Көзі тірісінде-ақ Керей Қойшыбектің «Самбоның академигі» атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Айтулы азамат табаны күректей 18 жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері (1992-2010 жылдар) болды. Сол уақыт аралығында біздің жігіттер тек әлем чемпионаттарында 10 алтын және 50-ден аса күміс пен қола медальді иеленді. Одан бөлек, Әлем кубогы, Азия біріншілігі және басқа да дүбірлі додаларда толағай табыстарға қол жеткізді. Соның арқасында отандық самбошыларымыз жер-жаһандағы ең үздік командалардың санатына еркін қосылды. Оның алдында айтулы бапкер еліміздің жастар құрамасын 10 жыл бойы жаттықтырды. Бұл жарыстарда да Керағаның шәкірттері оза шапты. Сонымен қоса өзі де егде тартқанша бауыры ыстық боз кілемнен еш алыстаған жоқ. Түрлі жарыстарға қатысып, қанжығасы үнемі майланып жүрді. Ең ғажабы, Қойшыбек алпыстан асып, жетпіске жетер тұстың өзінде самбо мен дзюдо күресінен ардагерлер арасында бірнеше рет әлем чемпионы атанды.
Пандемия күллі әлемді шарлаған кезде талай жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан айрылып қалдық. Сол індеттің кесірінен былтырғы көктемде, 74 жасқа қараған шағында Керей Қойшыбек те жарық дүниемен қош айтысты. Бірақ оның артында өлмейтін ісі, асыл мұрасы және қалың шоғыр шәкірттері қалды. Міне, сол азаматтар биылғы Қазақстан чемпионатын өздерінің ұлағатты ұстаздарының рухына арнауды құп көрген екен. Бұл бастаманы Айдос Ақжанов жетекшілік ететін спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы бірауыздан қолдады. Керағаның туған інісі, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мерей Көшкін, жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Қайрат Күнсафин және тағы басқа көптеген шәкірті аталған жарыстың аса жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салды.
Сөйтіп, Семейдегі спорт кешеніне жиналған көрермендер үш күн бойы боз кілемдегі «жан алысып, жан беріскен» белдесулердің куәсі болды. Ерлер сайысында бірнеше тосын нәтижелер тіркелді. Атап айтсақ, кілең сайдың тасындай іріктелген жігіттер жиналған 64 кило салмақ дәрежесінде аса дарынды балуан Есентай Имаханов дара шықты. Бастапқы белдесулерінде небір сақа спортшыларды сан соқтырған 20 жастағы Семей өңірінің тумасы жартылай финалда әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, түркістандық Кемелбек Молдашты жығып, жергілікті жанкүйерді бір желпіндіріп тастады. Ақтық сында ол қарағандылық Рахат Жаңаниетпен күш сынасты. Арқа төсінен келген самбошының 2018 жылғы әлем чемпионы деген атағы бар. Бірақ әйгілі қарсыласынан еш қаймықпаған Есентай оны де еңсеріп, бас жүлдені қанжығасына байлады.
71 кило салмақтағы талдықорғандық Арнұр Қуатайдың да өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері жарысты бір деммен өткізді. Қарсы келгендерін алып та, шалып та жыққан Арнұр шешуші тұста әлем және Азия чемпионы, көптеген халықаралық жарыстың жеңімпазы, оралдық Нұрбол Серіковті сан соқтырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ал өзге салмақ дәрежелерінде мына балуандар бас жүлдені олжалады: 53 кило – Мерей Сәду (Атырау), 58 кило – Қайырберді Айдынбай (Атырау), 64 кило – Мәрлен Жаңғабыл (Қарағанды), 88 кило – Еламан Қойшыбаев (Ақтөбе), 98 кило – Әлібек Зекенов (Нұр-Сұлтан) және + 98 кило – Темірлан Көлбай (Батыс Қазақстан).
