Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

АШМ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорлары жайында есеп берді

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне апта сайын мониторинг жүргізеді. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорлары жайында есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

АШМ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорлары жайында есеп берді

Республика бойынша барлығы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар бар, оның ішінде ұн - 144 мың тонна, қант - 90 мың тонна, күріш - 39,3 мың тонна, макарон - 21 мың тонна және 900 мың тонна көкөніс өнімдері бар.

«Айта кетсек, азық-түлік қоры күн сайын жаңартылып, қажет болған жағдайда толықтырылып отырады. Сондай-ақ, елімізде жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат жеткілікті, оған қоса, ет және сүт өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы жеткілікті екенін атап өткен жөн. Азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша халықтың қажеттілігі өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі, ал кейбір өндіріс қажеттіліктен едәуір асып түседі», деді Жеңіс Өсербай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Күнбағыс майына келетін болсақ, республикада өңдеуге жіберілетін 650 мың тонна күнбағыс бар. Аймақтардағы күнбағыс майының қоры 30 мың тоннаны құрайды.

Вице-министрдің айтуынша, ішкі нарық күнбағыс майымен және оны өндіру үшін шикізатпен толық қамтамасыз етілген. Көкөніс дақылдары мен картоптың қорлары нарыққа ерте пісетін көкөністер кірмес бұрын халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта майдың, күнбағыс тұқымдарының және картоптың экспортына шектеу бар.