Қоғам • 16 Наурыз, 2022

Көкөніс пен жеміс өсіруге көңіл бөлсек...

826 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», деген болатын. Бұл міндетті іске асыру Президент тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет әзірлеп жатқан халықтың табысын арттыру бағдарламасының бір маңызды бағыты болуға тиіс. Соның ішінде елімізде дамуы кенжелеп қалған көкөніс пен бау-бақша шаруашылығына жете мән берілсе, құба-құп.

Көкөніс пен жеміс өсіруге көңіл бөлсек...

Түгін тартса майы шыға­тын топырағы құнарлы, кең-байтақ жерге ие бола отырып, жеміс-жидек түгіл, картопқа да жа­рымай жүргеніміз жасырын емес. Былтыр күзге қарай «екін­ші нанның» базардағы баға­сы ас­панға шарықтап, килосы 300-ден 500 теңгеге дейін сауда­лан­ған­да айлығы шайлығына әрең жете­­тін қарапайым халық қатты нара­зы­лық білдіргені – соның айғағы.

Бір қайран қаларлығы, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің мәліметіне қара­ғанда, отандық картоп өндірісі елі­міз­дің ішкі сұранысын 108 пайыз қам­та­масыз ететін көрінеді. Ендеше, осы өнімнің тапшы болуының себебі неде? Шенеуніктердің сөзіне сенсек, жи­нал­ған картоптың небәрі 47 пайызы немесе 1,9 млн тоннасы ғана тауар­лық өнімге жатқызылады екен. Қал­ған 53 пайызы, яғни 2,1 млн тон­надан астамы тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында өнді­ріл­гендіктен, тауар айналымына қосыл­майды-мыс. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша 2020 жылы экспортқа шығарылған картоп көлемі рекордтық көрсеткіш  360 мың тоннаға дейін жеткен. Соның салдарынан елде «екінші нан» тапшылығы туын­даған. Тек картопты экспортқа шыға­руға тыйым салынғаннан кейін баға тұрақ­тан­дырылған. Ал жетіспейтін 28 мың тонна өнімді Қазақстан Иран мен Пәк­істаннан үш есе қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болған.

Сәбіз өсіруде қалыптасқан жағдай тіпті күрделі болып шықты. Бұл көк­өніс­тің жыл сайынғы жетіспеушілігі сұраныстың 5-6 пайызын құрайды екен. Негізгі тапшылық сәуірден шілдеге дейін болатындықтан, осы кезде сәбізді Өзбек­станнан қымбат бағаға сатып алуға тура келіп жүр.

Шынтуайтына келсек, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің республикамызда өсірілетін картоптың 53 пайызы ауылдағы ағайындардың жеке қосалқы шаруашылықтарына тиесілі дегеніне сену қиын. Бұл шенеу­нік­тердің статистика бойынша жалпы ішкі өнімді жыл­дан-жыл­ға ұлғайтып көрсетіп, жоғары жақ­қа «Біз қатырып жатырмыз» дегенге саятын жалған есеп беруі­нің бір қитұрқы амалы тәріз­ді. Әйтпесе, ауыл­дағылар қала­лардағы базарлар мен сау­да ор­талықтарында картоптың баға­сы бұ­рын­ғы 100-150 теңгеден бір­ден 300-500 теңгеге дейін өске­нін білсе, қоймасына үйген «екін­ші нанының» отбасынан артылатын бөлігін жақын маңдағы шаһарға өзі-ақ апарып сатуға асық­пас па еді? Ауыл мен қала арас­ында әрілі-берілі шапқылап жүр­ген «делдалдар» да мұндай «май­шелпекті» мүлт жіберер ме еді?

Әлбетте, елімізде, әсіресе бос жатқан құнарлы жері көп теріс­кей өңірлерде картоп пен сәбіз өсіруге қолайлы мүм­кіндік мол. Алайда көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны саусақпен санарлықтай ғана. Ауыл тұрғын­дарының ішінде де жеке қосалқы шаруа­шылығында картоп пен сәбіз өсіре­тіндер көп емес. Олардың үй іргесіндегі ша­ғын бақшасында өсірген өнім­дері өз отбасыларынан артылмай­ды. Ал қазақ ауылдарының тұр­ғын­дары болса, бая­ғыша төрт түлік малды көбірек ұстаған­мен, көкөніс өсіруге аса мән бермейді.

