«Өстіп жүріп, аттан құлап немесе ат сүрініп бір жерде мерт болсаң, сөзге қаламыз» деп. Сөйтсе, қара шал жылқыдан бір биесін үйретіп мініп алыпты. Соңында құлыны шұрқырап жүретін. Жағдайсызда емес, жалғыз баласы әкім, қазақ аттан түсіп, темір тұлпарға тақым артқан кез ғой. Шамасы, шаңырақта шалдан басқа атқамінер жоқ. Біздің атаға жиі соғып, әңгімелесетін. Бектас батырдың мәрттігін, Айнатайдың ерлігін айтып жылап отырар еді. «Кірер қалмады» деп егілетін. Барып, шер тарқатысып, әңгіме айтар үй қалмады дегені екен ғой сондағысы. Ескілікті, көненің адамы сол кездің өзінде азайған, қазір не сор?
Марқаш апа да көненің көзі, көпті көрген, болыстың қызы. Әнші болған деседі. Әңгіменің майын тамызар еді. Сексенге келгенше газетті көзілдіріксіз оқып өтті. Ақсүйек, оқығандығы мен мұндалап тұратын. Жолдасынан ерте қалып, ұлдарын өзі жеткізген. Бір ұлы мезгілсіз дүние салып, көңілі қаралы болғанының үстіне қонақасына соятын қара табылмай отырғанда, Имекең көңіл айта кіреді. Осы тоқсаныншы жылдардың басында. Ауылдың атқамінер ақсақалы Имекең мән-жайды білген соң қапалы кемпірдің босағасына түсіп, астындағы атын байлап кетіпті. «Осыны алып соя беріңдер, кемі елі-бармақ қазы береді. Ақысы керек жоқ» депті де, ертоқымын бір жігіттің көлігіне салдырып, әлгімен үйіне тартып отырыпты. Ұл-қызы қалаға оқуға кеткен, алды енді аяққа тұра бастағанымен, жетіліп кете қоймаған, мына қайтқаны жап-жас жігіт қана, жалғыз зейнетақыға қарап қалған кемпірдің жағдайы белгілі емес пе? Соны айтқызбай ұққан Имекеңнің мәрттігі ауыл-аймақта әлі күнге айтылып қалып жүреді. Өзі де керемет дәулет құраған жан емес. Өмірі Кеңес өкіметіне қызмет етпей, ат үстінде өткен қарт ауыл-елдің мәселесін бір ауыз сөзбен шешіп жүргені туралы әңгімелер бар.
Сол Имекең өлерінің алдында төсек тартып жатып баласын шақырып, «мен өлсем неше жылқы соясың?», деп сұрапты. Өлімге қимағанымен, кесіп айтқанды сүйетін әкесін білетін баласы «оның не, әке?» дей алмай, «үш жылқы соямын» десе керек. «Онда өлуге болады екен» деп, сол жатқанынан тұрмапты.
«Кезіксең біздің жақтың
тентегіне,
Өмірдің қарамайды келтесіне.
Үйдегі жалғыз атын
сойып беріп,
Жүгенін ұстап
қалар ертесіне»
деген қазақтың ескі өлеңі де қазір көп естіле бермейді.