Мюнхен қаласында Қазақстанның Германиядағы елшілігінің, Бавария Экономика және технологиялар министрлігі мен Сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен ұйымдастырылған «Бавариядағы Қазақстан экономикасы күні» өтті.
Шараның басты мақсаты Елбасының биылғы Жолдауы шеңберінде неміс инвестициялары мен технологияларын Қазақстан экономикасына тарту бойынша Бавариямен ынтымақтастықты кеңейту болып табылады. Іс-шараға федералдық жерлердің ресми және экономикалық топтарының 200-ден аса өкілдері, сондай-ақ, Баварияда орналасқан ірі концерндер мен компаниялардың басшылары қатысты.
Өз сөзінде Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Оңжанов қатысушыларға Қазақстан экономикасы дамуының өзектілігі және елдегі қолайлы инвестициялық жағдай туралы, сонымен қатар, 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру барысында Қазақстан Үкіметінің қол жеткізген аралық нәтижелері туралы хабардар етті. Ол Баварияның іскер топтарын Қазақстанмен өзара тиімді әріптестікті тереңдетуде және кеңейтуде қолда бар мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайларды белсендірек қолдануға шақырды. Елшінің пікірінше, Қазақстан үшін отандық экономикаға жаңа технологиялар мен ноу-хау трансфертін қарастыратын, қазақстандық білікті техникалық мамандарды даярлайтын қазақстандық экономиканың басым салаларындағы бірлескен инвестициялық жобалар ерекше қызығушылық тудыруда.
Сондай-ақ, Германияның бұрынғы экономика және технология федералды министрі Михаэль Глос, Баварияның Экономика кеңесінің төрағасы Отто Висхой, Бавария экономикасының бірлестігі төрағасының орынбасары Штефан Альбат, Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров, Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Сабыр Есімбеков және «НАТР» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов тақырыптық баяндамалар жасады.
Экономика күні шеңберінде өткен «Шикізат, өндірістік және технологиялық әріптестіктің, сондай-ақ, жобалық-инжиниринг қызметі саласындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағы» тақырыбындағы панельдік пікірталас барысында Қазақстан мен Германия арасындағы тиімді шикізат, индустриялық және технологиялық әріптестікті әрі қарай реттеу мәселелері талқыланды. Бавариялық қатысушылар Германияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның маңызды рөлін, сонымен қатар, Қазақстанның қазақстандық экономиканы жаңарту және индустрияландыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға байланысты неміс жоғары технологиялық компанияларына ұсынып отырған мүмкіндіктерін атап өтті.
Экономика күнінің шеңберінде Дина Нұрпейісова атындағы Атырау мемлекеттік облыстық филармониясы академиялық оркестрінің мерекелік концерті өтті.
«Егемен-ақпарат».