Бизнес • 15 Наурыз, 2022

Кәсіпкерлердің өтінімдері түгел қаралды

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқар­масының басшысы Еркебұлан Оразалин кезекті баспасөз жиын­ын өткізіп, қаңтар оқиғалары кезінде Алматыда шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен, қолдағы бар барлық өтінімдер 100%-ға қаралғаны туралы мәлімдеді.

Кәсіпкерлердің өтінімдері түгел қаралды

Мемлекеттің қолдауы, Ша­ғын және орта бизнеске келті­рілген шығынды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның өтініштерді қысқа мерзімде қарауы бір-біріне септесіп, қала экономи­касын қалпына келтіруді же­делдетті. Infokazakstan.kz элек­тронды платформасына 1 188 кәсіпкерден 1 355 өтінім келіп түс­кен. Өңірлік комиссия оты­рысының қорытындысы бойын­ша, жалпы сомасы 5 286 млн теңге болатын 1 139 өтінім ма­құлданса, оның ішінде бюджет қаражатынан 4 194 млн теңгеге 595 өтінім, «Жаңа Алатау» қоры қаржысынан 1 091 млн теңге сомасында тағы 544 өтінім шы­ғындары өтеліп жатыр.

«Негізінен сауда және қыз­мет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарлар, аяқкиім­дерді, киімдерді сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдарды сататын сауда ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан айырбас­тау пункттері мен дүкен ие­­ле­рінен келіп түсті», деді Е.Ора­залин.

Қалған 216 өтінім пысықтауға жіберілді. Өйткені оның 120-сы­ның құжаттары түгел емес, 96-сы жеңілдетілген тетік ая­сын­да тө­лем сомасы бойынша келіс­пеуге байланысты сот сараптамасына жіберілді. Зардап шеккен бизнесті толық қамтып, қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында Комиссия хат­шылығы құжаттардың то­лық пакетін ұсынуда көмек көр­сету үшін Qoldaý кәсіпкерлік орта­лығының жанынан консуль­тациялық штаб ашты.

Өтемақысы әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер құзырлы мекемелерге жүгіне алады. Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.

Брифингке Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қатысып, зардап шеккен бизнесті қолдау үшін «Күшіміз – бірлікте» қоры құрылғанын хабарлады. Комиссия шешімінен кейін қор қаражаты сауда орындары тоналған, бұзылған Алматы және басқа өңірлерден келген кәсіпкерлерге бөлінеді.

 

АЛМАТЫ