Қазақстан • 15 Наурыз, 2022

Өндіріске – жабық, майнингке – ашық

172 рет көрсетілді

Қаржы мониторингі агент­тігі еліміздің әр өңі­рінде заңсыз түрде жұмыс істеген 13 майнинг фермасын анықтады. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың ел аумағындағы барлық майнинг фермаларының салықтық және кедендік төлемдерін тексеріп, келі­сімшарттары мен тех­никалық негіздемелерін 15 наурызға дейін анық­тау тапсырмасынан кейін ғана мүмкін бол­ды. Криптовалюта биз­не­­сімен айналысушы май­­нерлер қызметінің заң­­дылығын тексеруге қаржы мониторингі агент­тігімен бірге прокура­тура қызметкерлері де кірісті.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақпанның соңғы күндері Ақтөбе қаласының Индустриалды аймақ аумағында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ақ­төбе Смарттех» майнинг ком­паниясы анықталды. Осы се­ріктестік «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мәліметтерді өңдеу орталығы ретінде ресми тіркелген.

Облыс орталығының ше­тінде 200 гектар аумақты алып жатқан Индустриалды ай­мақ 2015 жылдың соңында құ­рыл­ды. Меншік құқығы жағынан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясына қарайды. «Ақ­төбе» ӘКК» ҰК АҚ жауапты қызметкері Эльдар Валиев майнинг фермасының қызметіне қатысты сұрағымызға былай деп жауап берді: «Ақтөбе Смарт­тех» ЖШС-і Индустриалды ай­маққа 2019 жылы орналасты. Бұл «сұрғылт» майнер емес, елі­міздің аумағында заңды түрде тіркелген, салық төлеп, бірнеше жұмыс орнын ашқан «ақ» компания. Ол «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бо­йын­ша серверлік қуат тартуға бай­ланысты қызмет түрімен айналысты».

Прокуратураның шұғыл тек­серісінен соң осы майнинг фермасына қатысты заңсыз кәсіпкерлік бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сот процесінің қашан басталатыны белгісіз.

Айта кететін бір мәселе – елі­мізде майнингке қатысты заң­дылық негіз әлі қалыптаспаған. Биз­нес пе, алаяқтық па? Мұ­ның аражігі анықталмаған. Ал көр­шілес Қытай Халық Рес­публикасында криптовалюта биз­несіне заңды түрде тыйым са­лынған. Білетініміз, майнинг фермалары электр қуатын шектен тыс көп мөлшерде тұтынып, серверлік қуаты жоғары машиналарды пайдаланады. Көпшілік майнинг фермалары елімізге Қытайдан бір мезгілде көшіп келіп орналасып алған. Олардың заңсыз қызметі елімізде электр қуатын тұт­ыну мөлшері күрт артқанда ғана ашыла бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, майнинг фермалары елімізде цифрландыру бағдарламасына қатысушы заңды тұлғалар ретінде тіркеліп, үш жыл бойы жұмыс істеп келген. Олардың қызметі үш жыл бойы бақылаудан тыс қалған. Себебі елімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланды.

Пандемия кезінде барлық сала онлайнға ауысқанда Интернет жылдамдығы күрт азайып, кей жерлерде жоғалып кетіп, барлық салада қиындық туғызды. Нағыз қажеттілік туған кезде цифрландыру бағдарламасына қатысушы операторлар қажетті трафикті бере алмады. Жұрт пандемия­мен алысып жатқанда цифрландыру саясатымен айналысушы серіктестік Индустриалды аймақ­тың түкпірінде криптовалютаны айналдырып отырды. Не өнім өндіретіні, не кәсіпкерлікпен айналысатыны белгісіз компания пандемия кезінде «Ақтөбе» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циясының қолдауын жақсы се­зінгені анық.

Бақылаушы пакет акциясы жергілікті әкімдікке қарайтын ква­зимемлекеттік мекеменің ті­келей міндеті – криптовалюта бизнесін дамыту емес, өнім өн­діруші кәсіпорындарды қолдау. Бірақ жұмысы құпия, жабық мекемеге айналған корпора­ция ешкімге есеп бермейді. Ква­зимемлекеттік мекеменің құзы­рындағы Индустриалды аймақ аумағында кәсіпорындар өте аз орналасқан. Оның 35 %-ында ғана үш кәсіпорын бар. Олар қыш тақтайшаларын өндіретін, көліктің резина дөңгелектерін қайта жасайтын, бояу өнімдерін шығаратын кәсіпорындар. Түк­пірдегі майнинг фермасы осы санатқа кірмейді. Кәсіпкерлер келмей ме, әлде басқа себептері бар ма, бұл жағын біле алмадық. Екінші жағынан, ақтөбелік кәсіп­керлер тарапынан жер телімдеріне деген сұраныс күннен күнге артып келе жатыр.

