Қазақстан • 15 Наурыз, 2022

Декларацияланбаған ақша шекара аса жаздады

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сырттан келетін немесе сыртқа кететін қолма-қол ақша декларациядан өтуі керек. Бірақ осы заңды елей бермейтіндер бар. 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғалар шетелдерге декларацияланбаған 995 410 долларды алып кетпекші болып ұсталған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада айтылды.

Декларацияланбаған ақша шекара аса жаздады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2022 жылдың тек ақпан айы­ның өзінде «Жетісу», «Әуе­жай-Астана», «Әуежай-Ақтө­бе», «Қазығұрт», «Әуежай-Шым­кент», «Әуежай-Актау» ке­ден бе­кеттерінде декларация­лан­ба­ған қолма-қол ақша қара­жат­тарын алып кетудің 51 дерегі анықталған. Олардың жалпы сомасы 995 410 долларды құраған.

Жалпы, биылғы ақпан айында 50 әкімшілік құқық бұзушылық туралы, материал толтырылған. Соның ішінде тауарларды, қол­ма-қол қаражатты, ақша құ­ралдарын декларацияламау немесе кедендік декларациялауды анық мәлімдемеу, құжаттарда мағлұматтарды ашып жазбау секілді заң бұзушылықтар бар. Мұндай анықталған деректерге барлығы 1 531 500 теңге айыппұл салынған.

Мемлекеттік кірістер коми­тетінің хабарлауынша, Алматы қаласында 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға 37 әкім­шілік құқық бұзушылық туралы материалдар толтырылған және қылмыстық құқық бұзу­шылық сипатындағы бір дерек анықталған. Жеке тұлғалар 298 млн теңгеден астам, нақты айт­қанда 688 262 долларды декларацияламастан алып өтпек болған, оларға салынған айыппұл көлемі– 1 133 310 теңге.

Алматы қаласының халық­аралық әуежайында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері «Алматы – Ыстанбұл» қаты­насындағы әуе рейсімен ұшуға ба­ғытталған Қазақстан азама­тын тоқтатқан. Оны ұстау кезін­де 97 мың доллар сомасында декларацияланбаған ақша қара­жаты анықталған. Материал одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

Ал елордада 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар толтырылған. Бұл азаматтар 101 341 421 теңгені декларацияламастан алып өтпек болған, олар 275 670 теңге көле­мінде айыппұл арқалаған.

«2022 жылғы 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуе­жайында «Нұр-Сұлтан – Ан­талья» халықаралық әуе рей­сімен ұшып бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің қызмет­кер­лерімен бірге Қазақстан аза­мат­тарын ұстады. Олардан 32 552 доллар көлемінде деклара­цияланбаған ақша қаражаты анық­талды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша депар­таментінің «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері тағы бір азаматты ұстап, одан 43 070 доллар сомасында декла­рацияланбаған ақша қаражаты анықталды», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма бас­шысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Мемлекеттік кірістер коми­теті «Қазақстан Республика­сындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 343-бабы 1-тар­ма­ғы­ның 7-тармақшасы бойынша қолма-қол ақша міндетті түр­де кедендік декларациялаудан өту­ге тиіс екенін еске салады. Ке­деннен өтерде қолма-қол ақша­ның және жол чектерінің шығу тегі және мақсаты туралы мә­ліметтерді көрсете отырып, сырттан әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасы, бас­қа да ақша жазбаша түрде нақ­тыланып, расталуы керек.

Мамандардың айтуынша, жеке тұлғалар тек 10 мың доллар баламасына тең немесе одан аспайтын қолма-қол ұлттық және шетел валютасын Қазақстанға әкелуге немесе алып шығуға құ­қылы.