Қазақстан • 12 Наурыз, 2022

Елімізде дефолт және азық-түлік тапшылығы болады деген фейк тарауда

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде Қазақстанда дефолт және азық-түлік тапшылығы болатыны туралы ақпарат тарауда. Хабарлама авторы адамдарды тез арада жылжымайтын мүлік сатып алуға, қолда бар ақшаны валютаға айырбастауға, сондай-ақ тез бұзылмайтын өнімдер қорын жасап алуға шақырады. Stopfake.kz сайты ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде дефолт және азық-түлік тапшылығы болады деген фейк тарауда

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тапшылығы болатыны туралы қауесетті жоққа шығарған.

«Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмысы мәселесі тұрақты бақыланады. Жедел деректер бойынша, республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) қоры бар, оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және тағы басқасы», – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ министрлік мәліметінше, елдегі азық-түлік қоры үнемі толықтырылып отырады. Ұн өндіру үшін жарма мен астық жеткілікті, ал мал басы ет өнімдерін өндіруге жеткілікті.

«Республика өз өндірісі есебінен ішкі астық нарығындағы қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ете алады», – деді АШМ-нан.

Ведомство өкілдері Қазақстанда АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспары іске асырылып жатқанын еске салды. Оның аясында импортты алмастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанда дефолтқа алғышарттар жоқ. Standard&Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты». Агенттіктің деректеріне сәйкес, Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың қайталама салдарын еңсеруге болады және Қазақстанда бұл мұнай мен газ экспортының негізгі нарықтарына қол жеткізуде іркілістерге әкелмейді.