02 Сәуір, 2014

Береке басы – бірлікте

357 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ибрагимов СуретҚобда ауданындағы «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры Тілепжан Ибрагимовті көптен білетінмін. Қашан көрсең де жылы жымиып амандасатын ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, облысқа белгілі азаматты соңғы жылдары Ақтөбе қала­­­­сындағы Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен болатын мәдени-қоғамдық көпшілік іс-шаралардың басы-қасынан жиі кездестіріп жүрмін. Оның да реті бар. Ол – осындағы «Назгум» ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы. Жақында бізге Тілепжан Ибрагимовпен кездесудің сәті түсіп, өзі басқаратын бірлестік жайында, еліміздегі достық пен бірлік, татулық пен тұрақтылық төңірегінде әңгімелескеніміз бар-ды. – Тілепжан Зайнединұлы, сіз Ақтөбе өңіріне қай жылдары келдіңіз? Мен сізді біразға дейін қазақша сөйлегендегі дауыс ырғағыңызға қарап қалада өскен қазақ шығар деп жүргенімді қайтерсіз? – Мен өзі Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кетпен ауылында туып-өстім. Отбасында бес бала болдық. Алматы малдәрігерлік -зооветеринарлық институтын бітіргеннен кейін 1980 жылы жолдамамен Қобда ауданының сол кездегі «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» ұжымшарына мал дәрігері болып келдім. Кейін шаруашылықтың бас мал дәрігері болып он жыл еңбек еттім. Қазір осы шаруашылықты басқарғаныма тура 23 жыл болды. Бұл маған көрсетілген үлкен сенім болатын. Менің осы жерде білікті басшы, азамат болып қалыптасуымда жерлестерімнің үлкен үлесі бар десем, артық айтқандық емес. Менің барлық жемісті жылдарым мен қуанышты кезеңдерім осында өтті. Осы жердегі еңбегім ескеріліп, «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталдым, екінші рет облыстық мәслихат депутаттығына сайландым. Мұнда бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрдық. Кейін, еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи отандарына қоныс аударғандар болды. Бірақ, көп емес. Ауылда әлі де оннан астам ұлттың өкілдері өзара тығыз достық рәуіште тұрып жатыр. Менің бұл жерден табан аудару туралы ойым да болған емес. Адамдарға бауыр басып, осы топыраққа кіндігімнен байланып қалған сияқтымын. Көп достар таптым. – Этномәдени бірлестік ұйым­дастыру бастамасы қалай туды? – Біз бұрындары осындағы ұйғыр ұлтының өкілдері ара-тұра кездесіп тұратынбыз. Сондай бір кездесулерде неге ұжымдасып, тұрақты кездесіп тұрмасқа деген ой келді. Ондағы ойымыз өз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттай отырып, ортақ Отанымыздағы татулық пен бірлікті нығайтуға өзіндік үлесімізді қосу болды. Сөйтіп, осыдан жеті жыл бұрын бірлестікті тіркетіп, жұмысын бастап кеттік. Ұйымдастыру жұмысының басы-қасында өзім жүрдім. Қазір облыс орталығындағы Достық үйінің шаңырағы астында топтасқан он сегіз этномәдени бірлестіктің бірі ретінде қалыптасып, жұмыс істеп жатырмыз. Осында өткізілетін барлық мәдени шараларға атсалысамыз. Бірлестікте әзірге отыз отбасы бар. Солардың күшімен концерттік бағдарламаларға қатысамыз, басқа да мәдени шаралардың ортасында жүреміз. Жалпы, еліміздегі сан ұлттың бірлігі мен берекесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор дер едім. Президенттің ел тізгінін алғаннан бергі ұстанымы ортақ үйіміздегі қалыптасқан ұлтаралық татулық пен қоғамдық - саяси тұрақтылықты нығайту болып келеді. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық және конфессияаралық достықтың іргетасын бекіткен азаматтық институт ретінде өзін өмірде нақты дәлелдеп берді. Қазіргі таңда Ассамблея осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы құралға айналып, елімізде өмір сүріп жатқан этностардың өзара тең құқықты қатынастарын реттеуші алаң рөлін атқаруда. Осы кезеңде құрылымның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын көз көріп, көңіл сеніп болды. Бұл да Елбасының сарабдал саясатының арқасы екенін қазақстандықтар бек түсінеді. Өзім Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде оның жұмысына қатысып жүрмін, сонда байқағаным, бұл құрылымның халық бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтаудағы қайтарымы мол екен. Облыста да этномәдени бірлестіктер жұмысын жандандыруға, өзге ұлттардың өз тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін сақтауға қамқорлық жасалып келеді. Міне, бірлестіктер бас қосқан Достық үйі соның нақты дәлелі. Мұнда бірлестіктерге қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кеңселік бөлмелер бөлінді. 300 орындық концерт, хореография және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингафондық бөлме, конференц-зал, мұражай және кафе, дыбыс жазатын және бейнестудия, басқа да орындар ұлттар достығына қызмет етеді. Сондай-ақ, бірлестіктерге жыл сайын облыс әкімінің гранты беріледі. – Енді отбасыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз. – Зайыбым Гүлзарам – ұйғыр қызы, ағылшын пәнінің мұғалімі. Өз мамандығы бойынша ауылда жұмыс істеді, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі болып табылады. Менің көп уақытым шаруашылықты жүргізуге және облыстық мәслихат депутаты ретіндегі жұмыстарыма кететіндіктен, бірлестіктің көп шаруасы да соның мойнында. Отбасымызда үш бала тәрбиелеп өсірдік. Барлығы да осы өзіміз тұратын Калиновка ауылында туып-өсті, осында оқыды. Үлкен балам Азиз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде бас сарапшы, заң ғылымдарының кандидаты, ұйғыр, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі. Екінші ұлым Фариз Алға аудандық прокурорының орынбасары, қызым Наргиз ағылшын тілінің маманы. Олар да үш тілде еркін сөйлейді. Балалардан бес шөбере көріп отырмыз. – Облыстық мәслихаттың депутаты ретінді көп жұмыстарға ұйытқы болып жүргеніңізді білеміз. Сөз соңында өзіңіз басқаратын шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтала кетсеңіз. – Серіктестік мал өсірумен және егіншілікпен айналысады. Соңғы төрт-бес жылдағы қуаңшылық біраз тауымызды қайтарып тастағаны рас. Біз егіншіліктің құрылымын жетілдіруге бағыт ұстаудамыз. Бұрындары 10 мың гектардан астам алқапқа тұқым сеуіп келсек, енді бес-алты мың гектарға дейін кеміттік. Қуаңшылыққа төзімді тары егісін кеңейтудеміз, былтыр 1 мың гектарға тары егіп, қуаңшылыққа қарамастан, әр гектардан 10 центнерден өнім жинадық. Оны «Рамазан» құс фабрикасына өткіздік. Мал азығын дайындап, сатамыз. Өткен жылғы күздің жауын-шашынды болғаны, биылғы қыста қардың мол түскені көктемнен үміттендіріп отыр. Қазір қой төлдетілуде, көктемгі егіске дайындық басталды. Серіктестік 65 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, алда қауырт шаруа­лар күтіп тұр. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.