Экономика • 16 Наурыз, 2022

Қант бағасы неге құбылды?

1055 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы бірнеше күнде қант бағасы күрт қымбаттап, өнімге деген сұраныс көбейді. Сауда орындарында ұзын-соңар кезек қалыптасып, ел ішінде дүрбелең пайда болды. Кеше салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері осы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Қант бағасы неге құбылды?

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың сөзінен ұққанымыз, аса бір дүрлігетіндей фактор болмаған. Тиісінше, қант бағасы өсуі мүмкін деген болжам да жасалмапты. Соған қарағанда белгілі бір топтар ел ішінде қолдан дүрбелең тудырып, қалыптасқан жағдайды өз мүдделеріне тиімді пайдаланып кеткен секілді.

Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Жеңіс Өсербайдың мәлі­метін­ше, елімізде 90 мың тоннаға жуық қант қоры бар. Оның 30 мың тоннасы тұрақтандыру қорлары мен сауда орын­­дарында, 47 мың тонна өнім қант за­уыт­тарында, 2,5 мың тоннасы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қо­рын­да сақталған. Ендеше, қанттың кө­ле­мі жеткілікті болса, баға неліктен құ­был­ды деген заңды сауал туындайды.

– Сұраныс өскендіктен баға да қымбаттаған. Мәселен, бес күннің ішінде бір ғана «Магнум» сауда желі­лерінде 540-550 тонна қант сатылыпты. Әдетте, мұндай мерзімде 170 тонна қант сатылып келген екен. Орын алған жағдайға байланысты жергілікті ат­қарушы органдар мен Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі бағаны не­гізсіз көтерген кәсіпкерлерге қатыс­ты тексеру жүргізбек. Осыдан кейін ба­ға тұ­рақ­тануы мүмкін, – дейді Сау­да ко­ми­тетінің төрағасы Ержан Қазанбаев.

Әлеуметтік маңызы бар тауар­лар­дың ішінен сырттан көп көлемде импортталатыны – қант. Бірақ әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайға байланыс­ты Ресей қант экспортына тыйым салуы мүмкін. Жеңіс Өсербайдың пікі­рін­ше, бұған алаңдайтындай негіз жоқ. Өйткені әлемде қант қоры жет­кілікті. Басқа елдерден импорттау аса қиындық тудырмауы керек.

– Біздің министрлік алты түрлі тауар бойынша импортты алмастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде қант та бар. Алдымызда тұрған үлкен міндет – отандық қант өндірісін одан әрі дамыту. Ол үшін қант қызылшасын өңдеу маңызды. Бүгінде елімізде қант қызылшасын өңдейтін төрт зауыт бар. Оның екеуі Жамбыл обылсында, екеуі Алматы облысында орналасқан. Аталған кәсіпорындарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жамбыл облысында тағы бір жаңа зауыттың құрылысы жоспарланып отыр, – дейді Жеңіс Өсербай.

Вице-министр зауыттардың толық қуаттылықпен жұмыс істемейтінін мойындады. Сондықтан елімізде қант қызылшасы алқаптарын ұлғай­ту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұ­ған мемлекет тарапынан субси­дия беріледі. Бекітілген ұлттық жобаға сәйкес, 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқаптарының 70 па­йызға жуығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Сондықтан бұған қомақты инвестиция тартылады деп күтілуде. Сонымен қатар елімізде қант қызылшасына субсидия беріледі. Оның бір тоннасына 10 мың теңгеден үлестіріледі. Жыл сайын шамамен 350 мың тоннаға жуық қант қызылшасы жиналады. 2021 жылы қант қызылшасын сатып алуға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Сондай-ақ биыл Павлодар облысында қант қызылшасын өңдейтін зауыт ашылуы керек еді. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, бұл зауыт әзірше жоба күйінде қалып отыр. 

– Бұл жобаны Павлодар облысы­ның әкімдігі ұсынған. Техникалық эконо­микалық негіздемесі жасалды. Соның негізінде әкімдік пен Kazakh Invest ұлттық компаниясы стратегиялық инвестор іздестіруде. Әзірше инвестор табылған жоқ. Тиі­сінше, зауыттың құрылысы да ба­с­тал­мады. Ал зауыттың биыл пай­далануға берілетіні туралы ақпарат болжам болса керек, – деді ол.

Ж.Өсербай ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге күн са­йын мониторинг жүргізілетінін мәлім­деді. Оның мәліметіне сенсек, 12 нау­рыздағы жағдай бойынша республикада 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар тауар қоры қалыптасқан. Оның ішінде қорда 144 мың тонна ұн, 90 мың тонна қант, 40 мың тонна күріш, 21,5 мың тонна макарон, 900 мың тонна көкөніс өнімдері сақталған. Вице-министр азық-түлік қоры апта сайын толықтырылып әрі жаңартылып отырады деп сендірді.