Аймақтар • 11 Наурыз, 2022

Сапасыз тұқым сан соқтырады

429 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәжірибелі диқандар сапалы тұқымның тұрақты өнім беретінін жақсы біледі. Өкінішке қарай, ұсақ шаруашылықтардың бағалысын сатып алуға мүмкіндігі шектеулі. Көрпесіне қарай көсіліп, қолындағы барын егеді. Не десек те, сапалы тұқым мол өнім кепілі екенін естен шығармаған жөн.

Сапасыз тұқым сан соқтырады

Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында орналасқан Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының қызметкерлері қолданысқа тұқымның жаңа сұрыптарын енгізіп, жергілікті шаруалардың мол өнім жинауына қолұшын созуда. Жергілікті селекционерлер аймақтың климатына төзімді жаңа астық сұрыптарын ұсынуда. Тәжірибелік стансаның селекционері Ирина Кузнецованың мәліметінше, бір сұ­рып­ты қолданысқа енгізудің өзіне 15 жылдай уақыт қажет екен.

– Соңғы жылдары жазғы жұмсақ бидайдың «Анель-16» сұрпын, сұлының «Ертіс самалы» сұрпын қолданысқа енгіздік. «Победа» ЖШС-мен бірлесіп, арпаның «Орловская» сұрпы пайда болды. Сондай-ақ «Галицкое» ЖШС-мен байланыс орнатып, бидайдың «Галичанка» атты жаңа сұрпы тіркелді. Шаруашылықтар астық дақылдарынан көбіне «Северянка», «Кондитерская яровая», «Юбилейная» сияқты сұрыптарды қолданады. Себебі олар аймағымыздың ауа райына төзімді болып келеді. Бұрындары «Секе» тұқымы көп егілетін. Қазір бұл сұрып қараған­ды­лық­тардың тарапынан мол сұранысқа ие, – дейді Н.Кузнецова.

Соңғы 2-3 жылда шаруалардың егіс алқабында селекциядан өткен тұқымдар егіліп, тәжірибе жүргізілуде. Егер астықтың өнімділігі шаруалардың көңілінен шығып жатса, тәжірибелік стансадан тұқым сатып ала алады. Айтпақшы, аталған серіктестік – облыста суперэлиталы тұқым шыға­ра­тын жалғыз мекеме. Кейін «Галиц­кое», «Абай» сияқты элиталы тұқым шаруа­шыл­ықтары әрі қарай көбейтіп, өзгелерге ұсынады. Тәжірибелік стансаның ғылым жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Дәулен Валиевтің айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары егіс алқабын жаппай ресейлік тұқымдар жау­лап алған. Кейінгі жылдары шаруалар жергілікті ғалымдардың көмегіне жүгінетін болған. Десе де, әлі күнге дейін Ресейдің тұқымдарына басымдық беретіндер аз емес екен.

– Көрші елден әкелінген тұқымдар ылғал­сүйгіш, яғни қуаңшылыққа төзбейді. Павло­дарлық сұрыптардың тұрақты өнім беретіні әлдеқашан дәлелден­ген. Жа­сыратыны жоқ, кейбір ұсақ шаруа­шы­лықтардың басшыларына сапасынан гөрі бағасы маңызды болып жатады. Сосын елімізде суперэлиталы тұқым қолданғаныңыз үшін субсидия берілмейді. Керісінше, 1-інші репродукциялы тұ­қым­дарға қарастырылған. Сәйкесінше, диқандар демеуқаржы алу үшін супер элиталы тұқымды қажетіне жаратпайды да. Бұл өнім сапасының төмендеуіне алып келетіні сөзсіз, – дейді ол.

Бүгінде аймақтағы егіс алқабының 50 пайызына көрші елдің тұқымы себіледі екен. Атап айтсақ, бидайдың «Саратовская – 29» және «Омская – 18» секілді сұ­рыптары 50 жыл бойы қолданыста. Отан­дық тұқымдардың сапасы ешкімнен кем емес. Тек шаруалардың ойында сол баяғы «советский», «ресейлік» өнімдер жақсы» деген пікірлер қалыптасып қалған.

