Футбол • 15 Наурыз, 2022

Құны қымбат «көлеңке»

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бразилиялық футболшы Неймарды франциялық «ПСЖ» футбол клубы 222 миллион еуроға сатып алды. Алайда бұл қаржы желге ұшты деп айтуға толық негіз бар, деп жазады Egemen.kz.

Құны қымбат «көлеңке»

Испаниялық «Барселона» сапында Мессидің қасына ілесіп, талай мықты ұжымдарға миықтан күле қарап жүрген Неймарды түлен түртті ме, кім білсін?! 2017 жылы «жеке жортып, жауға шабам» деген ұстанымды ұстанып, «ПСЖ» футбол клубының бай-бағлан басшылары бөлген 222 миллион еуроға өзін өзі «сатып алып», париждік командаға тайып тұрды. Осылайша футбол тарихындағы құны ең қымбат ойыншыға айналып шыға келді.  

Негізі шейхтар басқаратын париждік команда Неймарды бір ғана мақсатпен сатып алды. Францияда қарсыластарын бет қаратпай ұтып жүрген астаналық клуб чемпиондар лигасын жеңгісі келіп желпінді. Сөйтті де Мессидің көлеңкесіне айналған футболшыға «жарқыратамыз, алтын допты сен аласың» деп жел берді. Өз кезегінде көлеңкеден күнге айналғысы келген Неймарыңыз келісе кетті. Сөйтті де «ПСЖ» футбол клубының жейдесін киіп, желге қарсы жүзіп шыға келді. 

«Барселона» сапында жүргенде чемпиондар лигасының «қалқанқұлақ» кубогын басына көтеріп үйренген Неймар «ПСЖ» сапында қап-қап жалақы алғанымен, түк те тындырған жоқ. Жарақаттан көз ашпай жатып алды. Алаңға шықса да, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Ісі өнбегеніне тісін қайраған ол «Реалға» ауысқысы келді, одан қалса, қайтадан «Барселонаға» баруды армандады. Шақшадай басы шарадай болған Неймар екі тілегінің де орындалмайтынын білген соң «келесі маусымда бәрін қатырамын» деп жүрген. Сол кезде «Монакодан» аш бөрідей көрінген Килиан Мбаппе деген жас пері келді. Енді Неймар Килианның көлеңкесіне айналып шыға келді. Бірақ, құны қымбат Мбаппеңіз де париждік ұжыммен чемпиондар лигасын ұта алмайтынын білді ме, әлде кеңес беретін мықтылардың сөзін құлағына ілді ме, ол жағы беймәлім. Жазда Мадридтің «Реалына» ауысамын деп байбалам салды. Ақыры кететін болды. Ал париждік команда қабілетінен құны қымбат болған Неймардан құтылудың жолын іздестіре бастады. Сәтсіз трансфер деген сөзді осындайда айтсақ жарасар. Желге ұшқан 222 миллион еуро... Неймардың жалақысына жұмсалған жүздеген миллион. Бұл трансферден салыстырмалы түрде Неймар ұтылған жоқ. Жарақат алдым деген желеумен жалақысын алып, Парижді шарлады, түнгі клубтарды аралады. Қысқасы, Төлеген сенде арман жоқ деген секілді Парижден кетсе Неймар да армансыз кетеді. Жеңілген – «ПСЖ» басшылары. Ал Неймар тағы бір командаға барып бір жас таланттың көлеңкесі бола тұрар...