Қоғам • 17 Наурыз, 2022

Энергия жүйелеріндегі апаттың себебі анықталды

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының арнайы комиссиясы 2022 жылғы 25 қаңтарда бол­ған апатқа қатысты тергеу-тексеру жұ­мыс­тарын аяқтады. Оның құрамына Орта­лық Азияның, атап айтқанда Қазақстан, Өзбек­стан­, Қырғызстанның энергия жүйелері жүйелік операторларының өкілдері кірген болатын. Бұл туралы KEGOC АҚ хабарлады.

Энергия жүйелеріндегі апаттың себебі анықталды

Комиссия апаттың себебін Өзбекстанның энергия жүйесінде болған ажыратылудан туындағанын анықтады. Осы күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:59-да Сырдария ЖЭС-і мен 500 кВ «Ташкент» ҚС-ны (Өзбекстан) қосатын 500 кВ жоғары вольтті әуе электр жеткізу желісінің желілік ажыратқышында қысқа тұйықталу орын алды. 500 кВ шиналардың 1-ші және 2-ші жүйелерінің дифференциалды қорғаныстарының шамадан тыс жұмыс істеуі Сырдария ЖЭС-інде генерацияның айтарлықтай төмендеуіне, электр стансасына іргелес электр желісіндегі ажыратылуларға және Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) 500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитіне ­2 100 МВт мөлшеріндегі қуат жүктемеден тыс түсірілуіне (белгіленген нормадан 7 есе жоғары) әкелді.

Жүйелі апаттар кезінде KEGOC АҚ электр желі­лері мен Қазақстанның оңтүстігіндегі электр стан­са­ла­рының аварияға қарсы автоматикасы энергия жүйесін бөлу жөніндегі талаптарды ескере отырып, штаттық режімде іске қосылды. Осы арқылы еліміздің оңтүстік тұтынушыларының шамамен 60%-ын электр­мен жабдықтауды сақтай отырып, Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының толық ажыратылуына жол берілмеді. Бұл ретте Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толығымен тоқтан ажыратылды.

KEGOC компаниясына апатты жоюға және Қа­зақ­стандағы барлық тұтынушыларға қойылған шек­теулерді алып тастауға 4 сағат қажет болғанын, сон­дай-ақ бұған Қазақстан БЭЖ-і Жүйелік операторы персоналының жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізгенін атап өткен жөн. Ал Қырғызстан ҰЭТ-те схема мен режім бір тәуліктен астам уақыттан кейін қалпына келтірілсе, Өзбекстан ҰЭТ-те тұтынушыларды энергия­мен жабдықтауды қалпына келтіру төрт күнге созылды.