Қоғам • 17 Наурыз, 2022

Биыл 500 мыңға жуық адамға әлеуметтік көмек берілді

401 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 94,8 мың отбасындағы 487,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 87,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 500 мыңға жуық адамға әлеуметтік көмек берілді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2022 жылғы 1 наурызда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 114 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында ТЖ режимінің қолданылуына байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың I тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушылар үшін Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.