Осы орайда белгілі мемлекет қайрат­кері Еркін Әуелбеков зейнеткерлікке шық­қаннан кейін қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облы­сы­ның Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданына қарайтын туған ауылы – Жаңасуға әдейілеп келіп, ағайындарының басын қосып, жиналыс өткізіп, бақшаларында көкөніс пен жеміс өсіруге үгіт­тегені ойға оралады. Үгіттеп қана қоймай, айтқан сөзін әр отбасының қалай тыңдағанын өзі ауыл ішін аралап жүріп қадағалаған екен. Нәтижесінде, елге танымал үлкен кісіден ұялған ауылдастарының бәрі үйлерінің іргесіне көкөніс пен жеміс-жидек егіп, әжептәуір өнім жинап, дастарқан берекесін молайтыпты. Осы мысалдан көрін­геніндей, жергілікті әкімдер жолын тауып ұйымдастыра білсе, ауылдағылардың жеке қосалқы шаруа­шылықтарында өсірілетін көкөніс пен жеміс көлемін еселеп арттыруға болатыны анық. Бұл іске, ең алдымен, жер тырмалап өскен қандастар мен оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларды тартып, өзгелерге үлгі етуге неге болмасқа?! Өкінішке қарай, қазір олардың арасында жергілік­ті әкімдіктерден сұраған жер телім­дерін ала алмай, жігерлері құм болып жүргендер бар.

Демек көкөніс пен бау-бақша шаруа­шы­лығын дамытуға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердің әкімдіктері жете мән беріп, шындап қолға алса, әзірге қағаз жүзінде бар болғанымен, ауыл тұрғындарының қоймасын­да жоқ миллиондаған тонна картоп пен сәбізді базар мен дү­кен сөрелеріне түсіруге әбден болар еді. Бұл – ауылдағы­лар үшін қосымша табыс көзі, ал қала­дағылар үшін бағасы қолже­тімді көкөніс пен жеміс молшы­лығының сенімді негізі емес пе?

Айтпақшы, жуырда Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет­ке еліміздегі бау-бақша шаруа­шылығын дамыту жөнінде депу­таттық сауал жолдапты.

«Қазақстанда жеміс-жидек өнді­рісі­нің келешегі өте зор. Елі­мізде жылына 420 мың тонна­дай жеміс-жидек өн­ді­ріл­гені­мен, әлемдегі тамақтану стан­дарт­тарына сай әр адамға қажетті жыл­дық норманы есептейтін болсақ, ха­л­қы­мызға 2,5 млн тоннадан астам өнім қажет. Біз оның 17 пайы­зын да қамта­ма­сыз ете алмай отыр­мыз. Ал бау-бақ­шаның гектары­нан түсетін таза табыс майлы дақылдармен салыстырғанда 16 есе, астық шаруашылығына қара­ғанда 25 есе жоғары.

Өкінішке қарай, бұл саланың еліміз үшін аса маңыздылығы, денсаулық үшін пай­далылығы, экономикалық тиім­ділігі құзырлы органдар тарапынан ескеріле бермейді. Біз әлі де импортқа тәуел­діміз. Елімізге жылына 230 мың тонна­дан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінеді. Біздің нарыққа көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мем­лекеттерінен жеміс-жидек тасымалданады. Тіпті Ауғанстаннан жылына 2 мың тонна жүзім сатып аламыз.

Еліміздегі бау-бақша дақыл­дарының өнімділігі өте төмен, гектарына 7-8 тоннадан аспай­ды. Ал бұл көрсеткіш Ресейде – 12, Өз­­бек­станда – 15, Польшада 25-30 тоннаны құрайды. Еліміздегі бар болғаны 8 алма өңдеу кәсіп­ор­нының қуаттылығы 37 пайыз ғана қамтылған.

Бізде бау-бақша және жүзім шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдау нашар. Соңғы 15 жылда осы өндіріспен айналысатын 1500 шаруашылықтың 2,5 пайызы ғана жеңілдетілген несие алған, ал екінші деңгейлі банктер 2 жобаны ғана қаржыландырған. Осы аралықта өсім­дік шаруашылығына бөлінген субси­дияның 0,02 па­йызы ғана бау-бақшаға бөлінген. Ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасында да, өңірлік бағдарламаларда да бау-бақ­ша­ны интенсивті дамыту, өнімді сақтау, нарыққа делдалсыз шығару шаралары қамтылмаған. Бау басынан әр килограмы 150 теңгеге сатыл­ған алмалар делдалдар ар­қылы бөлшек саудада 480-500 теңге­ге сатылып жатыр. Яғни бау мен базар арасындағы баға­ның айырмашылығы 3,5 есе», дей келіп, сенатор еліміздің ауыл ша­руашылығы саласын әрта­рап­тандырудың негізгі бағыттары­ның бірі ретінде бау-бақ­ша ша­руашылығын интен­сивті дамы­ту­дың нақты салалық бағ­дар­ламасын әзірлеп қабылдауды, соның ішінде бау-бақшамен айналысуға қажетті жер телімдерін алудың оңтайлы жолдарын және басқа да тиімді шараларды қарастыруды ұсыныпты.

Үкімет бау-бақша шаруа­шылығын дамытуға ғана емес, көкөніс өсіруге де тиісінше көңіл бөліп, бұл өзекті мәселені кешенді тұрғыда шешкені жөн.