– Салыстырмалы түрде мысалға алсақ, павлодарлық бидайдың әр гектарынан 30-35 центнер өнім алынса, ресейлік тұқым 10-15 центнер өнім береді. Шаруалар тұқымды көбіне Омбы өңірінен әкеледі. Тұқыммен бірге өсімдік аурулары да келуі мүмкін. Жалпы, Павлодар облысының әр ауданындағы топырақтың құнарлылығы бір-біріне ұқсамайды. Бұл ретте, агрохимиялық зерттеулер жүргізіліп, шаруаларға қандай тұқым егу керектігі жөнінде ұсыныс береміз. Көмегімізге көбіне шағын шаруашылықтар жүгінеді. Ірі шаруа қожалықтарында тәжірибелі агрономдар бар. Десе де, олармен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, «Победа», «Галицкое» сияқты серіктестіктер сенімді серігімізге айналып отыр, – дейді Дәулен Валиев.

Иә, соңғы жылдары ауыл шаруа­шылығы саласының ардагерлері бас­тапқы тұқым шаруашылығы жүйесі қа­­зіргі заманғы агробизнес талаптарына сәйкес келмейтінін жиі айтады. Отандық тұқым нарығы бақылаусыз, фер­мерлердің көпшілігі стандарттарға сай емес астық себеді. Осы факторлардың барлығы егін алқаптарының өнімділігі мен өндірістің төмендеуіне әкеліп соғады. Тұқым шаруашылығын бақылау жүйесіне өзгерістер енгізуді, реестрде тіркеудің үш жылдық циклін күтпестен дақылдардың перспективалы сұрыптарын нарыққа шығаруға рұқсат беру керек деп есептейді сала ардагерлері. Жасыратыны жоқ, қазір көбі қай жерде баға арзан, соған қарай жүгіреді. Сапасының төмендігіне қарап жатқан ешкім жоқ. Бұл ретте, жер­гілікті шаруалар барлық талапқа сай Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының жоғары сапалы тұқымдарын кәдеге жаратса екен дейміз.

Ел нарығында павлодарлық картопқа сұраныс жоғары екені белгілі. Бұл ретте, тәжірибелік стансаның жаңадан іске қосылған зертханасында картоптың бірнеше түрі сынамадан өтуде. Атап айтсақ, «Гулливер», «Любава», «Беллароза», «Даренка», «Биргит» тұқымдары көктемде егіс алаңына егіледі. Артықшылығы сол, вирусы жоқ тұқымдар небәрі 2 айдың ішінде өнім береді. Әдетте көктемгі егіс кезінде шұңқыр қазып, тұқымдық картопты салатынымыз белгілі. Ал вируссыз картоптар сабақ арқылы көбейетін көрінеді. Мұндай картоптарды Ресей ғалымдары ойлап тапқан. Павлодарлық селекционерлер оны жергілікті климатқа бейімдеп, дамытуда. Әзірге жаңашылдықты «Тимур», «Маяк», «Арна» шаруашылықтары қол­данысқа енгізуде. Тұқымды себетін ар­найы техника болмағандықтан ба, көбі вируссыз картоптың машақатынан «қашатынға» ұқсайды.

Мемлекет басшысы ғылымсыз ауыл шаруашылығының дамуын елестету қиын екенін жиі айтады. Осы ретте, жергілікті ға­лым­дарға зор қолдау көрсетілсе, тә­жіри­белік стансаның жұмысы жандана түсіп, сәйкесінше, өңірдегі егін шаруа­шы­лығының өрісі кеңеймек. Былтыр облыста соңғы 30 жылда тұңғыш рет 1 млн тоннадан астам астық жиналып, рекордтық көрсеткіш тіркелгенін ескерсек, бұған Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы қызметкерлерінің де қосқан үлесі зор екені сөзсіз.

 

Павлодар облысы