрологиялық режімін жақсарту үшін түбін тереңдету жұмыстары, суға батқан кемелер мен басқа да ірі көлемді заттарды алу, суару-суландыру жүйелерін күрделі жөндеу, магистралдық су құбырлары мен топтық су құбырларын салу, реконструкциялау жүргізілуде. Қараөзен және Сарыөзен өзендері бассейндерінің қазақстандық бөлігіне су беруді жақсарту үшін Еділ суын жеткізу шығындарын өтеуге 2020 жылы 2 млрд 96 млн теңге, 2021 жылы 4 млрд 16 млн теңге бөлінді. Биыл 5 млрд 164 млн теңге бөлінеді, – деп мәлім етті министрдің орынбасары.
Жайық өзеніндегі судың азаюы Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Өйткені қос облыстың бірнеше ауданы мен шаруа қожалықтары, ірі кәсіпорындары өзен суын пайдаланады. Сол себептен, мемлекеттік мәселеге айналған Жайық өзеніндегі алаңдатарлық ахуал жайбасарлықтан гөрі жедел қадамға баруды қажет етіп отыр. Өйткені биыл тағы да өзен суы азайса, не боларын білесіз бе? Біріншіден, өзен арнасы кеуіп, қос өңір сусыз қалады. Екіншіден, Арал теңізіндегідей экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін.
Қорыта айтқанда, трансшекаралық Жайық өзенінің арнасын қайта толтырудың қамына кірісу қажет.
Атырау облысы