Жалпыкомандалық есепте Атырау облысынан келген самбошылардың асығы алшысынан түсті. Олар 2 алтын мен 1 қоланы олжалап, жарыс кестесінде көш бастады. Қарағанды (1 алтын +2 күміс + 1 қола) мен Батыс Қазақстан облыстарының (1+2 +1 қола) өкілдері екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Алматы (1+1+5) мен Ақтөбе облыстарының (1+1+2) өрендері төртінші және бесінші сатыларға тұрақтады.
Бұрымдылар арасындағы жарыста Алматы облысының қыздары алдарына жан салмады. Жеті жүлдеге қол жеткізген олар айды аспанға бір-ақ шығарды. Әсіресе, біз 72 кило салмақта белдескен Ділдәш Құрышбаеваның асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған ол – бүгінгі таңда ұлттық құрама сапындағы ең белді самбошылардың бірі әрі бірегейі. Олай деуге негіз, Құрышбаева 2013-2021 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында алты рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сол медальдардың үшеуі күміс және үшеуі қола. Оның сыртында Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы және басқа да толып жатқан атақтары бар. Бұл жолы да Ділдәш өзінің деңгейі мен дәрежесіне сай өнер көрсетті. Барлық белдесуін мерзімінен бұрын аяқтаған балуан финалда оралдық Риза Сүлейменованы санаулы секундтарда «ауырту» әдісімен ұтты. Аталған команданың қоржынына тағы бір алтынды Арайлым Әбенова (+80 кило) салса, Динара Жұмабаева (59 кило) күміс алды. Ал Гүлнаст Нұрдинова (54 кило), Айнұр Төребай (59 кило), Жанар Қашқын (65 кило) және Гүлжайна Бисенова (80 кило) қола медальді еншіледі.
Чемпионат аяқталған бетте Алматы облысының аға жаттықтырушысы Болат Қожахметовпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. «Отандық самбоның өркендеуіне барлық күш-қажырын жұмсаған майталман маман Керей Қойшыбекті еске алуға арналған ел чемпионатына біз тыңғылықты даярланып, командалық сайыста қалай да топ жаруды көздедік. Сол үшін де көп еңбектендік, іздендік. Ақыры жүйелі түрде жүргізілген жұмыс өз нәтижесін берді. Семей төрінде жасындай жарқылдаған Жетісу өңірінің өрендері 4 алтын, 2 күміс және 9 қола медальді олжалап, мамандардың сүйіспеншілігіне бөленді. Және де бұл жеңісімізді біз Керағаның рухына арнаймыз! Шыны керек, ол кісіден біз көп нәрсе үйрендік. Керей Қойшыбек өз ісіне шынайы берілген нағыз майталман маман еді. Қазір ондай азаматтар арамызда тым сирек», деп Болат бапкер көзіне жас алды.
Сонымен қатар алтыннан алқа таққандар арасында қарағандылық Маргарита Бажаева (50 кило) мен Ажар Салықова (65 кило), маңғыстаулық Гүлдана Әлмұханбетова (54 кило), шымкенттік Маржан Бизақ (59 кило) пен Азман Амаева (80 кило) сынды балуан қыздар бар. Жалпы есепте Жетісу өңірінен келген командадан бөлек, Қарағанды (2+0+2), Шымкент (2+0+0), Маңғыстау (1+0+0) және Батыс Қазақстан облыстарының (0+3+0) қыздары табысты өнер көрсетіп, алдыңғы лектен көрінді.
Жауынгерлік самбошылардың сайысында мына саңлақтар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 53 кило – Арман Тұрымбетов (Ақтөбе), 58 кило – Мирас Уәлиев (Алматы), 64 кило – Әділбек Сейсов (Батыс Қазақстан), 71 кило – Әсет Анарбаев (Шымкент), 79 кило – Асылбек Смайылов (Шығыс Қазақстан), 98 кило – Мәди Райхан (Шығыс Қазақстан) және +98 кило – Талғат Жиентаев (Қостанай).