Медицина • 15 Наурыз, 2022

Томотерапия – қатерлі ісіктің қас жауы

612 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Обыр дерті – жүзден аса түрлі ауруларды қамтиды. Өкінішке қарай, қатерлі ісік дененің кез келген бөлігінде пайда болуы мүм­кін. Алайда медицина саласының мамандары онкологиялық ауру­ларды емдеу әдістерін үнемі жетілдіріп келеді. Соның нәти­же­сінде химиялық, сәулелік терапия және хирургиядан өзге тар­гет­ті, иммундық, гормондық терапия сияқты салалар қар­қын­ды дамып жатыр.

Томотерапия – қатерлі ісіктің қас жауы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстанда сәулелік терапия обырды емдеудің кең таралған әдіс­­терінің бірі саналады. Ал енді бұдан былай еліміздің кез келген аумағында тұратын қазақ­с­тан­дықтар онкологиялық ауру­лар­­ды емдеудің ең заманауи тү­рі – томотерапия емін ала алады. Аталған терапияның негізгі артық­­шылықтарының бірі – инно­ва­­циялық технологиялардың кө­ме­гімен кез келген көлемдегі, кез келген пішіндегі, тіпті ең күрделі жерде орналасқан ісік сәулемен емдеудің жеткілікті дозасының дәл­ме-дәл әсеріне ұшырайды. Бұл доза ісік бойына біркелкі тарап, сау тіндерді барынша айналып өтеді.

Дозаны берудің дәлдігі және оның оңтайлы мөлшері тиімді терапия үшін өте маңызды. Обыр­ды классикалық сызықтық үдет­кіш­термен емдеу кезінде ісік­тер­ді толығымен сәулелендіру, сонымен бірге сау тіндерді айна­лып өту мүмкіндігі шектеулі. Сау тіндердің зақымдану қаупі бар. Егер дозаны азайтса емдеу про­це­сі ұзаққа созылады. Оның тиім­­ділігі төмендейді әрі жанама әсер­лердің ықтималдығы арта­ды. Бұл ретте UMIT халық­ара­­лық онкологиялық томотерапия орталығы Қазақстанда және Ор­та­лық Азияда бірінші бо­лып Accuray компаниясының To­mo­­Therapy HD құрылғыларын қол­да­ну арқылы онкологиялық нау­қас­тарды сәулелік терапиямен ем­деуге қабылдай бастады. Ал то­­мотерапия – онкологиялық ауру­ы бар науқастар үшін үлкен үміт. Онкологиямен күресудегі сәу­­лелік терапияның жаңа әдісі көп­­шілікті елең еткізері анық. Бұл рет­­те оған квота бойынша да тегін қол жеткізуге болатынын айта ке­ту қажет.

«Томотерапия – фотонды сәу­ле­­лерді қолдану арқылы жүр­гі­­з­іле­тін сәулелік терапияның жаңа түрі. Ол былайша әрекет етеді: сәулелену кезінде фотондар қоршаған сау тіндерге тиместен обыр жасушаларын «күйдіреді». Томотерапияның қатерлі ісіктерді емдеудің басқа түрлерінен негізгі айырмашылығы осында. Әдістің жаңашылдық сипаты құрылғының қатерлі ісік ошағын анықтап, оны дәл күйдіретіндігінде. Фотон сәу­ле­сі мыңдаған шағын сәуле­лер­ге бөлінеді және сәулелену бірден бір­неше аймаққа әсер ете алады», деді UMIT халықаралық онко­логия­­лық томотерапия орталығы ди­­­рек­­­торының орынбасары Сәния Усабекова.

Оның айтуынша, сәулелену дозасын дәрігерлер аурудың ошақ­та­рына байланысты анық­тай­ды. Тіпті аурудың соңғы сатысында, ісік­терді жою мүмкін болмаған кез­де де томотерапияның әсерінен ауру­дың қарқыны азайып, өмірлік ма­ңызды органдарды зақымдауды тоқ­­татады. Ауырсыну азайып, адам­ өзін жақсырақ сезіне бас­тай­ды.

«Емдеу процедураларының санын дәрігерлер анықтайды. Кейде науқасқа 5 сеанс жеткілікті. Кей жағ­дайда олардың саны 20 немесе 40-қа жетеді. Орталық тегін ме­дициналық көмектің кепіл­дік бе­рілген көлеміне (ТМККК) қо­сыл­ған. Бұл дегеніміз, бізде адамдар квота бойынша мемле­кет­тің қолдауымен емделе алады. Бізде жоқ қызметтерді Ұлттық ғылыми медициналық орталықтан алуға болады. Осы мақсатта томотерапия орта­лығы ҰҒМО-мен келі­сім­шарт жа­сас­қан. Біз серік­тес­пен бір жер­де орна­лас­қан­быз», деді С.Уса­бе­ков­а.

Оның айтуынша, квота бойынша емделу мүмкіндігін алу үшін бірер құжат жинау қажет. Олардың қатарында онкологтың жолдамасы, ауруханадан шығу парақтары, бұған дейінгі зерттеулердің қоры­тын­дылары, ПЭТ/КТ және/немесе МРТ бейнелері түсірілген диск бар. Құжаттар мұрағатталып, ем­де­­лушінің аты-жөнімен мұра­ғат­­­тық файл ретінде сақталуы және орта­лықтың поштасына жі­­бе­рілу­ге тиіс. Әрбір жағдайды біз­­дің дә­­рі­­герлер жеке қарайды. Жібе­ріл­ген өтініш 2 күн ішінде қара­лады.

«Томотерапия сеансы­ның­ ұзақ­­­ты­ғына тоқталар болсақ, емдеу науқасты дайындауды қос­қан­да 20-30 минутты алады. Ал сәу­лелену процесінің өзі небәрі 5-7 минутқа созылады. Орталықта емдеуге арналған екі құрылғы бар. Бұл – Accuray (АҚШ) компаниясы шығарған инновациялық TomoTherapy HD сәулелік терапия құрылғылары. Олар онкологияда алтын стандарт ретінде танылған. Әлемде екі қондырғы бірден параллель қолданылатын бірнеше орталық қана бар. Бұл не үшін керек? Емдеу басталғаннан кейін оны үзбеу керек. Бір машина істен шықса, екіншісі бар делік. Екі қондырғы арқылы біз бір күнде көп науқасты қабылдай аламыз», деді маман.

Оның айтуынша, онкология­лық ауруларды емдеуге деген қа­жет­­тілік өте жоғары. Тіпті өзге ел­дерден де өтініштер түсіп, нау­­қас­тар келеді. Емдеу құны да Еу­ро­па мен АҚШ клиникаларына қа­ра­ғанда әлдеқайда арзан.

«Біз медициналық туризмді дамытумен айналысамыз. Бүгінде шетелдік пациенттердің елімізде жайлы орналасуы мен емделуіне қа­тысты барлық ұсақ-түйек мәсе­ле­лерін ескеру мақсатында логистика жағын пысықтап жатырмыз. UMIT Халықаралық онко­логиялық томотерапия орта­лығы JCI халықаралық сертифи­каттаудан сәтті өтті. Бұл орта­лық­тың сапалы медициналық қыз­мет көрсетудің жоғары стан­дарт­­тарына сәйкестігін және па­циент­тердің қауіпсіздігінің бар­лық ережесін қатаң сақтауын рас­тайды. Орталықта шетелдік танымал онкологиялық клиникаларда күрделі дайындықтан өткен тәжірибелі мамандар тобы жұмыс істейді», деді С.Усабекова.