Бұл біздің баянды болашағымыз үшін шешуші мәнге ие. Жаңа Қазақстанды құру жолында депутаттарға зиялы қауыммен, ақын-жазушыларымызбен, ғалымдармен ақылдасып, пікірлесіп отырудың маңызы зор. Сол мақсатпен Сенат жанынан жаңа диалог алаңын құрып отырмыз. Оның атын «Ұлттық мүдде» деп атауды жөн көрдік.
Қазір әртүрлі пікірталас алаңдары жетерлік екені белгілі. Біздің жобаның ерекшелігі – депутаттар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, ұлттық мүддемізге, ұлттық құндылықтарға, ұлттың болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылау және осы бағыттағы нақты іс-шараларды анықтау. Әрі қарай олардың жүзеге асырылуына ұйытқы болу. Осындай мақсатпен жаңа диалог алаңын ұйымдастырып отырмыз. Оның жұмысына өздеріңіз, басқа да азаматтар белсенді қатысады деп сенеміз.
Жалпы, еліміз үшін зиялы қауым өкілдерінің орны қашанда ерекше. Олар қай кезеңде де халықтың жанынан табыла білген, елдің мұңын билікке жеткізуші дәнекер болған. Зиялы қауымның ұлтымызды қаншама тар жол, тайғақ кешулерден сүріндірмей алып шыққаны да тарихтан белгілі. Бұл ретте, әсіресе өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының орны бөлек. Елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы істерде зиялы қауым әрдайым алдыңғы шептен табыла білді. Қазір еліміз үшін өте маңызды кезең. Тәуелсіздік тарихындағы ең қиын сынақты еңсеріп келеміз. Осындай уақытта зиялылардың пікірлері және қоғамдық позициясы өте маңызды.
Елдің дұрыс жолмен дамуына, әсіресе жастарға дұрыс бағдар беруде зиялы қауымның әлеуетін көбірек пайдаланған абзал деп есептейміз. Осындай жұмыстарға «Ұлттық мүдде» жобасы да өз үлесін қосады деп үміттенеміз.
Сенат тарапынан диалог алаңының үйлестіру жұмыстарын Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев, зиялы қауым тарапынан Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі жүргізеді. Екі азаматты да таныстырудың керегі жоқ. Баршаңыз оларды жақсы білесіздер. Еліміздің дамуына, руханиятымызға зор еңбек сіңіріп жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері. Осы жобаны ұсынып, оны ұйымдастырып жатқандарыңыз үшін Бейбіт Өксікбайұлы, Дархан Қуандықұлы, сіздерге алғыс айтамыз. Алдағы уақытта бұл бағытта нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін.
Бүгін «Ұлттық мүдде» алаңының алғашқы отырысына жиналып отырмыз. Отырысымыз Президентіміздің кешегі Жолдауына арналады. Жолдаумен бәріңіз танысып шықтыңыздар. Оны қайталаудың керегі жоқ деп ойлаймын. Жолдауда Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құрудың нақты саяси бағдарын айқындап берді. Президентіміз еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге арналған көптеген маңызды бастамаларды көтерді. Сол себепті оларды іске асыру – халық болып жұмылатын ортақ міндет.
Осы Жолдаумен Президентіміз елімізде үлкен саяси өзгерістерге жол ашты және оған тың серпін берді. Ал саяси трансформация, ең бірінші кезекте, елімізде әділеттілік қағидатының сақталуына кепіл болады. Әділеттілік болмаған жерде азаматтардың еліне және оның болашағына деген сенімі жоғалады. Бұл – мемлекеттілігіміз үшін үлкен қауіп.
Қаңтар оқиғасының негізгі сабақтарының бірі осы екені анық. Сол себепті заңның толық орындалуына және жалпыға бірдей қолданылуына қол жеткізу аса маңызды. Заң үстемдігі дегеніміз сол. Бұл, өз кезегінде, тамыр-таныстықты және монополияны жоюға тікелей ықпал етеді. Осы ретте Президентіміз өзі үлгі көрсетіп, бірқатар батыл бастаманы жариялады.
Ең бірінші кезекте, билік монополиясы жойылмақ. Бұған қатысты Мемлекет басшысы еліміздің суперпрезиденттік басқару жүйесінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшетінін айтты. Енді Парламент, сөзсіз, күшейеді.
Сонымен қатар Сенаттың жоғарғы Палата ретінде жұмыс істеуі дұрыс әрі орынды екені айтылды. Екі Палатаның жұмысы мен құрылымына қатысты нақты реформалар жүзеге асырылады. Оның бәрі қоғамның пікірі мен ұсыныстарына негізделгенін атап өткен жөн. Партиялық жүйеге қатысты да заңнамалық өзгерістер қабылданады.
Осы орайда Президентіміз партияларды пәрменді және ықпалды институт ретінде қалыптастыруды көздеп отыр. Саяси партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің өкілеттілігін атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше болмауы керектігі айтылды. Мұның барлығы, түптеп келгенде, шынайы саяси бәсекеге жол ашады. Ал кез келген саладағы бәсеке дамудың басты шарты және оның мультипликативті әсері зор болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ Жолдауда азаматтардың ел ісіне араласуын күшейтетін бастамалар айтылды. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Конституцияның осы нормасын саяси практикада жүзеге асыратын уақыт келді. Кез келген демократиялық қоғамда халықтың талап-тілегі – биліктің негізгі басымдығы және мақсаты. Әрбір азамат билік өкілдеріне өтініштерін жеткізе алатынына, оларға құлақ асатынына сенімді болуға тиіс. Президентіміз Жолдауда осындай іргелі қағидалардың нығаюын қамтамасыз ететін шешуші бастамаларды қолға алып отыр. Басқа да көптеген ұсыныс кеше жарияланды.
Бұл ретте Парламентті үлкен әрі жауапты жұмыстар күтіп тұр. Жолдаудың аясында Ата заңымыздың 30-дан астам бабына өзгеріс енгіземіз. 20-дан астам заң қабылданады. Бірақ Жолдауды іске асыру тек билік тармақтарының міндеті ғана емес. Бұл – ортақ мүдде, көп болып жұмылатын іс.
Елдік істе зиялы қауымның да алатын орны ерекше. Жолдаудың түп негізі – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті тұғырлы ету. Қаңтар оқиғасы мемлекеттілік өздігінен қалыптаспайтынын, ол үшін әрдайым күресу қажет екенін айқын көрсетті. Аз ғана күннің ішінде елдігімізден айырылып қала жаздадық.
Қай заманда да, қазақтың зиялысы елдік пен егемендікті қорғауды өзінің қасиетті парызы санаған. Қазіргі кезеңде осы міндет еселеніп отыр десек, артық айтқандық емес. Зиялы қауымның мемлекеттілікті бекемдеуге үндейтін қайраткерлік күші осы тұста аса қажет.
Сонымен қатар үлкен саяси өзгерістер санадағы өзгерістерді талап етеді. Жолдау саяси либерализация үрдісін тездетеді. Саяси бәсеке, полемика, пікір алуандығы алдағы уақытта арта түсетіні анық. Бұл даурықпа дауды емес конструктивті диалогты күшейтуге тиіс. Либерализация үрдісі қарқын алған сайын қоғамда мәмілеге келу мәдениеті мен жауапкершілікті арттыру қажет. Осындай саяси мәдениетті нығайтуда да зиялы қауымның рөлі аса маңызды деп есептейміз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат Төрағасы