«Ақтөбе» ӘКК-нің бірнеше жылдан бері жиналған дебиторлық қарызы да бар. Қолымызға түс­кен ақпаратқа үңілсек, квази­мем­лекеттік мекеме 2021 жылды 700 млн теңге қарызбен және мер­зімі өткен 1,5 млрд теңге деби­торлық қарызбен аяқтаған. Оның қызметіне қатысты мәселе 2021 жылдың қаңтарында «Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жө­ніндегі қоғамдық кеңесінде кө­терілді. Осы мәжілісте Кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев «Ақ­­төбе» ӘКК-нің жұмысын «қар­­­жыны қайырымдылық қоры сияқ­ты оңды-солды шашты» деп сынға алып, облыс эконо­микасына қатысы жоқ компа­нияларға пайыз­сыз несие тарат­қанын айтты. Басшылық тарапынан несиенің қайтарылуына да, өңірдегі инвес­тициялық жобалардың орындалуына да бақылау болмаған. О.Өксікбаев Индустриалды ай­мақ қызметінің жұмысын да сынға алды: «Облыс бюджетінен Индустриалды ай­маққа бөлінген 5 млрд теңгеге тек 300 жұмыс орны ашылып, 5 өндіріс іске қосылған».

Сонымен қатар «Ақтөбе» ӘКК-і өңірдегі тұрақтандыру қорына қажетті азық-түліктерді са­тып алуға жауапты. Жыл сайы­н тұрақтандыру қорына қа­жетті көкөністерді сатып алуға жергілікті бюджеттен бірнеше млрд теңге бөлінеді. Былтыр күз­де 2 млрд теңгеге негізгі азық-түлік түрлері сатып алынса да, қаладағы супермаркеттерге тұрақ­тандыру қорынан түскен шіріген көкөністер жұрттың ашу-ызасын туғызды. Биыл жыл басында тағы да 2 млрд теңгеге Қостанай және Түркістан облыстарынан картоп, сәбіз, қырыққабат жеткізілді. Осыдан көрініп тұрғандай, негізгі азық-түлік басқа өңірлерден сатып алынады. Осы кезге дейін Ақтөбе облысының шаруашылықтары дүкен сөрелерін картоп, сәбіз, қырыққабатпен неге қамтамасыз ете алмай жүр? Қаражат жер­гілікті шаруашылықтарға дұрыс бе­рілмей ме, әлде субсидияны бел­гілі топтар ғана бөлісіп ала ма, бұл жағы анық емес. Өткен жылы ғана Ақтөбе облысының ша­руашылықтарын қолдауға рес­публикалық және жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге субси­дия бөлінді. Ал осы қаржыны алған шаруашылықтардың мәлі­меті еш жерде жарияланған жоқ. Бұл жерде негізгі мәселе ша­руаны ұйымдастыру жағы мен қаржының мақсатты түрде бөлінбеуінде  жатыр. Бюджет қар­жысы мақсатты түрде жұмсал­ғанда базар мен дү­кен сөрелерін жыл бойы жер­гілік­­ті өніммен толтырып қоюға бо­лар еді.

Облыстық мәслихаттың соң­ғы сессиясында депутаттар тұрақ­тандыру қорына бөлінуге тиіс қар­жыны ерте көктемде ша­руаларға беріп, ал күзде өнімді көкөніспен қайтарып алуға ұсы­ныс түсірді. Бұл екі жаққа да тиім­ді шара: көк­темде шаруаға қаржы керек, ал күзде жергілікті билік кезек­ті «ші­ріген көкөніс дауына» қал­майды.

Жергілікті билік пен кәсіпкер­лер арасындағы байланыстырушы квазимемлекеттік мекеме жұмысының үйлесімсіздігінің кесірінен осындай қиындық ор­нады. Бұл бір жыл емес, бір­неше жылдан бері жиналған мәселелер. Осы мекеме ашық түрде жұмыс істегенде, күрделі шиеленістерге бой алдырмас еді. Қазір осы мекеменің жұмысына жұртшылық күмәнмен қарап, бюджет қаржысын бөліп алушы мекеме ретінде бағалайды. Осы кезге дейін мекеменің өңір экономикасына қосқан үлесі де белгісіз. Инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мақсатты бағдарламалардың бол­мауы, бюджет қаржысын ысы­рапшылдықпен жұмсау, бюрократия – квазимемлекеттік мекеменің жұмысының негізгі көрсеткішіне ай­налды. Анығы сол, кез келген мәселеде ашықтық болмаған жер­­­ден түпкілікті нәтижені күту қиын.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар