Елорда • 14 Наурыз, 2022

«Астанаэнергосбыт» айыппұл арқалайды

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-не 6 млн теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ ком­панияда тұтынушыларға қаражатты қайтару ұйғарылды.

«Астанаэнергосбыт» айыппұл арқалайды

Елордалық тұтынушылардың өтініштері негізінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті Кәсіпкерлік кодекс талаптарының сақталуына қатысты «Аста­на­энер­го­сбыт» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүр­гізген болатын. Тексеру барысында кодекс нормаларын бұзу фактілері анықталды.

Белгілі болғандай, «Астанаэнергосбыт» 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда және 2022 жылдың қаң­тарында тұтынушыларға Электр энергиясын пайдалану қағидаларының 64-тармағына сәйкес орташа тәуліктік есептеу көрсеткіштерін қойған.

Азаматтық кодекске, «Электр энергетикасы туралы» заңға және Тұрмыстық тұтынушыларға арналған электрмен жабдықтаудың үлгілік шартына сәйкес, тұтынушылардың тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеуі коммерциялық есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізілуі керек.

Осылайша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 167-бабы бойынша, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оған сәйкес, 6 126 000 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті заң бұзушылықты жою туралы орындалуы міндетті нұсқама шығарды. Онда электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері бойынша тұтынушыларға қайта есептеу жүргізу көзделген.

Алайда «Астанаэнергосбыт» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспей, материалдарды Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға беру туралы өтініш жасады.

Бұдан бөлек, заң бұзушылықтарды жою туралы департамент шығарған нұсқамаға Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, жоғары тұрған органға шағым жасалған.