Аймақтар • 16 Наурыз, 2022

Алматыда «Жаңа Қазақстан» жастар қозғалысы құрылады

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 наурыз күні Алматы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар қозғалысын ұйымдастыру мәселесін талқылау жөніндегі отырыс өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Жаңа Қазақстан» жастар қозғалысы құрылады

Жиынға қоғам белсендісі, меценат Сырымбек Тау, шығармашыл жастар өкілі Оңдасын Кұлымбет, G-38 студенттік қозғалысының негізін қалаушы Айсұлу Ерниязова, спорт шебері Жанқош Тұраров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Әлия Масалимова, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Шыңғыс Нұрланов, ҚБТУ проректоры Екатерина Смолякова, ХБК проректоры Қайыржан Меңдіғалиев пен өзге де ЖОО-дардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында спикерлер жастар мен студенттердің белсенділігін арттыру мақсатында қоғам белсенділері тарапынан қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.

18 наурыз күні сағат 14:00-де Алматы жастарына жақсы серпіліс беру үшін «Алматы аренада» жеке кәсіпкерлердің қолдауымен концерт өткізілетіні хабарланды. Бұл концертке танымал өнер жұлдыздары мен белгілі азаматтар қатысады, олар мерекелік бағдарламамен қоса, өнегелі әңгіме айтып, өз тәжірбиесімен бөліседі.

«Соңғы уақытта айналамыз негативке толып кетті. Студенттеріміз онлайн оқу форматына көшкелі бері, қоғамдық істерге белсенді ат салыса алмай жүр. Сондықтан біз жастарға жақсы көңіл-күй сыйлап, оларға өз тәжірбиемізбен бөліссек деген ниеттеміз. Мақсатымыз партия құрып, саяси мансап бастау емес. Азаматтық әрі ағалық жауапкершілігімізді сезініп, жастарды жақсы істердің басында біріктірмекпіз», деді отырыстың ұйымдастырушысы Сырымбек Тау.

 «Жастарды қолдауға бағытталған бұл шараны біздің студенттер жақсы қабылдады. Қазірдің өзінде 10-нан астам ЖОО басшылығы айтылған жұмыстарға үлес қосуға өз ниеттіліктерін білдірді. Осы отырысты ұйымдастырудың мақсат-мүддесі бүгінгі президент жолдауына айтылған мәселелермен тұспа-тұс келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан бізден басқа ешкімге керек жоқ» деді. Үкімет тапсырмасынан бөлек қоғам белсенділерінің бірігіп ел дамуына қадам жасауы, президент сөздерін дұрыс түсінуіміздің белгісі», деді ХБК проректоры Қайыржан Меңдіғалиев.

Жиын соңында шара ұйымдастырушылары бұдан кейін де жастарды қолдауға арналған өзге де атқарылатын жұмыстар жоспарланғанын хабарлады.