Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық саланы жедел дамыту жөнінде арнайы тапсырмалар беріп, бағдарын анықтады. Нақтылай түссек, оның біріншісі – еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үшіншісі – елдің экспорттық әлеуетін іске асыру. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыру Қазақ мемлекетінің әрбір азаматына парыз екені сөзсіз.
Отанымыздағы аграрлық сала бойынша білім беретін байырғы оқу орындарының бірі, базасы, ғылыми әлеуеті, оқытушылар құрамы жағынан да мойны озық тұрған Қазақ аграрлық университеті десек, артық айтқандық емес. Іргелі оқу ордасының алтын діңгегіңдей болып есептелетін бір ғана энергетикалық және ақпараттық жүйелер факультетінің ұжым мүшелері Елбасы Жолдауында көрсетілген басты міндеттерді орындау үшін бел шеше кірісіп отыр.
Бұл факультет еліміздің барлық өңірін электрлендіру жолында өткен ғасырдың өзінде орасан жұмыстар атқарған. Осындай игілікті істі жүргізуде факультеттің тұңғыш деканы Трофим Те бастап, Х.Тасболатов, А.Тәжібаев, А.Захаров, И.Аргангельский, тағы басқа ғалым-оқытушылар қоштап, жүздеген емес, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 6 мыңға таяу түлектеріміздің ішінде елге танылып, жұртқа қалтқысыз қызмет еткен азаматтар молынан. Оларды біз әрқашан мақтан етеміз, студенттерге үлгі етіп отырамыз. Солардың қатарында, кезінде биік лауазымды қызмет атқарған Социалистік Еңбек Ері Р.Мырзашев, бұрынғы Құрылыс министрі, қазіргі “Корпорация АВЕ” АҚ президенті А.Құлыбаев, ғалым А.Болотов, тағы басқалары бар. Сол секілді факультеттің бір замандардағы үздік студенттерінің арасынан 11 ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаты шыққанын да айта кетсек дейміз.
Ғылым мен техника қарыштап дамыған ХХІ ғасырда факультет ұжымы заманауи өзгерістерге сай бұрынғы ауыл шаруашылығын электрлендіру факультеті ендігі жерде энергетикалық және ақпараттық жүйелер факультеті болып өзгеріп отыр. Төрт кафедрада 94 оқытушы болса, олардың 11-і ғылым докторы, 34-і ғылым кандидаты. 5 мамандық негізінде 1150 бакалавр, 32 магистр, 3 PhD доктор дайындалуда. Арнаулы 30-дан астам лабораторияларда, электрлендіру жүйелерін жобалау кабинеттерінде, оқу полигондарында, компьютерлендірілген электр қондырғыларында студенттерге жүйелі сабақ өткізу дәстүрі жақсы қалыптасқан. Оқу үрдісінде әртүрлі инновациялық білім беру технологиялары кеңінен қолданылады. Мәселен, дәстүрлі мультимедиялық сүйемелдеу, виртуалдық лабораториялық жұмыстар, электрондық оқулықтар мен оқу құралдары, бейнефильмдер, компьютермен бақылау-тест жүргізу, іскерлік ойындары, т.б.
Факультетте білім берумен қатар ғылымды өндіріспен ұштастыра отырып, зерттеу мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Соның бір дәлелі ғалымдар ауыл энергетикасының өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуде. Атап айтқанда, ауылшаруашылық жылжымалы мәшинелерінің оңтайландырылған автономдық электр жетегі, автономдық жылжымалы электрмен жабдықтау көзі, фермерлік шаруашылықтарды жылумен қамтамасыз ету үшін электр бу өндіруші, жаңартылған энергия көздерін құрама пайдалану қондырғысы және басқа да мәселелердің шешімдері іздестірілу үстінде. Жалпы алғанда, еліміздегі электртехникалық білімнің көзін ашқан ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапқан факультет оқытушылары мен студенттері Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындау жолында еңбек етіп келеді.
Мұратбек ИСАХАНОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті.
АЛМАТЫ.