Спорт • 16 Наурыз, 2022

Азаренкодан айласын асырды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан турнирде Қазақстанның қос теннисшісі – Александр Бублик пен Елена Рыбакина табысты өнер көрсетуде.

Азаренкодан айласын асырды

Бұған дейін біз Бубликтің Ұлыбри­танияның әйгілі ойыншысы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Энди Маррейді жеңгені жайында жазғанбыз. Кеше Рыбакина да өз жанкүйерлерін қуантты. Үшінші кезеңде ол әлемнің экс-бірінші ракеткасы Виктория Азаренкомен кездесті. 32 жастағы Беларусь елінің өкілі кезінде Аус­тралияның ашық біріншілігін ұтып, US open додасының финалында ойнаған. Ролан Гаррос пен Уимблдонда жартылай финалға дейін жетіп, WTA турнирлерінде 21 рет жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының жекелеген сынында Азаренко қола алса, жұптық сайыста алтыннан алқа тақты. Бірақ бұл күні өте тамаша өнер көрсеткен Елена бір жарым сағаттан аса уақытқа созылған бәсекені 6:3, 6:4 есебімен өз пайдасына шешті. Енді отандасымыз швейцариялық Виктория Голубичпен шеберлік байқасады.

Аталған жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев кеше фран­циялық Гаэл Монфиске 6:4, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, көрермендер қатарына қосылды.